Жұмыс нәтижесінде қыш ыдыстардың бөліктері, остеологиялық материал және еңбек құралдары табылды.
ҚазҰУ Кембридж ғалымдарымен археологиялық экспедиция құрды
1,333
оқылды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Тарбағатай» археологиялық экспедициясы Абай облысында далалық зерттеулер жүргізіп жатыр.

Экспедиция құрамы ҚазҰУ докторанттары, магистранттары және студенттерінен, сонымен бірге Кембридж университетінің жас ғалымдарынан жасақталды.

Бұл жоба ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің «Тарбағатайдың оңтүстік беткейлеріндегі ерте темір дәуірінің археологиялық кешендері: пәнаралық зерттеу» тақырыбында жас ғалымдардың ғылыми гранты аясында Үшбұлақ кешенінде іске асырылып жатыр.

Үшбұлақ археологиялық кешені Абай облысы Үржар ауданы Таскескен ауылы маңында орналасқан. Бұл кешенде ежелгі қоныстар, жерлеу құрылыстары және жартас суреттері топтасқан.

Қазба жұмыстары Үшбұлақ-1 қонысының бір тұрғын-жайында жүргізілді. Жұмыс нәтижесінде қыш ыдыстардың бөліктері, остеологиялық материал және еңбек құралдары табылды. Сонымен бірге қоныстан алыс емес жерде ерте темір дәуіріне жататын ежелгі суреттері бар бірнеше тас тақталар фотоға түсірілді. 

Экспедиция қызметкерлері тарапынан Таскескен ауылының оқушыларына далалық экскурсиялар ұйымдастырылып, археология ғылымы бойынша шағын дәрістер оқылды. 

Ғылыми жоба және экспедиция жетекшісі – археология, этнология және музеология кафедрасының меңгерушісі, PhD Ринат Жұматаев.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.