12 жастағы Зере 3 сағат бойы FlyArystan тіркеуінің жанында жылап тұрған.
FlyArystan 12 жастағы  егіздің сыңарын бортқа мінгізбей, әуежайда тастап кеткен
1,624
оқылды
FlyArystan ұшағының қызметкерлері 12 жастағы қыз баланы бортқа кіргізбей, елорда әуежайында тастап кеткен. Бұл туралы жасөспірімнің анасы Жазира Мусина мәлімдеді.
 
Оның айтуынша, 2024 жылдың 20 шілдесінде егіз қыздары АҚШ-тан үйіне оралуы керек болған. Алайда Астанадан Оралға ұшатын FlyАrystan белгісіз себеппен екінші қызын бортқа мінгізбей, қалдырып кеткен.

– Ұшақ қызметкерлері Зәурені тіркеп, Зерені тіркемей қойған. Олар техникалық ақауларды жөндеген соң баланы бортқа өздері отырғызатынын айтып, топтың жетекшісін сендірген. Балаларымның бүкіл құжаты дұрыс. Сонда FlyArystan қызметкерлері ұшақта орын жоқ болғаны үшін баламды кіргізбей қойған ба? Ұшақ Оралға ұшып кеткен, ал менің қызым Зере Астана әуежайында қараусыз қалып қалған, – дейді ол.

12 жастағы Зере 3 сағат бойы FlyArystan тіркеуінің жанында жылап тұрған. Бала келесі күні басқа рейспен үлкен кісінің қарауынсыз ұшып келген.

Жолаушы тасымалдаушы компания болған оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады.

– FlyArystan әуекомпаниясы Мусина ханымнан және оның қызы Зереден ресми түрде кешірім сұрайды. 21 шілдеде жасөспірім жолаушы Зере Галиева KC 7367 рейсімен Астанадан Орал қаласына ұшып шыға алмады. Сол күні Зере Галиева әпкесі Зәуре Галиевамен және оларды жетелеуші жолаушымен бірге ұшудан 50 минут бұрын тіркеу бағанасына келді. Жолаушылар онлайн тіркеуден өтпегендіктен отырғызу талонын тіркеу бағанасында алуды жоспарлаған.  Алайда бұған дейін әуе кемесі жолаушылар сыйымдылығы аз ұшаққа ауыстырылғандықтан, әуекомпания Зере Галиеваға ұшақ бортынан орын берілмеді. Әуекомпания агенттері борттағы жолаушыларға Зереге орын беру туралы өтініш білдіріп, өтемақы ұсынды. Өкінішке орай, жолаушылар арасында ерікті табылған жоқ, – делінген хабарламада.

Әуекомпания өкілдері жағдайды жетелеуші тұлғаға және баланың анасына түсіндіріп, Зере Галиева мен оның анасының құрбысына қонақүйден тұрақтауға орын, сондай-ақ, 22 шілде күні жоспарланған Орал қаласына келесі рейске отырғызу талонын және 50 мың теңгеге ваучер ұсынған.

Жетелеуші жолаушы – анасының құрбысы еді. Ол қонақүйден бас тартып, заңды өкілінің рұқсатымен баланы өзімен бірге алып кетті. Келесі күні Зере Галиева жетелеушісіз жолаушы бала ретінде бортсеріктердің бақылауымен Оралға ұшты. Әуекомпания бұл жағдайдағы өз кінәсін толықтай мойындайды. Біз болған оқиғаға шынайы өкініш білдіреміз және  біздің қызмет көрсету стандарттарымызға мүлдем сай келмейтініне сендіргіміз келеді. Кешірім сұрай отырып, Мусина ханым мен отбасына келтірілген моральдық зиян үшін өтемақы ұсынуға дайынбыз, – делінген хабарламада. 

FlyArystan қызметтік тексеруді бастады. Болашақта мұндай жағдайларға жол бермеу үшін қолданыстағы қызметтік процедураларды қайта қарауға міндеттенбек.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.