Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара ынтымақтастық, бауырластық, одақтастық, сауда-саттық, мәдени-рухани бай­ла­ныс­тар қарқынды жүріп жатыр.
Бауырластардың бақыты – ынтымақта
1,054
оқылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Астанаға екі күндік мемлекеттік сапармен келген Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев арасында өткен келіссөздер, Жоғары мемлекетаралық кеңес қос мемлекеттің одақтастық қатынастарын тереңдете түсетіні сөзсіз. 

Өзбекстан басшысының мем­ле­кеттік сапары алдымен пре­зи­денттердің шағын құрамдағы ке­ліс­сөзінен басталды.

Келіссөз алдында Ақордада елі­­­­­мізге мемлекеттік сапармен кел­­­ген Өзбекстан Президентін сал­­­танатты қарсы алу рәсімі өтті. Мем­­лекет басшысы Өзбекстан Пре­­­зидентіне ілтипат білдіре оты­рып, бұл сапар екі ел арасындағы ын­тымақтастық пен одақтастық­ты дамытуға тың серпін беретінін айтты.

Өз кезегінде Өзбекстан Пре­зи­­денті көрсеткен сый-құрметі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ал­ғыс айтып, Қазақстанға жасаған мем­лекеттік сапарының маңызы­на тоқталды.

Келіссөз барысында тараптар сая­си, сауда-экономикалық, кө­лік-транзит, инвестиция, энерге­ти­ка, ауыл шаруашылығы, су ре­сурстары, мәдени-гуманитар­лық және өнеркәсіп кооперациясы са­­лаларындағы ықпалдастықты одан әрі нығайту перспек­тива­ла­рын талқылады. Сондай-ақ өңір­лік және халықаралық күн тәрті­бін­дегі мәселелерді қарастырды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қа­зақ­стан мен Өзбекстанның Жо­ғары мемлекетаралық кеңесінің бірін­ші отырысына қатысты. Кеңес отырысында екі елдің сау­да-экономика, көлік-транзит, су шаруашылығы және энергетика, мәдени-гуманитарлық салаларда­ғы ынтымақтастығын кеңейтудің ба­сым бағыттары талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-өзбек қаты­на­сы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында тұрақты дамып келе жатқанын атап өтіп, еліміз Өзбекстанмен ынтымақ­тас­тықты нығайта түсуге айрықша көңіл бөлетінін жеткізді.

– Былтыр Одақтастық қаты­нас­тар туралы тарихи шартқа қол қой­дық. Бүгін алдағы он жылға ар­налған Стратегиялық әріптес­тік­ті және одақтастықты дамыту бағ­дарламасын бекітеміз. Осы маңыз­ды қадамдар екі елдің бай­ла­нысын ілгерілетуге айрықша сер­пін беретініне сенімдімін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пі­кі­рінше, қысқа уақыт ішінде өза­ра тауар айналымын бес мил­лиард долларға дейін жеткізіп, таяу жыл­дары бұл көрсеткішті екі есе­леу­ге елдеріміздің әлеуеті жетеді.

– Ауыл шаруашылығы, ма­ши­на жасау, энергетика, ком­му­ни­ка­ция, цифрландыру секілді перс­пек­­тивті са­лалардағы ын­ты­­­мақтастық әле­уе­тін толық пайдалану маңыз­ды. Бұл ретте қазақ-өзбек шекара­сын­дағы «Орталық Азия» Халық­аралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын тезірек іске қосу қажет. Мем­лекетаралық кеңес пен Өңі­р-а­ралық ынтымақтастық фору­мы­ның қызметінен де елеулі нә­тиже күтеміз. Өңірлік коопе­ра­цияға зор үміт артамыз. Қазіргі кезде жалпы со­масы 3 миллиард доллардан аса­тын 70-ке жуық бірлескен жо­ба­мыз бар. Оның аясында 14 мың жұ­­мыс орны ашылады. Біз бұл ба­­ғыттағы байланыстарды одан әрі ны­ғайтып, бизнес үшін қолай­лы жағ­дай жасауға әзірміз, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-транзит артық­шы­лық­тарын барынша тиімді пай­да­лану маңызды екенін айтты. Бұл рет­те Мемлекет басшысы тариф­тер­ді оңтайландыру, әкімшілік рә­­­­сімдерді жеңілдету және жүк жет­кізу мерзімін қысқарту жөнінде бір­лескен шаралар қабылдау қажет еке­ніне назар аударды.

Бұдан бөлек, Мемлекетаралық кеңес отырысы барысында транс­ше­­­­каралық өзендердің су ресурс­та­рын кешенді әрі рационалды пай­далану, мәдени-гуманитарлық ын­тымақтастықты нығайту мәсе­ле­лері қозғалды.

Өзбекстан Пре­зи­ден­ті Қазақ­стан­ға жасаған бұл жол­ғы мем­ле­кет­тік сапарының нә­­­­ти­жесінде ст­ра­­тегиялық серік­тес­тік пен одақ­­­­тас­тық мүлдем жа­ңа дең­гей­ге кө­те­рілетініне сенім біл­дірді.

Өзбек елі басшысының ай­туын­ша, сапар алдында Мемле­ке­т­ара­лық комиссияның отырысы, Биз­нес форум және бірқатар мә­де­ни іс-шаралар өтті. 2034 жылға дейін­гі Стратегиялық әріптестік пен одақтастық бағдарламасы әзір­­ленді. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік құрылымдар, соның ішінде БҰҰ, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Ор­талық Азия мем­лекет­тері бас­шы­ларының консульта­тивтік кез­де­­­сулері және «Орталық Азия плюс» форматы аясында бір-біріне қолдау білдіруге уағда­ласты.

Мемлекетаралық кеңес оты­ры­сынан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Өз­бекстан Президентіне Қазақ­стан Республикасының ең жоғарғы мем­лекеттік наградасы «Алтын Қы­ран» орденін табыс етті.

Мемлекет басшысы Қазақ­стан­да Шавкат Мирзиёевті Өзбек елі­нің нағыз көшбасшысы, халы­қ­аралық дең­гейдегі саясаткер, екі халық ара­­сындағы достық пен ынты­мақ­тастықты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет қай­рат­кері ретінде танитынын және құр­меттейтінін айтты.

– Егемен ел ретінде даму жыл­да­­­рында екі мемлекет арасында жан-жақты серіктестік пен стра­те­гиялық одақтастық жолға қойыл­ды. Берік шарттық-құқықтық база қа­лыптасты. Шекараны толықтай ше­гендеп алдық. Өзара сенімді сая­си диалогтың арқасында біз сау­да-экономикалық және мә­де­ни-гуманитарлық байланыстарды қарқынды түрде ілгерілетіп ке­ле­міз. Негізгі халықаралық құры­лым­дар аясында тығыз ықпал­дас­тық орнаттық. Бір сөзбен айт­­­­қанда, қазіргі қазақ-өзбек қатынастары үл­гі етуге тұрарлық әрі нағыз бауыр­ластық деңгейде, – деді Президент.

Шавкат Мирзиёев өзін Қазақ­стан­ның ең жоғарғы мемлекеттік наг­радасымен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен бауыр­лас қазақ халқына ризашылығын білдірді.

Одан соң Ақордада бейне­бай­ла­ныс режимінде Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің қа­ты­суымен Мұхтар Әуезов атындағы Оң­түстік Қазақстан зерттеу уни­верситетінің Шыршық қала­сын­дағы филиалының, сондай-ақ «Таш­кент ирригация және ауыл ша­руашылығын механикаландыру ин­женерлері институты» Ұлттық зерт­теу университетінің Алматы қала­сындағы филиалының ресми ашылу салтанаты өтті.

Бұдан соң президенттер Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытын­да­ғы контейнерлік пойыздың Сиа­ньнан Ташкентке келуіне орай ұйым­­­дастырылған салтанатты ша­раға қатысты.

Кон­тей­нерлі пойыз 4 486 ша­қы­рым жол­ды 5 тәуліктің ішінде жү­ріп өтті. Бұл – рекордтық көр­сет­кіш. Жүк пойызы Сиань қала­сын­дағы порт­тан Қазақстан аума­ғы арқылы Ташкентке жөнелтілді.

Еліміздің Қытайдағы терми­нал­­дарының мүмкіндіктерін пай­да­лану және Қазақстан мен Өзбек­стан­ның теміржол әкім­ші­лік­терінің шекара маңындағы инфрақұры­лым­ды нығайту бойынша нәтижелі ын­тымақтастығы тасымалдау мер­­зімін қысқартуға ықпал етті. Был­­тыр екі ел арасындағы жүк та­сы­малының көлемі 31 миллион тон­­надан асып, 2022 жылмен са­лыс­­тырғанда 17,2 пайызға ұлғайды.

Шағын құрамдағы келіссөз бен Мем­лекетаралық кеңес отыры­сы­нан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

– Бүгін біз өзара қолдау және се­нім рухында нәтижелі келіссөз­дер жүргіздік. Қарым-қатынасы­мыз­ды жандандыруға мүдделі еке­­­німізді тағы да атап өттік. Сон­дай-ақ Стратегиялық әріптестікті жә­не одақтастықты дамыту бағ­дар­ламасын қабылдадық. Бұл құ­жат алдағы он жылға арналған. Бас­­ты мақсат – достығымызды арт­­тырып, сан түрлі саладағы тиім­ді байланысты дамытуға тың сер­пін беру. Сапар аясында Жоғары мемлекетаралық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Онда қабылданған ше­шімдердің стратегиялық маңы­зы өте зор. Кеңес барысында қа­зақ-өзбек ынтымақтастығының өзек­ті мәселелері жөнінде пікір ал­мастық. Өзара серіктестікті ны­ғайта түсудің тиімді жолдарын ай­қындадық. Нақты келісімдерге қол жеткіздік, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Өзбекстанның Орталық Азия­дағы сауда-саттық бойынша ең ірі серіктестер екеніне назар аударып, өзара тауар айналымын таяу арада 5 миллиард, кейін 10 миллиард дол­ларға дейін жеткізуді мақсат етіп қойғанын айтты.

– Ол үшін алыс-берістегі тауар тү­рін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ экономикалық ықпалдастықты тежейтін кедергілерді жою қажет. Жал­пы, сауда-саттықтың ауқымын кеңей­туге екі елдің де мүмкіндігі мол. Қазірдің өзінде Өзбекстанға шығаратын экспортты 550 мил­лион долларға арттыра аламыз, яғни өңделген тауардың тағы 40 түрі бойынша экспорт жасауға мүмкіндік бар. Өзбек елі де Қа­зақ­станға көптеген өнімдерін жіберіп отыр. Бұдан бөлек, ауыл шаруа­шы­лығы саласындағы ынтымақтастық мәселесін талқыладық. Былтыр осы саладағы тауар айналымы 1,7 миллиард долларға жетті. Бұл – жалпы сауда-саттықтың шамамен үш­тен бір бөлігі деген сөз. Еліміз әлеуметтік маңызы жоғары агро-ө­нер­кәсіп өнімдерін Өзбекстаннан им­порттауға мүдделі. Сонымен қатар Өзбек еліне ұн, бидай және өзге де азық-түлік өнімдерін экс­порт­тауды жалғастыра береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент өнеркәсіп саласын­да­ғы жаңа әрі ауқымды жобаларды қолға алу мәселесіне айрықша мән берілгеніне тоқталды.

– Қазір жалпы құны 3 мил­лиард доллардан асатын 70-ке жуық жоба бар. Машина жасау, ме­тал­лургия, автокөлік құрастыру, тұр­мыстық техника өндіру, тоқыма өнеркәсібі, фармацевтика және бас­қа да бағыттағы жобалар табыс­ты іске асырылып жатыр. Мұның бәрі екі елге 14 мыңнан астам жаңа жұ­мыс орнын ашуға мүмкіндік бе­ре­ді. Қарым-қаты­нас­ты нығайтуға аймақтар арасын­да жасалған келісімдер де едәуір ықпал етеді. Осы ретте, жылдың соңы­на дейін кезекті Аймақаралық ын­тымақтас­тық форумын өткізу жоспарланып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының ай­туын­­ша, екіжақты келіссөз бары­сын­­да талқыланған тағы бір маңыз­­ды тақырыптың бірі – кө­лік-логистика саласындағы ын­ты­мақтастық.

– Транскаспий бағытын және Солтүстік–Оңтүстік дәлізін тиімді пайдалану жайын талқыладық. Сондай-ақ Ауғанстан арқылы өтетін теміржол құрылысы аясын­да бірлескен жобаларды іске асыру туралы пікір алмастық. Шекарада жаңа өткізу бекеттерін ашу мәсе­ле­сін пысықтадық. Жалпы, осы ба­ғыт­тағы ықпалдастық өзара сау­да-саттыққа тың серпін береді деп ойлаймыз, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев су-энергетика саласындағы жұмысты үйлестіру мәселесіне қатысты пікір білдірді.

– Қазір екі елдің жауапты ве­до­м­стволары арасында тығыз қа­рым-қатынас орнаған. Мемлеке­та­ра­лық су шаруашылығы құ­ры­­­лымдары арнайы кестеге сәйкес жұмыс істеп тұр. Біз бұл бағыттағы бірлескен жұмысты жалғастыра береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент мә­дени-гуманитарлық, ғылым-білім са­лаларындағы ынтымақтастық тақырыбына арнайы тоқталды.

– Жастарды жақындата түсетін маңызды бастамаларды талқы­ла­дық. Жыл сайын екі ел жастарының конгресін өткізу дәстүрге айнал­ған. Қазір Қазақстанда Өзбекстан­нан келген алты мыңға жуық сту­дент оқып жатыр. Қазақ жастары да Өзбекстанның жоғары оқу орын­дарында білім алып жүр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шавкат Мирзиёев бір­лескен жүйелі және прак­ти­ка­лық шара­лар­дың нәтижесінде Қа­зақстан мен Өзбекстан өзара ын­тымақ­тас­тығын одақтастық дең­гейіне шы­ғарғанын атап өтті. 

– Өзара ықпалдастығымыздың маңызды бағыттарының бірі са­на­латын өңіраралық бай­ла­ныс­тарды жан­дандыру жөнінде келістік. Қа­зіргі Аймақаралық ынты­мақ­тас­тық форумын елдеріміздің барлық об­лысын тарта отырып, Өңір бас­шы­ларының кеңесі ретінде қайта құрылымдау туралы бастама кө­теріл­ді. Таяу келешекте өзара тауар ай­налымын ұлғайтуды көздейтін Кешенді бағдарлама қабылданады. Екі елдің әлеуеті зор, – деді Шав­кат Мирзиёев.

Келіссөздер қорытындысы бойын­­ша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бірлескен мә­лімдеме жасап, бірқатар құ­жат­тарға қол қойды. Жалпы, Өз­бекстан Президентінің елімізге мем­лекеттік сапары аясында түрлі ба­ғыттағы 12 құжатқа қол қойыл­ды. 

Одан соң мемлекет басшылары Ас­­танада бой көтерген Әлішер Науаи ескерткішінің ашылу салта­на­­тына қатысты. Мемлекет бас­шы­сы елорда төрінде ұлы ақын, көрнекті ойшыл Әлішер Науаидың ең­селі ескерткішінің бой көтеруі, ең алдымен, қазақ жұртының өз­бек халқына деген ерекше ықы­ла­сының белгісі екенін айтты.

– Біз – ежелден еншісі бөлін­бе­ген ағайын елміз. Жұртымызды бірік­тіретін ортақ құндылықтар көп. Тарихымыз бен тіліміз – та­мыр­­лас, дініміз – ортақ. Екі ел ара­­сындағы бауырластық бай­ла­ныс­тың өзіндік дәстүрі қалыптас­қан. Бұл ретте Әлішер Науаидың ала­тын орны ерекше. Мұхтар Әуе­зов «Әлішер Науаи жалғыз өзбек әдебиетінің көлемінде қалған жоқ. Бертін келе Азиядағы, Шығыстағы көп елдің әдебиетіне әсер етті» де­ген. Біз ұлы ақынның мұрасын күл­лі түркі жұртының рухани қа­зы­насы деп санаймыз, – деді Қа­зақ­стан Президенті.

Мемлекет басшысы түркі әде­биетінің көкжиегін кеңейтіп, оны әлем­дік деңгейге көтерген Әлішер Науаидың туындылары мен еңбек­те­рін қазақ халқының көрнекті қайраткерлері жоғары бағалағанын жеткізді.

– Біз Шоқан Уәлихановтың Әлі­шер Науаи шығармашылығын алғаш зерттеушілердің бірі бол­ға­нын мақтан тұтамыз. Ал ұлы Абай оны өзіне ұстаз санаған. Әлішер Науаидың өзіне тән қолтаңбасы, ойы­­­­ның тереңдігі және көркемдік шеберлігі күллі әлем ақындары мен жазушыларына шабыт сый­ла­ды. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келе­ді. Науаи соңында әдеби ғана емес, бай философиялық мұра қалдыр­ды. Оның гуманистік идеялары әлем­нің ақыл-ой қазынасында ерек­­ше орын алады. Ойшылдың дү­­ниетанымы мен терең көз­қара­сын айшықтайтын трактаттары осы уақытқа дейін өзектілігін жой­ған жоқ, – деді Мемлекет бас­шы­сы.

Мемлекет басшысы сөзін қо­ры­тындылай келе, бұл ескерткіш түбі бір түркі жұртының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан бауыр­ластығын сипаттайтынын, осы сабақтастықты сақтап, нығай­та түсу баршамызға ортақ міндет екенін атап өтті.

Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақ­стан хал­қына алғыс айтып, ұлы ой­шыл­дың шығармашылығы ор­тақ қазына деп бағалады.

– Өзбек пен қазақ – туысқан ха­лық. Екі елдің тарихы, мәдение­ті, салты мен дәстүрі бір. Біз мұны қастер тұтамыз. Қазақтың көрнекті ақыны, марқұм Несіпбек Айтұлы 2020 жылы Әлішер Науаидың ең басты еңбегі «Хамсаны» қазақ тілі­не аударып, жарыққа шығарғанын ерекше ықыласпен айтқым келеді. Ал бұл шығарманың алғы сөзін Қазақстан Президентінің өзі жаз­ға­ны бізге зор қуаныш сыйлайды, – деді Өзбек елінің басшысы.

Салтанатты шараға Қазақстан мен Өзбекстанның ресми делега­ция мүшелері, сондай-ақ екі елдің зиялы қауым өкілдері қатысты.