Сапар барысында олар Шарбақты ауданы Шегірен ауылында халықпен кездесу өткізді. Соңғы жылдары мұнда халыққа арналған жайылым алаңы едәуір ұлғайып, 79 мыңнан 109 мың гектарға дейін жеткен. «Жер аманаты» бағдарламасы аясында биыл тағы 4 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып отыр. Мамандар халықты мазалап жүрген сұрақтарға жауап бере отырып, жерді қайтарудың негізгі тетіктері туралы айтып берді.
«Біздің міндетіміз – игерілмеген және мақсатсыз пайдаланылған жер учаскелерін қайтару, сонымен қатар жер заңнамасының талаптарын бұза отырып, берілген жерлердің игерілмеу фактілерімен күресу. Павлодар облысы бойынша мұндай фактілерді салыстырмалы түрде көп деп айта алмаймын. Біз халықпен кездесіп, мәселенің бар екенін алдымен солардан біліп, әр факті бойынша қандай тексерулер жүргізуге болатынын зерттейміз. Президент біздің комиссияға ауылдық елді мекендерді жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету міндетін қойды», – деп атап өтті Бақытжан Базарбек.
Сондай-ақ делегация Павлодар ауданының Новочерноярка ауылында болып, «Дзюба» және «Арман» шаруа қожалықтарының өкілдерімен кездесті. Депутаттар шаруа қожалықтарының жұмысын жоғары бағалап, олардың қайтарылған жерлерді тиімді пайдаланып жатқанын ерекше атап өтті.
2023 жылы құрылған «Дзюба» шаруа қожалығының тәжірибесі мақтауға лайық. 30 жыл бойы өңделмеген 16,7 гектар учаскеде шаруашылық картоп пен сәбіз өсіріп отыр. Жұмыстың алғашқы жылында гектарынан 40-55 центнер өнім алынған болса, биыл бұл көрсеткішті 70 центнерге дейін арттыру жоспарланып отыр.
Осыған дейін пайдасыз болып жатқан жер телімдері пайдаға асып жатса мемлекет үшін де, халық үшін де ерекше игілік екені шын. Сондықтан «Жер аманаты» комиссиясы шаруаның ілкімді болуын ерекше назарда ұстап отыр.
Берік БЕК