Желі қолданушылардың бірі бұл жаңашылдыққа «тарих тірілгендей» деп қуанып жатса, енді бірі түпнұсқаға тиіспеу керегін, бұл оның құндылығын жоятынын айтып, наразы болды.
Акутагава әдеби премиясының 17-лауреаты атанған жапон жазушысы Риэ Кудан жүлделі романын жазған кезінде ChatGPT көмегіне жүгініпті. «Бұл кітабымды «елес автормен» бірге жаздық» деген қаламгер туындының бес пайызы жасанды интеллект құрастырған сөйлемдерге (яғни, сөзбе-сөз көшірмесіне) тиесілі екенін мойындаған. Сондай-ақ автор ЖИ-мен жиі сұхбат құрып, өзгеге айта алмайтын сырымен бөліскенін, ал ChatGPT жауаптары шығарма диалогтеріне арқау болғанын айтқан.
33 жастағы жазушының «Токиодағы өкініш мұнарасы» атты романы қазылардың жоғары бағасын алды, олар тіпті «мін табу қиын» деген болатын. Алайда әдебиетсүйер қауымның пікірі бұл орайда екіге жарылды: жасанды интеллектің мүмкіндігін ұтымды пайдаланған автордың қырағылығына таңданғандар да, «әдебиетті мазақ етті, қылқалам ұшынан тумаған шығарма атақты премияға лайық емес» деп сынағандар да табылды. Ал Акутагава жүлдесін табыстайтын ұйым бұл жағдайға пікір білдірген жоқ.
Ғылыми фантастика жанрында жазатын қаламгер Тим Бушэ жасанды интеллектің көмегімен тоғыз айда 97 кітап шығарған. Әр туынды 2000-5000 сөзден және 40-140 суреттен тұрады. Автор ой талқы мен мәтін өңдеу үшін ChatGPT-дің, ал иллюстрация жасау үшін Midjourney қызметінің көмегіне жүгінген. Жазушының айтуынша, бір кітапты баспаға дайындауға 6-8, кейде тіпті 3 сағат жеткілікті болған.
Insider басылымына берген сұхбатында Бушэ кем дегенде әлі мың кітап дайындайтынын айтқан.
«Кітаптағы оқиғалар бір әлемде өрбиді, әр бөлімінде келесі кітапқа сілтейтін қызықты баяндаулар бар. Бұл оқырманды шығарманың жалғасын оқуға ынталандырады. Болашақта жасанды интеллектің мүмкіндігі дамитыны соншалық, менің бөлшек-бөлшек етіп жазып жатқан шығармаларымды үлкен бір туынды етіп жинап беретін тетіктері пайда болады, мен бұған кәміл сенемін», – дейді автор.
Фантаст-жазушы бұл шығармаларын Gumroad интернет-дүкені арқылы сатады, әрқайсысы 2-4 АҚШ доллары тұрады. 9 айда 574 данасы сатылып, $2000 табыс әкелген.
«Жасанды интеллект менің шығармашылығымды шыңдай түсті, тамаша катализатор болды. Сапаны сақтай отырып, жұмыс өнімін арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ фантастика жазуға қиялдың қырағылығы қажет, ChatGPT-мен сырласу қиялымды ұштады, әртүрлі қиял әлеміне енуге мүмкіндік берді», – дейді автор.
Жасанды интеллекті жарылқап жатқандардың қарасы көп, әйтсе де, оның көмекші тетіктерін сынап жатқан өнер иелері де аз емес, тіпті кейбірі нағыз өнерге қолғабыс ете алмайтынын алға тартады. Жақында британ жазушысы Салман Рушди «жасанды интеллектің менің стилімде жазған мәтінін қоқысқа тастай салуға болады» деп сынға алды. Америкалық қаламгер Джон Гришэм мен «Тақтар таласы» туындысының авторы Джордж Р.Мартин де бұл пікірді қуаттады. Олар 2023 жылы OpenAI компаниясының ChatGPT құрастырушысына «авторлық құқықты бұзды» деген айыппен топтық шағым түсірген жазушылардың қатарында болды.
Сондай-ақ былтыр неміс фотографы Борис Элдагсен Sony World Photography Awards байқауының бас жүлдесінен бас тартқан болатын. Өйткені оның конкурсқа ұсынған Pseudomnesia: The Electrician суретін жасанды интеллект салып берген екен. DALL-E 2 құралының көмегімен жасалған жұмысын фотограф бұл байқауға әдейі ұсынған көрінеді. Сол арқылы дүниежүзілік конкурстардың нағыз өнерді жасанды машинаның шартты сызбасынан ажыратуға қаншалықты қауқары жететінін байқап көргісі келген.
«ЖИ жасаған суреттер мен шынайы фотография мұндай премиялар аясында бір-бірімен бәсекеге әсте түсе алмауға тиіс. Өйткені бұлар – табиғаты мүлдем бөлек дүниелер. ЖИ – фотосурет өнерін жасай алмақ емес. Егер осы салада ізденетін жастар бар болса, ЖИ туындылары үшін бөлек байқау, не бөлек аталым болуы керек. SWPA жүлдесін қабыл алмаймын, себебі бұл мәселеге қоғам назарын аударғым келеді. Сонда бәлкім шешіміне асығармыз», – деп атап өткен болатын Борис Элдагсен.
Bloomberg мәліметінше, генеративті ЖИ индустриясының құны жақын онжылдықта 1,3 трлн долларға жетпек. Яғни, ChatGPT-дің дамуы қарқын алмаса, кенжелеп қалмайды. Сарапшылар бұдан кейінгі жылдары жасанды интеллект компаниялар мен өндірістің жұмыс барысына, әсіресе шығармашылық процестерге тереңірек енетінін айтады. Сондықтан кем дегенде өнер иелерінің – жазушылар, суретшілер, музыканттардың жанайқайына құлақ асатын, әсіресе шынайы һәм түпнұсқалы өнерді қорғау және авторлық құқық мәселелерін реттейтін заңнамалық тетіктер керек.
Асыл ТҰМАР