Жылдың ең маңызды оқиғасы саналатын 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қолдауға және жобаны халық арасында насихаттау мақсатында құрылған бір топ елші айтулы шараның куәсі болды.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: елордада «Атқа міну дәстүрі» республикалық челленджі өтті
4,424
оқылды

Астана маңындағы «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде елордалық елшілердің қатысуымен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында «Атқа міну дәстүрі» республикалық челленджі өтті,  деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

 Елшілердің құрамында Ұлттық ат спорты федерациясы мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының негізін қалаушылардың бірі, «Атбегілер мен шабандоздары» қазақстандық ұйымының төрағасы, Ұлттық спорт түрлерінен еңбек сіңірген жаттықтырушы, жазушы-публицист Сәдібек Түгел болды. Іс-шара алдында Сәдібек Түгел қатысушыларға ақ батасын беріп, кезекті республикалық «Атқа міну дәстүрі» челленджінің шымылдығын ашып берді.

«Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын барлық спортшыларға шын жүректен сәттілік тілеймін! Сіздер қазақ халқының мақтанышы болып, ұлттық спортымызды әлемге танытады деген сенімдемін. Әрбір жарыста өз шеберліктеріңізді, батылдықтарыңызды және қажырлы еңбектеріңізді көрсетіп, еліміздің Туын биікке көтерулеріңізге тілектеспін. Жеңісті сәттеріміз көп болып, ата-бабаларымыздың рухы сіздерге қуат берсін!» – деді Астана қаласының елшісі Сәдібек Түгел.

Айтулы іс-шараға Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мекеме қызметкерлері және елімізге танымал бірқатар спортшы қатысты.

Айта кетейік, «Бірлік керуені» жобасы еліміздің барлық аймағында ұйымдастырылуда. Астана қаласының бір топ елшісі күні кеше көкпардан өткен шеберлік сабағына арнайы қатысқан болатын. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Бірлік керуені» жобасы аясында құрылған елшілер алдағы уақытта да елорда төрінде ұлттық спорт түрлерінен өтетін жарыстардың куәсі болады.