Алматылық блогер әрі саяхатшы Александр Габченко велосипедпен Балқаш көлі мұзы үстімен 250 шақырымды бес күнде бағындырды. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, велошабандоз бұл жоспарында 600 шақырымды басып өтуді көздеген. Көлдің шығыс жағынан старт алып, батыс бөлігіне дейін жетуді мақсат еткен. Әйтсе де биылғы қыстың тым жылы болуы салдарынан көлдің шығыс бөлігінен бастау алған сапар солтүстік-шығыс бөлігінде аяқталды.
«Ауа райы мен саяхатқа таңдаған уақытымыз дұрыс болды. Тек биыл қыстың тым жылы болуы сәйкес келмеді. Қаңтар айы тым жылы болды, сол себепті көл бетіндегі мұз қатып үлгермеді. Бұрын мұз сәуір айында ери бастайтын, биыл ақпан айының соңында ери бастады» дейді Александр Габченко.
Ол велосаяхатты жалғыз өзі іске асырды. Тамақ, киім-кешек, саяхатшыға керек басқа да жабдықтарды қазақстандық Vino Bike маркалы жол таңдамайтын велосипедімен өзі алып жүрді. Саяхатының мерзімінен бұрын аяқталғанына қарамастан ол өз сапарын сәтті аяқталды деп есептейді.
«Жалпы алғанда «Balkhash Ice Challenge – 2020» саяхаты сәтті аяқталды. Ең бастысы – қандай да бір төтенше жағдай болған жоқ. Барлық қашықтықты бағындара алмағаныма аздап көңіл күйім түскенмен, жалпы ризамын. Егер келер жылы бәрі сәтті болса, көлдің бергі шеті мен арғы шетін басып өтіп, саяхатты қайталасам қуанар едім» дейді Александр Габченко.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ