Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша 57 мыңнан астам елорда тұрғыны мен қонақтары, соның ішінде Қытай, Ресей, АҚШ, Франция, Германия, Әзербайжан, Өзбекстан, Моңғолия және т.б. елдердің азаматтары Қазақстан Республикасы Президенттік орталығына келген.
Президенттік орталыққа жыл басынан бері 57 мыңнан астам қазақстандық барған
599
оқылды

Белгілі болғандай, Президенттік орталық – президенттік институт призмасы арқылы Қазақстанның тәуелсіздік тарихына арналған ірі музей, мәдени-ағарту мекемесі болып табылады. Музей, мұрағат және кітапхананы бір шаңырақ астында біріктіретін Президенттік орталықта тиісті музей жәдігерлері, мұрағат құжаттары мен кітап басылымдарының бай коллекциясы жинақталған.

Келушілердің назарын аударатын басты орын Президенттік орталық музейі болып есептеледі. Оның экспонаттары озық цифрлық технологиялармен және интерактивті ресурстармен үйлеседі, тарихи контекстке толықтай енуге және музейге баруыңызды қызықты саяхатқа айналдыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта музей қорында бейнелеу және сәндік өнер, нумизматика, суық қарулар мен атыс қарулары, киім-кешек, ыдыс-аяқ, тоқыма бұйымдары, киіз, зергерлік бұйымдар, кәдесыйлар және т.б. жинақтарды қамтитын 12 мыңға жуық экспонат бар.

2024 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында ұйымдастырылған 16 тақырыптық көрме аясында Президенттік орталықтың жинақтарындағы бірегей тарихи жәдігерлер де қалың көрерменге ұсынылды. «Талғампаз және таңғажайып пішіндер әлемі», «Дала әуендері», «Дипломатиялық сыйлықтар – достықтың символы», «Атыс қаруы: тапанша тарихы», «Біріктіруші өнер: Қазақстан-Үндістан», сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Саммитіне орайластырылған «Шанхай ынтымақтастық ұйымы: бейбітшілік пен келісім аймағы» көрмесі келушілер арасында үлкен қызығушылық тудырды.

Президенттік орталықтың музей және кітапхана қорларына жүгінген отандық және шетелдік зерттеушілер мен студенттердің саны айтарлықтай өсті. Оқу залында кез келген азамат мемлекеттік құрылыстың теориясы мен тәжірибесі, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің мемлекеттілік тарихы, елімізде президенттік институттың қалыптасуы мен дамуы туралы мұрағат құжаттарымен және кітап басылымдарымен таныса алады. Оқырмандар 150 мыңнан астам мұрағаттық құжат пен 40 мыңнан астам кітап пен мерзімді басылымға қол жеткізе алады, олардың ішінде Қазақстан президенттерінің жеке мұрағатындағы құжаттар, сирек басылымдар, заманымыздың көрнекті қайраткерлеріне арнау жазулары бар құнды ерекше кітаптармен толықтырылған.