Биыл Алматы қаласы бойынша қарбызды тұ­тыну­ға байланысты тағам­дық токсикоин­фекцияның (Т­ТИ) 9 жағдайы тіркелген. ТТИ-дің негізгі себептері – жуылмаған қарбызды жеу, сондай-ақ кесілген қар­быз­ды дұрыс сақтамау.
Қарбыздан да қауіп бар
1,072
оқылды

Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық ба­қы­­лау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Қаткенованың сөзінше, қарбыздан ула­ну­дың екі негізгі себебі бар. Олар – микробтық және микробтық емес. Бірінші жағдайда уланудың себебі жидектің қабығындағы бактериялар мен қоздыр­ғыштар болып келсе, екіншіден, жемісті өсіру кезінде қолданылатын нитраттар мен пестицидтер денсаулыққа қауіп төндіреді. Сим­птомдар екі жағдайда да ұқ­сас болып келгені­мен, олардың өзіндік айырма­шылықтары да бар екен. 

– Қарбыздан уланудың микробтық жағдайында негізінен сатып алушылардың өздері кі­нәлі болып келеді. Адамдар қар­быз са­тып аларда сатушыдан оны ке­сіп беруін өтініп, жидектің дә­мін байқап көргісі келеді. Содан кейін әлгі кесілген бөлігін қар­­бызға қайта салып қояды. Бірақ бұл әдіс дұрыс емес дер едім. Біріншіден, қарбыз жерде өседі. Ол тағам өнім­дері мен дә­рі-дәрмек сияқты стерильді жағ­дайда тасымалданбайды. Екіншіден, қарбыз теру­шілер­дің, жүк тасушылардың және сатушылардың қолы немесе пышағы лас болуы мүмкін. Пышақпен осы­ған дейін не кесілгені және оның қаншалықты таза ек­ен­дігі бізге бей­мәлім. Қарбыздың ішінде қоз­дыр­ғыштар болмаса да, олар қарбызды кескен кезде пайда бо­луы ықтимал. Сондай-ақ егер сіз қарбызды мұқият жумасаң­ыз, он­да патогендік бактериялар ас­қа­зан-ішек жолына түс­еді. Үш­іншіден, жеміс-жидектің ашық ауада, тікелей күн сәулесі түскен орындарда сақталуы өте қауіпті. Зақымдалған қарбыздан шыққан шырын микроорганизмдердің белсенді көбеюі үшін қолайлы. Күн ыстықта кесілген қарбызды төменгі температурада сақтамау­дың салдарынан адам ішек ин­фек­­циясы, дизентерия сынды ауру түрлеріне тап болуы мүмкін, – дейді Гаухар Сұлтанқызы.

Ал уланудың микробтық емес тобы бақша дақылдарының құ­ра­мында химиялық қоспалардың көп болуымен байланысты. Көп жағдайда қарбыздың пісіп-жеті­лу процесін тездету үшін жемі­с-жидек пен көкөніске көп мөлшерде азот­тық тыңайтқыш қолданылады. Осыдан кейін қауын мен қарбыз жылдам өседі. Біршама уа­қыттан соң химиялық қоспа өз әсерін байқатып, қауын мен қарбыз үлкен мөлшерде жем­іс­ін береді. Бірақ осындай қысқа уақыт ішінде нитраттардың концентрациясы қауіпсіз нормадан бірнеше есеге асып кетуі ықтимал. Қарбыз құрамындағы нитрат мөлшері жо­ғарылауының басты белгілері – қызыл түс, қыртыстағы сарғыш не­месе қоңыр талшықтар. СЭБ де­пар­таменті мамандарының айтуынша, үй жағдайында қарбыздың сапасын тексерудің ең қолжетім­ді әдісі – мәйегін ыдыстағы суға са­лып көру. Егер су қызғылт не­­ме­се қызыл түске боялса, онда бұл қарбыздың химиялық қоспалардың көмегімен өсірілгенінің белгісі. 

Улану жағдайын тудыруы мүмкін тағы бір фактор – бақша дақылдарының дұрыс сақталмауы. Мысалы, қарбыз бен қауын бір­неше апта бойы тікелей күн сәу­лесі түскен орында сақталған уақытта нитраттың аз мөлшері глю­козамен белсенді әрекеттеседі. Нәтижесінде, өте улы заттар пайда болады. 

Қарбыздың құрамындағы химиялық қоспаларға байланысты асқынатын ауру түрлерінен өзге, оның пайдалы тұстары да жетерлік. Қарбыздың құрамы 90 пайыздан астам судан тұрады. Сәйкесінше, диетолог мамандар қарбыздың колориясы төмен бол­ғандықтан диеталық тағам есебінде таптырмас өнім екенін алға тартады. Онымен қоса, құ­ра­­мында лик­опиннің қызыл пигменті де көп кездеседі. Тағам­да ликопин мөлшерінің жоғары болуы жүрек және қан тамырлары ауруына ұшыраудың алдын алады. Кейбір халықтық медицинада қарбыздың мәйегі мен қабығын кәдеге жаратады. Бір қызығы, Қытай медицинасы қар­быз организмді барлық ауру­-сыр­қаудан айықтыратын «сал­қын­датқыш» құрал деп есептейді. 

Қарбызды күніне қанша мөлшерде тұтынған дұрыс? Оның ар­найы бекітілген нормасы бар ма? Химиялық қоспалардың ша­мадан тыс көп болуы адам ағ­за­сына қаншалықты қауіп төндіруі мүмкін? Осы және өзге де сауалдарымызға жауап берген эндокринолог-дәрігер, диетолог Алтынай Жүніс қарбызды күніне қанша мөлшерде тұтыну қажеттігі және жидекті кімдерге тұтынуға болмайтыны жөнінде кеңе­сін бөлісті.

– Қарбыздың 93 пайызы судан тұрады. 100 грамм қарбыздың құра­мында судан бөлек же­ң­іл көмірсу, (6 грамм сахароза, фруктоза), 0,1% май, 0,6 грамм белок, көптеген дәрумен бар. Қарбыз ең алдымен астың жеңіл әрі оңай қоры­тылуына көмектеседі. Одан өз­ге калий элементі болғандық­тан зәр айдайтын қасиетке ие. Ал қар­быздың құрамындағы А дәрумені көздің көру­­ін жақсартса, С дәрумені иммунитетті көтереді. Қарбыз жүрек қан-тамыр жүйесінде ауруы бар адамдар үшін пайдалы жидек саналады. Құрамындағы ликопиннің әсерінен қандағы қан қысымы төмендеп, холестериннің төмендеуіне сеп­тігін тигізеді. Дегенмен өнім­нің пайдалы тұстарымен қоса кері әсерін де ескеруі­міз керек. Кез келген дені сау ере­сек адам қар­бызды тәулігіне 400-500 грамнан көп тұтынуына болмайды. Кейде қыздар қарбызды салмақ тастау мақсатында күні бойы  тоқ­таусыз жейді. Бірақ ар­ық­тау­дың дәл осы жолын таңдау дұрыс емес. Қарбыздың құрамында су, жеңіл көмірсу көп кездесе­тін­діктен, бұл қандағы қант деңгейін көтереді. Қарбызды мөлшерден көп тұтынудың әсерінен ас­қа­зан-ішек жолдарының жұмысы, су балансы бұзылады, – дейді диетолог-дәрігер.

Алтынай Жүністің сөзінше, қарбызды қант диабетімен ауыратын немесе өтте, несеп шығару жүйесінде тасы бар, сондай-ақ жүктіліктің 3-триместріндегі ад­ам­дарға белгіленген шамадан тыс мөлшерде тұтынуға болмайды. 

– Қарбыз бен қауынның көле­мін ұлғайтып әрі ертерек пісуі үш­ін химиялық қоспалар (нит­рат, азот ) қосып өсіретіні рас. Жи­дек толық өсіп-жетілгенде ни­тр­аттың мөлшері азаяды. Бір­ақ толық піспеген қарбыздың құрамында нитрат көп болғандықтан, балалар мен егде жастағы адамдарда тағам­дық токсикоинфекцияға тән ула­ну пайда болады. Сондықтан толық піскен қар­быздың өзін күнделікті нормадан көп мөлшерде тұтыну қау­іпті, – дейді диетолог-дәрігер А.Жүніс.

Бір ескеретін маңызды жайт, қауын мен қарбыз сататын дүкен сатушыларында жеке медициналық кітапшалар болуға тиіс. Алматы қаласының СЭБ департаменті басшысының ор­ынбасары Санитариялық қағи­­даларға сәйкес бақша да­қыл­дарын сату сан­кцияланған сауда орындарында, соның ішінде базар, азық-түлік дүкені, сауда жаймаларында өнім­­нің сапасы мен қауіпсіздігін рас­тай­тын тиісті құжаттардың болуы тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте кез келген сатып алушы белгіленбеген орындардан қарбыз сатып алатын жағдайда сатушыдан сауданың заңға сәйкестігін дәл­елдейтін құжаттармен қоса санитарлық немесе ме­ди­цинал­ық кітапшаны көрсетуін талап етуге құқылы.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, 

Алматы қаласы