Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үш ауысымда оқитын және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қабылдауды тапсырған болатын. Оның аясында Түркістан облысында 49 мың оқушыға арналған 63 мектеп салу жоспарланған. Түркістан қаласындағы «Жаңа қала» шағынауданында 2 мың орындық заманауи мектептің құрылысы былтырғы жылдың маусым айында басталған еді. Жобаның құны – 8 млрд теңге, ал мектептің жалпы ауданы 20 мың шаршы метрді құрайды. Білім ордасын жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.
Мәжілісмен Ерлан Әбдиев аталған нысан «АМАNАТ» партиясының Түркістан облыстық сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасына енгізілгенін атап өтті.
– Білім ошағының құрылысы кестеге сай қарқынды жүріп жатыр. Дегенмен аты «Жайлы мектеп» болғандықтан, ол барлық жағынан жайлы, қолайлы болғаны дұрыс. Мен бастапқы жобада екі лифт болғанын байқадым, бірақ тапсырыс беруші оны қайта түзетіп, біреуін қалдырыпты. 2000 балаға бір ғана лифтінің болуы ақылға сыймайды. Осы жайтты қайта қалпына келтіруді ұсынамын. Одан бөлек, мүгедектігі бар адамдарға арналған механикалық сатыны пандусқа айналдырған жөн. Өйткені көп жағдайда механикалық саты тез бұзылады және оны үнемі бір маман қадағалап отыруы керек, – деді депутат.
Құрылыс жұмыстарының барысы туралы «АМАNАТ» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев пен «Каратас Майнинг» ЖШС мердігер компания өкілдері баяндады.
Депутат жаңа мектеп құрылысының аяқталуын асыға күтіп жүрген жергілікті тұрғындармен де тілдесті.
– Жаңа мектептің құрылысын көріп, балаларымыздың болашағы үшін қуанып отырмыз. Себебі бұл жаңа аудан болғандықтан, әзірге балаларымыз басқа жаққа қатынауға мәжбүр. Осы мектепте балаларымыз сапалы білім алып, жарқын болашаққа жол ашады деп сенеміз, – дейді жергілікті тұрғын Айгүл Ахметова.
Сонымен қатар кеше Мәжіліс депутаттары, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшелері Үнзила Шапақ, Тілектес Адамбеков пен Никита Шаталов Қарағанды өңірінде болып, Шахтинск қаласындағы жергілікті жылу электр орталығын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Қарағанды облысы Шахтинск қаласының тұрғындары өткен қыста үйлерінің суық екенін айтып, бірнеше рет шағымданған. Мәжіліс депутаттарына және «AMANAT» партиясына бірнеше өтініш түсті. Пәтерлерде және әлеуметтік нысандарда ауа температурасы +12-150 С дейін төмендеген.
Депутаттар жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелерін станса басшылығымен, мердігерлермен және қалалық, облыстық әкімдік өкілдерімен талқылады.
– Егер барлық жұмысты уақытында аяқтамасақ, қаладағы 40 мыңға жуық тұрғын жылусыз қалуы мүмкін. Тозығы жеткен коммуналдық желілердің санын азайту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі. Биыл қыста адамдар электр қуатын артық жұмсап, жылытқыштарды қосуға мәжбүр болды, терезелерге мұз қатты. Сазға ұқсаған көмірдің сапасы да сын көтермеді. Депутаттар ЖЭО мәселесін ерекше бақылауда ұстайтын болады, – деді мәжілісмен Никита Шаталов.
«Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС өкілдерінің хабарлауынша, қазіргі уақытта үш қазандық қондырғысында монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Ал екі турбинада ағынды бөлімнің жұмыстары аяқталды. Негізгі және қосалқы жабдықтарды дайындау да жалғасуда. Тұрғындардың үйін жылыту үшін осы жазда Шахтинск қаласында 3,7 шақырым жылу желісін ауыстыру жоспарланған. Сондай-ақ 2 шақырымдық құбырдың жылу оқшаулауы қалпына келтірілмек. Жөндеу жұмыстарына барлығы 150-ге жуық адам жұмылдырылған.
– Мердігер ұйымдар №1, №3 және №4 қазандықтарында жұмыс істеп жатыр. №1 қазандықтың жөндеу жұмысы аяқталды, №3 қазандықта монтаждау және демонтаж жұмысы жүргізілуде, ол жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталады. №4 қазандықты жөндеу 15 қыркүйекке дейін аяқталады. Бұған қоса, екі турбогенератордың жөндеу жұмыстары 100 пайыз орындалған. Қазандықтар мен бу қазандарын тазалау және монтаждау жұмыстары жүргізілуде, – деді «Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС техникалық директоры Абылай Сейдуәлі.
Сонымен қатар қоршаған ортаның ластануының алдын алу үшін көмірдің орнына табиғи газбен жылыту мәселесі қарастырылуда. Қала шекарасына жоғары қысымды газ құбыры тартылды, ал биыл автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысын аяқтау жоспарланды.
Еске сала кетейік, бұған дейін «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшелері Шахтинск қаласындағы жылу мәселесін көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын. Осыған байланысты Қарағанды облысы бойынша Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Шахтинск ЖЭО-на жоспардан тыс тексеру жүргізіп, температуралық кестені сақтамағаны үшін айыппұл салды.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қарағанды облысында 247,3 шақырымдық жылу желілерін, 320 шақырымдық электрмен жабдықтау желілерін, 110,8 шақырымдық су бұру желілерін күрделі жөндеу және қайта жаңарту жоспарланды. Сондай-ақ 2027 жылға дейін 109 ауылдық елді мекенде блок-модульді су тазарту кешендері орнатылып, 10 елді мекенге газ жеткізілетін болады.
Берік БЕК