Былтыр күзде ауыл шаруашылығы өн­ім­дерін өткізу кезінде Жетісу облысында жүгеріге қатысты үлкен түсінбеушіліктер ту­­ындап, соның салдарынан жүздеген ге­к­тар дәндік жүгері орылмай далада қа­­лса, орылып, қырмандар мен қоймаларға жеткізілген мыңдаған тонна жүгері дәні сұраныс жоқтан сонда жатып шіріді.
Қызылша қып-қызыл шығынға батырмасын
494
оқылды

Жү­ге­­рісі мол Жетісу және Алматы облыс­тар­ын, оның ішінде «дала аруының» ота­ны бо­л­ып саналатын Жаркент аймағы ди­­­­­­­­­­қан­дарына сан соқтырған мәселенің мәнісін табу үшін берісі облыстан, арысы Астана­дан ат арылтып лауазымды, жауапты тұлғалар бірнеше рет іссапармен кел­гені­мен, күрделі жағдайдың түйіні то­л­ық тар­қа­­тылмаған еді. Ақыры шаруалар мен фер­мерлер: «Құдай салды, біз көн­дік» деп қолын бір сілтеген.  

Былтыр жүгерішілер қиналғанда тәтті түбір өс­і­­ретіндердің асығы алшысынан түскендей көрінгені де есте. Қызылша өсірушілер мен қайта өңдеу­шілер арасындағы жылдарға созылған түсінбестіктің түйіні тарқатылғандай болған. Қант зауыттары қызылшаның әр тоннасын 15 мың теңгеден сатып алып, оған қоса мемлекеттен 25 мың теңгеден субсидия төленіп, әр тоннаны 40 мың теңгеге өткізгендер, шылқа байып кетпесе де жыртығын жамайтындай жағдайға қол жеткізген. Соның нәтижесінде кейінгі жылдары құрып кетуге айналған қант қы­зылшасы өндірісі өркендеп кетпесе де, сәл-пәл серпіліп қалғандай еді. Жүгеріден аузы күйіп, пияз­дан ойдағыдай пайда таппаған шаруалардың дені биыл тәтті түбірге ат басын бұрып, облыс қызылша алқабының аумағын 12 мың гектардан асырған. Бір кездегілермен салыстырғанда, бұл да мақтанарлық көрсеткіш емес. Дегенмен өткен жылдарға қарағанда да біршама артық. Заманында 12 мың гектар деген бір аудандағы бірер шаруашылықтың өсіретін көлемі болатын.  

Біз былтыр жүгері дауына қатысты бірнеше мақала жазып, жарияладық. Сонда айтқанымыздай, дәл қазір өндіріс пен жоспарлау, болжау және зерттеу орындары арасында нақты байланыс, іскерлік қарым-қатынас жоқ. Соның салдарынан әрі-сәрі бо­латын  шаруа адамдары табыс әкелген дақылға жаппай бет бұрып, кейде жинаған өнімдері сұраныстан артып, кәдеге аспай қалады. Егер тиісті салалар арасында тығыз байланыс орнап, болжау, жоспарлауға нақты көңіл бөлінсе, бәрі ретімен жүзеге асары сөзсіз. Өкінішке қарай, қазіргі кезде шаруалар тек долбарға сеніп, көктемде үміттеніп, күзде кү­діктеніп жатады. «Былтыр мынадай дақылға осынша сұраныс болды, биыл жағдай оған керісінше болуы мүмкін. Сондықтан оны қоя тұрып, мына дақылға басымдық берейік, ауа райы да соған ың­ғайлы және сұраныс та болады» деп алдын ала зерт­теу жүргізіп, ауыл шаруашылығы саласындағыларға ақыл-кеңес беретіндер жоқ. Соған сай әркім өз қотырын, өзі қасуда. 

Шындығын айту керек, алға жылжыған жылдармен бірге қымбатшылық қысып, ақырындап өскен баға бой бермейтін дәрежеге жетті. Былайғы кезде де өсіру үшін өлшеусіз еңбек пен шамадан тыс шығын­ды қажет ететін қант қызылшасының әр гек­тарына ерте көктемнен бастап қара суық күзге дей­інгі кезеңде былтырлары 1 миллион теңгеден ас­там қаржы жұмсалыпты және  бұл баға да тұрақты емес. Жыл сайын шамалы болса да қымбаттай береді. Бүгінде алдағы айдан бастап электр қуаты 10-12 пай­ызға қымбаттайды деп жатыр. Егер бұл әңгіме шындыққа айналса, электр қуатымен бірге барлығының бағасы сол шамада өсіп шыға келері сөзсіз. Онсыз да биыл қызылшаның әр гектарына жұмсалатын шығын былтырғыдан біразға артып кеткеніне алаңдап отырған жетісулық шаруалар жаз бойғы еңбегіміз еш кете ме деп қатты алаңдаулы.  Өйткені қайта өңдеушілер тәтті түбір қабылдауға қатысты былтырғы бағаны сол бойында қалдыратынын мәлімдеген. Сол баяғы 15 мың теңге. Кәсіпорынды жөндеу, қайта жарақтандыру керек кезде қазынадан қаржы дәметіп, жамау-жыр­тықтарын мемлекеттен қарастырылған қаражатқа бүтіндеп алатын алпауыттар шаруа адамдарынан өнім қабылдауда тас болып қатып, бұрынғы бағаны өзгертуге барынша қарсылық танытады. Биыл әр гектар қант қызылшасын өсіріп-баптап, жинап, өткізгенге дейінгі жұмыстарға жұмсалатын қаржы былтырғыдан біршама артық екенін есептеген ди­қан­дар  қант қызылшасының тоннасын бұрынғы бағамен өткізуге қазірдің өзінде қарсылық білдіруде. Бір кездері мемлекеттің ақшасына салынған, жылдар бойы ел игілігіне қызмет етіп, жекшелендіру­ден соң қолдан-қолға өтіп, жекелеген тұлғалардың майшелпегіне айналған кәсіпорындардың мен­шік құқын қайта қарау қажеттігі де қозғала бастады. Соған қарағанда, алдағы күзде Жеісуды былтырғыдай жүгері жыры емес, қант қызылшасының қиындығы күтіп тұрғандай. Шаруалар жағдай дәл былтырғыдай болса, еңбегіміз еш, тұзымыз сор болады дейді. 

– Қант зауыты қожайындарының қызылшаны сатып алатын бағасымен келіспейміз. Іс жүзінде ала жаз­дай алқапта арпалысып жүріп өсірген өнімімізді тіпті жарты бағасына да алмай отыр. Нақтырақ айт­қанда, кә­сіп­орын бізге қызылша құнының 30 пайызын ғана береді. Бұдан біз ешқандай пайда көріп отырған жоқ­пыз. Замана көшінен қалмайық деп жаңа технологиялар енгіздік. Ал қайта өңдеу кәсіп­орны сол баяғыша жұмыс істейді. Заманында ақ қантымен аты шыққан өңірде бұ­р­ындары бірнеше қант зауыты болса, қазір соның бір­еуі ғана қант қыз­ыл­шасын қайта өңдейді. Бәсеке жоқ бол­ғандық­тан, ондағылар бірінші кезекте өз пайдасын ғана ойлайды, – дейді ақсулық шаруа қожалығының басшысы Александр Квитко. 

Жалпы, фермерлердің зауыт жұмысына көңілі толмайтыны – жыл сайын көрініс беретін келең­сіздік. Бірінші кезекте өнімді әлі ескі технология­мен өңдеп, аз қант шығарып отырғанын көлденең тартады.  Кәсіпорын қажет кезде мемлекет қаржысы есе­бінен жөнделгенмен, түсетін пайданың 70 пай­ызын кәсіпкер көреді. Шаруалардың айтуынша, зауыт қожайындары қант қызылшасын өсірушілерден ши­кіз­атты қант құнымен есептегенде  келісін 180 тең­геден алып, дайын өнімді халыққа 500 теңге­ден сатып, пайдаға кенеліп отыр.

– Біз зауытты біріктіріп, акционерлік қоғам жа­сау керек екені жөнінде  бірнеше рет ұсыныс жа­са­дық. Бұрын ондай акционерлік қоғам жұмыс істе­ген, 51 пайызы шаруа қожалықтарына тиесілі бол­са, 49 пайызы зауытқа қарайтын. 2016 жылдан бері бәрін өзгертіп тастады да, бір адамның зауыт же­кемен­шігіне қарап кетті, – дейді фермерлер қау­ымдасты­ғының Жетісу облысы бойынша төрағасы Асқар Шәріпов. 

Зауыт басшылығының жоғарыдағы тұжырым­дарға қарсы келтірер өз уәжі бар. Ондағылардың айтуынша, кәсіпорындағылар аста-төк пайдаға кенеліп отырған жоқ. Кәсіпорын қантты диллерлерге 160-165 теңгеден сатады, ал нарықтағы бағасына жауап бермейді дейді. Зауыт былтыр қызылшадан 11 мың тонна ақ қант алыпты. Биыл бұл кө­л­ем біразға көбейетіні сөзсіз. Өйткені қант қызылшасы алқаптарының аумағы айтарлықтай артқан. Жиналған өнімді дер кезінде қабылдап, өңдеу үшін кәсіпорында жаңарту жұмыстарын жүргізу керек. Өңдеу ісіне керекті өзіндік ерекшелігі бар қатты отын, сирек кездесетін химикаттар бар. Бәрі шетелдерден жеткізіледі. Олардың барлығы қымбаттап кеткен. Сондықтан кәсіпорынның жұмыс ырғағын сақтап қалуды қамтамасыз ету үшін  қыруар қаржы қажет дейді. 

Қалай болғанда да, Жетісуды алдағы күзде тағы бір дау-дамай күтіп тұрғандай. Биыл жүгерінің жолы болып, қызылша қиындыққа тірелсе, шаруалар ке­лер жылы қай дақылға бетбұрыс жасайды деген сұрақ туындайды. Былтыр орылмағаны, жиналып, қырман мен қоймада жатып шірігені бар, тонналаған жүгерінің есесін алдағы күзде тәтті түбірмен қай­тарамыз деп ойлаған шаруалардың  үміті тасқа шағылмаса болғаны...

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы