«Бөрібасарлардың күрескерлік қасиетін сынақтан өткізу» деген атпен танымал болған ит таластыратын турнир елімізде бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Бірақ былайғы жұрт бұл турнирдің өтетінінен бейхабар. Ит асырайтындар мен итке қызығатын адамдар ғана чемпионатты жібермеуге тырысады. Олар қала шетінде орналасқан алаңдарға жиналып, темір тордың ішіндегі төбет таласын қызықтайды. Үздік төбеттерден тұқым алуға асығады.
Соңғы кезде көпшілік арасында «ит таластыру қайдан пайда болды?» деген сауалдар жиі қойылып жүр. Ит таластыруды бірі құптаса, ал енді бірі мұны жан-жануарларға жасалған қастандық деп есептейді.
Қазақтың ежелден бұл иттің тұқымын қастерлеп «төбет» деп атауы да тегін емес. Төрт түліктің күзетшісіне айналған төбеттердің бір кезде құрып кету қаупі жоғары болғаны да рас. Дегенмен бүгінде халық болып жұмылып қайтадан қолға алған шара жемісін беріп, төбет саны көбейе бастады. Жан-жақтан жиналған төбет өсірушілер қоғамдық бірлестік құрып, таза тұқымды төл алуды қолға алды.
Негізінен, шараны ұйымдастырушылар «ит таластыру» деген сөзді көп қолданбайды. Оның орнына «төбет тұқымын сұрыптау, төбетті сынақтан өткізу» немесе «төбеттер турнирі» деп атайды.
– Тестілеп тексеру деген ит таластыруға жатпайды. Мысалы, зоотехникалық жұмыстарда ірі қараны сауады да, сүтіне қарап соның майлылығы, сиырдың қанша литр сүт беретінін анықтайды. Егер көңілінен шықса, сол тұқымды көбейтеді. Жылқыны шаптыртады. Иттердің бірінші кезекте жағының күштілігі мен жүректілігіне мән береді. Соған қарап иттерді іріктеп, оның аталығы мен аналығын алып, тұқымын жақсартады. Ал ит таластыру деп питбулдердің айқасын айтуға болады. Олар иттерін аяғы сынып кеткенше, құлағы жұлынып қалғанша таластыра береді. Біздікі жай тестілеп тексеру, – дейді Алматы облысындағы жарысты ұйымдастырушы, төбетті тестілеп тексеру қызметкері Әбдірахман Сейітжанов.
[caption id="attachment_27277" align="alignnone" width="780"] Ақтабанның жүлде алған сәті[/caption]
Ол төбет тұқымын сұрыптаудың, төбеттерді сынақтан өткізу ережесіне де тоқталды.
– Бес салмақ бойынша айқасқа түсетін иттер бір-біріне үрмеуі, ырылдамауы және азуын көрсетпеуі керек. Нағыз төбеттер дыбыс шығармай таласады. Екіншіден, құйрығын ішіне қарай тықпауы керек. Үшіншіден, рингке кіргісі келмей тұрса, иесі жарысқа қатыстыра алмайды. Автоматты түрде жеңіліс жазылады. Иттер 3 раунд бойы төбелеседі. Бұл жерде 1-раундқа белгіленген арнайы уақыт жоқ. Егер екі ит те шаршайтын болса, аз уақыт тынықтырып алады да екінші раундқа дайындайды. 2-раундта да сол жағдай қайталанады. Шешуші үшінші раунда қай ит белсенділік танытады, соған жеңіс жазылады. Мұндай турнирде міндетті түрде ветеринар, 3 төреші болады. Арнайы ринг жасалады. Жекпе-жек барысында иттің бірі сәл басымдық танытса, сайыс бірден тоқтатылып, жеңімпаз анықталады. Тестілеп тексеруде қан жоса болып, бір иттің екіншісін өлтіріп тастағанша талауы деген мүлдем жоқ, – дейді білікті маман.
Төбет асыраушы тараздық Ерболат Мамырбаев төбетті тестілеуден өткізуге тыйым салу – асыл тұқымды иттің түрінен айырылу деп есептейді.
– Ит 1 жасқа келген кезде иесіне мінезін көрсете бастайды. Тістейді, үреді. Көпшілігі «ойбай, итім құтырды» деп атып тастайды. Ал ит асыраушылар оны жақсы біледі. Итті күшік кезінен тәрбиелейді. Төбетін тестілеуден өткізетіндердің итін қалай бағып-күтетінін көрсеңіз таңғаласыз. Кез келген итті тестілеуден өткізбейді. Үйді күзететін иттер мұндай жерде төбелеспейді. Себебі неде? Ол жерде иттің сырттандары ғана таласады. Жүректі, мықты иттер ғана қатысады. Мықты иттердің иесі де төбетіне лайықты қарсыластарды таңдап, солармен айқастырады. Үлкен чемпионаттарда бірнеше көлік, өзге де бағалы сыйлықтар жүлдеге тігіледі. Олардың жарнасы бар. 50-100 мың теңге төлеп қатысады. Бәрі заңды түрде ұйымдастырылады. Турнир қаланың шет жағындағы арнайы алаңдарда, стадиондарда өтеді. Итті дайындау да оңай емес. Қаланың ішіне шығарып дайындай алмайсың. Өйткені көпшілік жүретін жерлер ыңғайсыздық туғызады. Сондықтан қаланың шетіне апарып дайындайсың. Машинамен, атпен немесе велосипедпен итіңді ілестіріп жүгіртесің, – дейді төбет асыраушы.
Бізбен әңгіме барысында журналист Нұрсейіт Жылқышыбай да бір кездері ит таластырғанын айтып, өзінің тәжірибесімен бөлісті.
https://www.youtube.com/watch?v=C1tEf49e63Q
– Ит таластыру ТМД елдерінде кеңінен танымал. Байрақты бәсекелерде қазақтың көк туын желбіретіп жүрген Алапар, Қаракене деген иттеріміз болған. Нағыз төбеттер, жүндес иттер. Спорттық карьерасында 1-2 ғана жеңілісі болған. Жүзге жуық қарсыласын жеңген. ТМД мемлекеттерінің иттерімен шайқасқан кезде оған талай мәрте куә болдық. Көптеген азаматымыз Түркіменстанға, Ауғанстанға барып кезінде біздің тау асып кеткен, бабаларымыздың артынан еріп кеткен иттердің тұқымдарын алып келіп жатыр. Бірақ оны үлкен қаражатқа әкелуде. Қорқыныш дегенді білмейтін стаффорд пен питбульді өзіміздің төбетпен шағылыстырып жаңа тұқым алып жүрген азаматтар да бар. Ондай тұқымға өз басым қарсымын. Бұл ретте өзіміздің төбеттеріміздің ешкімнен кем емес екенін айтқым келеді, – дейді Нұрсейіт Жылқышыбай.
Ол сонымен қатар Қазақстан чемпионатына қатысатын кез келген ит бес қарсыласпен алаңға шығатынын, айына бір итпен төбелесетінін, жеңген ит жеңгендерімен кездесіп отыратынын тілге тиек етті. Бірақ оның баптаған төбеті екінші-үшінші айналымнан ары аса алмапты. Дегенмен қазіргі кезде иттері ауылындағы фазендада жүр екен. Бұрын құлындарын қыс бойы қасқырға жем қылған ол биыл ешқандай малын ит-құсқа жегізбегенін және төбеттерін сынақтан өткізгеніне еш өкінбейтінін жеткізді.
Бір айта кетерлігі, Жануарларды қорғау қоғамдық қоры өкілдерінің ит таластыру туралы ойы мүлдем бөлек. Олар мұны жануарларға жасалған қатыгездік деп санайды. Әрі таласқа түскен иттің денесіне де, жан-дүниесіне де бірдей зақым келетінін алға тартады.
– Көпшілігі ит таластыруды жекпе-жек спорт түрімен салыстырады. Спортшылар жекпе-жекке саналы түрде шығады ғой. Жарақаттанса, емделеді. Ал итте таңдау болмайды. Таластан кейін кейбір иттер қиналып өледі. Тіпті, иелері олардың эвтаназия арқылы қиналмай өлуіне көмектеспейді. Сондықтан мұндай қатігездікке заң жүзінде толық тыйым салу керек, – дейді «Care-забота» қоғамдық қорының өкілі Ирина Фурсова.
Ол сондай-ақ ит таластыруға заң жүзінде тыйым салынбағандықтан, оның қатыгездік екенін дәлелдеу қиын екенін, елде ондай қылмысы үшін жазаланғандар жоқ екенін айтты.
Мақала барысында елімізде «Бөрібасар – қазақ төбеті» республикалық федерациясының бар екенін, олардың түпкі мақсаты – тұқымы азайған таза қанды иттердің санын көбейту екенін білдік. Ал ол үшін төбет тұқымын сұрыптау, иттерді сынақтан өткізудің маңызы өте жоғары екен. Мамандар да өз кезегінде бұл істің орынды екенін растады.
Абылайхан ЖҰМАШ