Құтқарушылар кәріз-сорғы стансасынан екі адамның денесін шығарды.
Ақтөбе облысында 2 жұмысшы кәріз тазалау кезінде уланып, көз жұмды
Фото: freepik.com
845
оқылды

Қайғылы оқиға 16 тамызда Ақтөбе облысы Ембі қаласындағы "Ембі жылу" кәсіпорнында болды. Жұмысшылар метаннан уланып қалды,  – деп хабарлайды Aikyn.kz "Мой город" басылымына сілтеме жасап.

Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, құтқарушылар кәріз-сорғы стансасынан екі адамның денесін шығарды. Олар – 58 жаста. Тағы екі зардап шеккен адам жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді.

"Олар 46 және 53 жаста, метаннан уланып, Ембі аудандық ауруханасының соматикалық бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайы қанағаттанарлық", – деп хабарлады Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасы аман қалғандар туралы.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 156-бабы ("Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу") бойынша тергеу басталды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.