Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола өңіріне жұмыс са­пары­мен барды.
Ақмола – ырысты аймақ
522
оқылды

Мемлекет бас­шы­сының іс­са­пары Қосшы қа­ласын­дағы 1500 орын­дық мек­теп-гим­на­зия­ны аралап көру­ден басталды.

Білімді бала –  ел болашағы

Қосшы қаласының жаңа ауданында ор­наласқан мектеп «Болат Өтемұратов қо­ры­ның» жеке инвестициясы есе­бі­нен салы­нып, жергілікті білім бөлі­мі­нің бас­қаруына берілген.

«Жайлы мектеп» ұлттық жоба­сы­ның стан­дарттарына сай бой көтерген бі­лім оша­ғында қазіргі кезде екі ауы­сым­мен 2700 бала оқиды. Мектепте 280 орындық акт залы, 360 орындық ас­хана, 2 спорт залы, информатика, хи­мия, физика, биология, технология жә­не музыка кабинеттері бар.

Мектеп директоры Дидар Ас­қа­рова­­­ның айтуынша, оқушылар тек білім алып қана қоймай, «Біртұтас тәрбие бағ­­дарламасы» ая­сында спорт сек­ция­ларына және шахмат, тоғызқұмалақ, асық ату, би, хор, фортепиано, дом­быра секілді үйірмелерге тегін қатыса алады.

Мемлекет басшысы роботты тех­ни­ка, мо­билография, автомобиль жүр­гізуді вир­­туалды үйрену, шет тілі ка­бинеттерін, мектеп кітапханасын ара­­лап көріп, ұс­таз­дармен және оқу­шы­лармен әңгі­ме­лесті.

– Қазақстанның озық мемлекетке ай­­нал­ғанын қаласақ, осындай роботты тех­ника сияқ­ты бағыттарды үйрену ке­­рек. Бұл өте қажет. Балаларымыз әр­қа­шан білімді бол­сын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ұжымға сәттілік тілеп, мек­­тепке өзінің «Әке туралы ой-тол­ғау» кітабын және Қазақстанда шы­ғарылған автобус сыйға тартты.

Қала инфрақұрылымын дамытуды тапсырды

Бұдан соң Президент елордаға іргелес орналасқан Қосшы қала­сының инфрақұрылымдық даму жоспарымен танысты. Қосшы қа­ла­сының әкімі Гайдар Қасеновтің айтуынша, елді мекенге 2021 жылы облыстық маңызы бар қала мәр­тебесі берілгеннен кейін тұрғындар саны 110 мың адамға жеткен.

Жалпы, қаланың бас жоспары аясында 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй мен 45 әлеуметтік ны­сан­ның құрылысы жоспарланған.

Соңғы екі жылда қалада үш мектеп пайдалануға берілді. Тағы бір мектеп құрылысы аяқталуға жақын. Алдағы уақытта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында үш білім ошағын, сондай-ақ екі балабақша салу көзделген.

Денсаулық сақтау саласында бір мемлекеттік емхана, мемлекет­тік-жекеменшік әріптестік шең­берін­де екі емхана жұмыс істейді.

Қала әкімі қазір жекеменшік инвестиция есебінен жанында 1000 келушіні қабылдайтын ем­хана­сы бар 300 орындық көпбейін­ді аймақтық аурухана салынып жат­қанын жеткізді. Жаңа ауру­хана­да терапия, онкология, невро­логия және перзентахана бөлім­шелері болады. Медициналық мекеме тек Қосшы халқына ғана емес, жақын маңдағы аудандардың тұрғындарына да қызмет көрсетеді деп жоспарланып отыр.

Биыл мамыр айында Alan де­не­шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Кешенде балаларға және ересектерге арналған бассейн, жаттығу және спорт залдары бар.

Ал Қосшы тұрғындарының игі­лігіне келесі жылы берілетін Қо­ғам­дық мәдени-спорт орталы­ғында интерактивті білім беру бөлімі, спорт залы, теннис, бас­кетбол, футбол, волейбол алаң­дары, кинотеатр, көрме залы, кітап­хана, дәрісхана, амфтитеатр ашылады.

Мемлекет басшысы Қосшы қаласында құрылыс жұмыстары қарқын ала бастағанын ескере оты­рып, облыс әкіміне елді мекен­дегі инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және газ құбырын тарту мәселелеріне айрықша мән беруді тапсырды.

Отандық тамақ өнеркәсібін өркендету маңызды

Мемлекет басшысы Ақмола об­лы­сына жұмыс сапары бары­сында Қосшы қаласында биыл іске қосылған IL-TOV жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс алаңын аралап көрді.

Кәсіпорында құс етін терең өңдеп, тез дайындауға болатын түрлі тағам шығарылады. Шикізат облыстағы құс фабрикаларынан жеткізіледі. Жартылай фабрикат­тар ішкі нарықта ғана сатылмайды, сонымен қатар Еуразия эконо­мика­лық одағына мүше елдерге экспортталады.

Qazaqstan Investment Corporation қоры арқылы мемлекеттің қар­­жылай қолдауына ие болған жоба 85 жергілікті тұрғынды жұ­мыс­пен қамтып отыр.

Кәсіпорын директоры Михаил Шейнкман бұл өндірістік кешен­нің бастапқы кезеңі екенін айтты. Келешекте қосымша 10 миллиард теңге инвестиция тартып, жылына 10-12 мың тонна өнім шығару үшін екінші өндіріс желісін іске қосу, сондай-ақ мұздатылған бірінші және екінші тағамдар өндіретін комбинат салу көзделіп отыр.

Президент отандық тамақ өнер­кәсібін дамыту маңызды еке­ніне тоқталып, мұндай кәсіп­орын­дарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Жүйелі жұмыс жалғасса игі

Мемлекет басшысының Ақмо­ла облысына жұмыс сапары Цели­ноград ауданындағы Родина ауы­лында жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдағы Мәдениет үйін аралады. Жалпы, ауданы 1563 шаршы метрді құрайтын нысанда хореграфия және спорт залдары, дыбыс жазу студиясы мен үйір­мелерге арналған кабинеттер бар. Мәдениет мекемесінің жанынан түрлі шығармашылық ұжымдар құрылған. Сонымен қатар бірнеше спорт үйірмесі жұмыс істейді. Оларға 400-ден астам ауыл тұрғы­ны қатысады.

Президентке «Родина» агро­фирма­сының бас директоры Иван Сауэр серіктестіктің ауылда іске асырып жатқан әлеуметтік жоба­ларын таныстырды. Былтыр биз­нестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында компания Родина ауылы­ның игілігіне 791 миллион теңге қаржы бөлген.

Мемлекет басшысы Мәдениет үйі өнерпаздарының «Достық шуа­ғы» композициясын тамашалап, ауыл тұрғындарымен жүздесті.

– Сіздермен кездескеніме қуа­ныш­тымын. Ауылға арнайы кел­дім. Құрметті Иван Адамович Сауэрдің шаруашылығы жайында бұған дейін көп естіген болатын­мын. Бірақ мұнда келіп, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысудың реті болмай жүр еді. Бұл – өте үл­кен әрі барлық көрсеткіш бо­йын­ша үздік шаруашылық. Барша­ңызға бақ-береке тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент Родина ауылының «Наша родина» супермаркетін, «Достық» саябағы мен жалпы орта білім беретін мектебін аралап көрді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы агроқұрылым­ның №1 сауын цехы мен сүт зауы­тына барды. Мұнда «GEA» фирма­сының «Елочка» қондырғысы орнатылған. Аталған құрылғының көмегімен бір мезгілде 32 сиырды қатар саууға мүмкіндік бар. Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Родина» агро­фирмасының бас директоры Иван Сауэр серіктестіктің сүт бағытын дамыту жоспары туралы баяндады. Сонымен қатар жаңа сауын цехы салынып жатқанын жеткізді.

Бұдан соң Президент Родина ауылындағы сүт зауытын аралап көрді. Мемлекет басшысына индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған нысандағы өндірістік процесс таныстырылды.

Заманауи қондырғылармен жабдықталған әрі озық еуропалық технологиямен жұмыс істейтін кә­сіпорын тәулігіне 50 тонна сүт өн­діреді. Сонымен қатар сүт өнім­дері­нің бірнеше түрін шығарады. Қазір мұнда 36 адам еңбек етеді. Президент зауыт жұмысшылары­мен әңгімелесіп, «Родина» агро­фирмасының үлгілі шаруашылық екенін айтып, жүйелі жұмысты одан әрі жалғастыра беруге ша­қырды.

Жалпы, Ақмола облысында сүт өнімдерін шығаратын 15 кәсіп­орын бар. Сонымен қатар өңірде 7 тауар­лы сүт фермасы салынып жа­­тыр. Осы бағыттағы жобаларды қаржыландыруға 13,3 миллиард тең­ге бөлінген.