Бұл – Сенаттың Жобалық кеңсесі, Maqsut Narikbayev University және Ақмола облысы әкімдігінің бірлескен бастамасы. Жоба аясында заңнаманы жетілдіру және өңірлерді орнықты дамыту жөніндегі практикалық шешімдер мен ұсыныстар топтамасы қарастырылды. Сараптамалық зерттеулерді талқылауға Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, халықаралық ұйымдардың Қазақстандағы өкілдіктерінің басшылары және зерттеу институттарының сарапшылары қатысты.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Сенаттың Қоғамдық жобалық кеңсесі мен Maqsut Narikbayev University бірлесіп іске асырған Акселератор бірегей бастама екенін және ол елдің орнықты дамуына қатысты жаңа идеялар мен нақты ұсыныстар әзірлеуді көздейтінін айтты. Бұл бағыттағы жұмыстарға Мемлекет басшысы да баса мән беріп отыр.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шілденің аяғында Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын бекітті. Аталған құжатта айқындалған тәсілдер негізінен ұлттық және өңірлік деңгейде Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдетуге арналған. Бұл ретте Акселератор Орнықты даму мақсаттарына түрлі бағытта қол жеткізудің тиімді тетігі екенін атап өткен жөн», – деді палата Спикері.
Көпшілікке таныстырылған SDG IMPACT REPORT 2024 жария есебі – Акселератордың 100 күнге жалғасқан жұмысының нақты нәтижесі. Есепте заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар және Ақмола облысында іске асырылған пилоттық жобалар мен бастамалар жөнінде жобалық құжаттама қамтылған. Атап айтқанда, зерттеу топтары денсаулық сақтау, білім беру, экономикалық өсу, қалалардың тұрақты дамуы және тағы басқа салаларда сын-қатер тудыруы мүмкін жағдайларды талдады. Жарияланған есеп ұсынылған бастамаларды Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссиямен бірлесіп жүзеге асыру барысында да айрықша мәнге ие.
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев қоғамдық институттардағы сарапшыларды орнықты даму күн тәртібін іске асыруға жұмылдыру аса маңызды екенін және бұл бастамаға Талдау мектебі мен Сарапшылар клубы сияқты Сенат жанындағы жобалардың түлектері де қатысқанын тілге тиек етті.
«Алдымен, Орнықты даму мақсаттарының өңірлік деңгейде іске асырылуы өте маңызды. Акселератор жұмысының аяқталуына қарамастан, облыс әкімдігін және команда мүшелерін жобалардың іске асырылу тиімділігіне жүйелі түрде мониторинг жүргізіп тұруға шақырамын. Іс-шараның қорытындысы бойынша қажет болған жағдайда тиісті өзгерістер енгіземіз немесе жаңа заңдар әзірлейміз. Мұндай жоба еліміздің басқа өңірлерінде де көптеген идеялардың ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сенат алдағы кезеңде де сындарлы бастамаларға жүйелі қолдау көрсетуге дайын», – деп Мәулен Әшімбаев жобаға қатысушыларға, волонтер-зерттеушілерге және сарапшыларға алғыс білдірді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закария, Ақмола облысының басшылығы, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, Парламент депутаттары және тағы басқа сарапшылар қатысты.