40 жыл бұрын ГРЭС салмақ болған
Кеңес Одағы кезінде, нақтырақ айтқанда, өткен ғасырдың 80-жылдары елдегі энергия тапшылығының алдын алу мақсатында мұнда үлкен құрылыс салынатын болады. 1984 жылы сол кездегі Жамбыл облысы Мойынқұм ауданына қарасты аумақта іргетасы қаланған елді мекен негізінде Оңтүстік Қазақстан ГРЭС құрылысының бастамасы ретінде ойластырылған. Алайда маңызды жоба дер кезінде жүзеге аспай қалды. 1986 жылы ауыл Алматы облысы Күрті ауданының құрамына беріліп, кейіннен 1997 жылы Күрті ауданы тарқағанда, Жамбыл ауданының қарамағына өткен. Осылайша, алғашқы жылдары көпқабатты үйлерден тұратын, барлық тұрмыстық жағдай ойластырылған, инфрақұрылымы дамыған қала типтес кенті болуға және тұтас аймақтағы электр энергиясын өндіру орталығына айналуға тиісті елді мекен ақыр соңында болашағы бұлыңғыр ауылдардың біріне айналған. Бірақ қазіргі жағдайы аянышты болғанымен, кезінде барлығы керемет болған қала типтес кентте бастапқы кезден тұрған және әлі күнге табан аудармаған байырғы тұрғындардың елді мекен түбі бір қайнаған тірліктің ордасына айналар деген үміті ақталатынына соңғы жылдары сенім арта түсті.
Үлкен кенті орналасқан аумақта АЭС салу жайындағы алғашқы ұсыныстар сол 1997 жылы айтыла бастаған. Алайда бұл жоба жұрттан және экологтардан қолдау таппайды. 2008 жылы Үкімет осы жерде Балқаш ЖЭС салу туралы шешім қабылдайды. ЖЭС құрылысына дайындық 2013 жылы басталғанымен, бірер жылдан соң тоқырып, тоқтап қалған.
Айтпақшы Қазақстанда АЭС салынар болса оған ең қолайлы орын Үлкен ауылы екенін сарапшылар жиі айтады. Осы жерде АЭС салуға қатысты түрлі деңгейдегі талқылаулар өткізіліп келеді. Қазір алғашқы кездегідей емес, жобаны жүзеге асыруға қатысты қарсылық азайып, халық дәл бүгінгі әлемді электр қуаты тапшылығы жайлай бастаған жағымсыз кезеңдегі күрделі түйінді тарқатудың басты шешімдерінің бірі АЭС екенін түсінгендей. Оған жақында ғана Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында өткен Қазақстанда атом электр стансасын салуға қатысты қоғамдық тыңдауда айтылған пікірлер дәлел бола алады.
АЭС мәселесін үлкендіктер де талқылады
Тамыздың 14-інде Қазақстанның Азаматтық альянсы ұйымдастырған кездесуге сарапшылар, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен Алматы облысының, оның ішінде Үлкен ауылының тұрғындары қатысты.
Елімізде атом электр стансасын салуға қатысты ұсыныстың кейінгі жылдары қарқын алып, мемлекеттік, қоғамдық деңгейде талқылана бастауының басты себебінің бірі әрі бірегейі – дәл қазіргі кезде еліміздегі ең өзекті проблемалардың көш басында тұрған электр энергиясына деген сұраныстың артуына байланысты туындап отырған тапшылық мәселесін түбегейлі шешу. Осы орайда қоғамдық тыңдауға арнайы келген сарапшылар атом энергетикасын дамыту жоспары туралы егжей-тегжейлі баяндап, оның қауіпсіздігі, экологиялық тазалығы және экономикалық тиімділігін жіліктеп талдап берді. Мұндай талқылаулар бұған дейін де болған және оларда да сарапшылары, экологтары және тағы басқа электр энергиясын өндіруге тікелей және жанама қатысы бар салалардың мен деген мықты мамандары жұрт көңілін алаңдататын жағдайларды жан-жақты түсіндірген. Соның әсері болар, бұл жолғы тыңдау кезінде талқылауға қатысқандар тарапынан қарсылық барынша азайғаны байқалды.
Аймақ тұрғындары пікірталасқа белсене қатысып, өздерін толғандырған қауіпсіздік, экономика, экология мәселелеріне қатысты сұрақтарын түгел қойды және тиянақты жауаптар алды.
«Өркениеттің жетістіктерін тиімді пайдаланатын мемлекет қана заман көшінен қалыспай дамып, алға басады. Кез келген мемлекет қуатты электр көзімен қамтамасыз етілмесе, дамудың жоғары деңгейіне жете алмайды. Экономиканы өркендету, өндірістер мен жаңа кәсіпорындарды іске қосу үшін бізге АЭС салу қажет. Қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аудара отырып, заманауи технологияларды дұрыс пайдаланған жағдайда ғана біз жетістікке жетеміз», – деген Алматы облысындағы Семей полигоны мүгедектері мен ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Талғар ауданының құрметті азаматы Нұрлыбай Мұсапировтың сөзін қостаушылар қарасы мол болды.
Сарапшылар Қазақстандағы атом электр стансаларында МАГАТЭ-нің қатаң стандарттарына сәйкес келетін III және III+ буынындағы реакторлар орнатылатынын көлденең тартты. Ең бастысы атом электр стансаларының экологиялық қауіпсіздігі және СО2 шығарындыларының ауаға тарамауына баса назар аударып, айрықша тоқталды. Сондай-ақ мамандар қазір бүкіл әлемде қолданылатын радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеудің озық технологиялары туралы жан-жақты ақпарат берді.
«Үлкен Су» ӨК бас инженері Сергей Третьяков атап өткендей, қазір энергия тапшылығының алдын алуға бағытталған шаралардың барлығы атом энергетикасын барынша қауіпсіз және экологиялық таза ету мақсатына негізделген.
«Әлем жедел қарқынмен өзгеруде, соған сай электр энергиясын тұтыну мөлшері де жылдам артуда. Өткен ғасырдың 70-жылдары салынған электр стансаларымыз ескірген. Бізге тұрақты қуат көздері қажет, ал атом энергетикасы дәл осы мәселені шешетін және қиындықтан алып шығатын бірден-бір жол. Иә, алаңдаушылық бар, оны жоққа шығара алмаймыз. Алайда қазіргі реакторлар қауіпсіз екенін де ескерген жөн. Қазақстанның ауыр апаттарсыз атом технологияларымен жұмыс істеуде 57 жылдық тәжірибесі бар. АЭС арқылы таза энергия өндіріп, сыртқы энергетикалық тәуелділіктен арыламыз және жаңа жұмыс орындары құрылып халықтың тұрмысының жақсаруына жол ашылады. Үлкенде АЭС салу еліміздің ғылыми әлеуетін пайдалануға және толыққанды атом саласын құруға мүмкіндік береді», – дей келе, өзінің 1985 жылдан бері осы құрылысты күтіп жүргенін, атом стансасы біздің балаларымыз және болашағымыз үшін керек екеніне тоқталды. «Егер көрші елдер бізге электр энергиясын беруден бас тарта қалса, онда басқаны айтпағанда, күнделікті жарықсыз қалу қаупіміз бар. Бұл жоба елімізді тығырықтан шығаратын халықаралық аренада беделін аттыратын үлкен мүмкіндік. Қытайда АЭС бар, Өзбекстан құрылысын жүргізуде. Мен де ұрпағымның жарқын болашағын ойлай отырып, АЭС салу ісін қолдаймын » – деп сөзін қортындылады.
Энергетикалық тәуелсіздік кепілі
Қоғамдық талқылау барысында АЭС салуы арқылы еліміздің энергетикалық тәуелсіздігі қалыптасатыны, жаңа жұмыс орындары құрылып, сабақтас салалардың дамуына даңғыл жол ашылатыны айтылды. Осы орайда қазір атом электр стансаларына қызмет көрсету үшін жоғары білікті мамандарды даярлауға ерекше назар аударылып отырғаны да ортаға салынды. Алматы облысының тұрғындары бейбіт атом энергетикасына қарсы еместіктерін білдірді. АЭС салу идеясын энергетика саласының ардагерлері де қолдап, энергетикалық дағдарыстан шығудың жалғыз шешімі осы екенін сенімділікпен жеткізді. Қоғам қайраткерлері АЭС қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыратынын айтса, жастар жағы жаңа технологиялардың дамуын атом энергетикасымен байланыстырды. Қонаевтағы жария талқылау қазақстандық қоғамның атом энергетикасын одан әрі дамытуға дайын екенін көрсетті. Жиналғандар еліміздің жаңа заманның, яғни атом энергетикасы дәуірінің табалдырығында тұрғанын оны болашақ ұрпақ үшін енгізіп, дамыту аса қажетін жария түрде мәлімдеп, жобаны бірауыздан қолдады.
Қазір Алматы облысы 608,4 МВт электр энергиясын тұтынады. Осының 303,31 МВт өзімізде өндірілсе, жалпы өндіріс көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) үлесі 547,809 млн кВт/сағ (62,36 МВт). Басқа өңірлерден 305,09 МВт сатып алынады. Дегенмен бұл көрсеткіштер энергия өндіруші стансалардың жұмыс режимдеріне сай өзгеріп отыруы мүмкін.
Алматы энергия торабын, атап айтқанда Алматы қаласын электр энергиямен ЖЭО-3 қамтамасыз етеді. 2026 жылға дейін ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті 600 МВт-қа кеңейту және ұлғайту жоспарланған. Алматы облысына энергияның 50%-ын немесе 300 МВт беру жоспарланған.
Алматы облысы қазір орта есеппен 550-630 МВт электр қуатын тұтынса, облыстың дамуын ескерсек бұл көрсеткіш 2050 жылға дейін 3000 МВт-қа дейін артуы және өндірілген қуаттарды бөлуде проблема туындауы мүмкін. Бұл мәселені шешу жаңа қосалқы стансалар салуды талап етеді.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы