Өйткені кино көрерменге ұсынылмас бұрын Роттердам кинофестивалінде жоғары бағаланып, Бельгияда өткен халықаралық кинофестивальде бас жүлде иеленген-ді. Жоғалған баласын іздеген ананың жағдайы баяндалған фильмге киносыншылардың берер бағасы мен айтар пікірі қандай екенін білу үшін Жанкелді Өмірәлиевпен сұхбаттасқан едік. Ол режиссер жұмысына тоқталып, «Дала қасқырының» кино әлеміндегі лайықты орнын айтып берді.
– «Дала қасқыры» фильмін жанрынан бастасақ. Кинематографиядағы мұндай жанрдағы фильмдер қазір көрерменнің талғамына сай ма? Олардың арасында қаншалықты өтімділікке ие?
– «Дала қасқыры» бұл – Әділхан Ержановтың авторлық фильмі. Арт-хаус. Бүгінде қарапайым көрермен арасында мұндай фильмдерді көретіндердің қарасы қалың деп айта алмаймын. Бір жағынан оларды қызықтырмауы мүмкін, қазіргі көрермен талғамына да сай келмейді-ау. олар прокаттан көп табыс әкелмейтіні рас, солай болса да стримингтерге жақсы сатылады. Киносүйер қауым бұл режиссерді жақсы көреді.
– Кино қазақ тұрмысын, қазақтың басындағы күнін сипаттайды деуге келе ме? Өйткені басты кейіпкерлеріне таңдалған есім құлағымызға жат естілді. Жалпы, кейіпкер есімі көрерменді тартуға ықпал ете ала ма?
– Әрине, Әділхан Ержанов түсірген фильмнің барлығы дерлік қазақ халқының басындағы өткендегі, бүгінгі күйін сипаттайды, сол туралы кеңірек дерек береді. Бұл аз десеңіз, режиссердің картиналарынан әлемде болып жатқан қазіргі актуалды мәселелерді айқын табуға болады. Оның өзінің мифологиясы бар. Бүкіл фильмнің оқиғасы Қаратас деген жерде өрбиді, ол жерді Қазақстан деп айтуға да болады.
Ал енді кейіпкерлерге қойылған есімге келер болсақ, әрине ол көп нарсеге әсер етеді. Фильмде қазақ үшін таңсық естілген есімді кейіпкерлердің болуы Әділхан Ержановтың шығармашылығындағы алғашқы дүние емес. Мұндай көрермен назарын аударатын дүние режиссер фильмінде көп кездеседі. Бұл жерде айта кетерлігі, кейіпкер есімі қазаққа жат болса да, жаны қазақ. «Дала қасқырындағы» басты рөлді сомдаған кейіпкер – Брайюк. Менің ойымша, бұл жерде «Брайюк» есімін қоюдың өзіндік сыры жатыр. Ол «бирюк» немесе «бөрік» деген сөзден шыққан. Былайша айтқанда, «жалғыз қасқыр» деген мағынаны білдіреді.
– Ал музыканың рөлі қандай? Молданазар әні Әділхан Ержановтың фильміне ерекше эффект бергендей.
– Дұрыс айтасыз, екі тұлғаның шығармашылықтарының арасында бір-бірін толықтырып отыратын үйлесім бар. Бұл жерде музыканың әр фильмге жан беретінін түсіну керек. Ал Әділхан Ержанов – өзінің кинотуындыларында музыканы көп қолданбайтын режиссер. Жарыққа шыққан соңғы жұмыстарынан байқағаным, Молданазармен бірге эксперименттер жасап жүр. Бір жағынан бұл шығармашылықта жүрген екі адамның арасындағы ынтымақтастықтың берік екенін көрсетіп отыр. Кино барысында Молданазардың саунды қосылған кезде Әділхан Ержановтың қатыгез қара фильмдеріне жан бітіп, гүлденіп, әсерленіп кететіндей. Өкінішке қарай, кино жұмысына музыканы көп қоса бермейді.
– Қазір кино әлемінде қалыптасқан дәстүр бар деп жатамыз. Көрерменнің ықыласына ие болу үшін хэппи-эндпен аяқтау керек пе? Бұл дәстүрдің «Дала қасқырында» ерекшелік тұстары байқалды ма?
– Мұндай дәстүр, киноның хэппи-эндпен, фильмнің жағымды оқиғамен аяқталуы деген сияқты фильм соңын Голливудтан келген деуге болады. Ал авторлық фильмдердің біразында хэппи-энд кездеспейді. Осы сияқты Ержановтың бірқатар фильмдерінде жағдай осындай. Яғни, кинотуындыларының көбі жақсы оқиғамен емес, керісінше кино соңында кейіпкерлердің жан тапсыруы, бір-бірінен айырылуы жиі болып жатады. Бұл да бір режиссердің философиясы.
– 102 минуттық хронометражда режиссердің негізі мақсаты, айтқысы келген ойы толық ашылды ма? Көзге түскен негізгі (деталь) кадрларынан атап көрсеңіз.
– Иә, бұл уақыт режиссердің негізгі ойын толық ашуға жетті деп айтуға болады. «Дала қасқыры» – классикалық неовестерн, кек алу оқиғасы. Көзге түскен кадрларды айтайын.
Біріншіден, көптеген атақты вестернге референстер жасалған. Екіншіден, Брайюк пен Тома (Тамара) арасындағы қарым-қатынас тым ерекше. Екі кейіпкер бір-бірін жақсы толықтырады. Соңында екеуі бір адамға айналады десе де болады. Тағы бір айта кетерлігі, фильм арасындағы юмор кино мазмұнын одан әрі аша түскендей.
– «Дала қасқыры» еліміз кинотеатрларына шықпас бұрын, бірқатар фестивальде жүлде алғаны белгілі. Тәжірибеңізге сүйене отырып мынаны айтыңызшы: «Халықаралық кинофестиваль» түсінігі өзгерістерге ұшырады ма?
– Қазір жер-жаһанда не көп – фестиваль көп. Қанша фестиваль болса, әрқайсысының маңыздылығы да ерекше. Арасында түрлі санаттағы фестиваль де бар. Мәселен, А санаттағы фестивальдерге қатысып, жүлдегер атанған киноларды шынымен де мықты, керемет туынды деуге болады. Әділхан Ержанов – бұрынғы тың шығармашылық жұмыстарымен бүкіл кинофестивальді аралап қойған режиссер. Сондықтан әлемдік фестивальдерге қатысып, жүлде алу режиссер үшін жәй ғана «сән» десе де болады. Фестивальдердің режиссер үшін де, фильм үшін де маңызы жоғары екенін айтып өту керек. Себебі олар киноның танымалдығын арттырып, прокатқа көмектеседі деп ойлаймын.
– Дәл қазір кинорежиссерлер, сценаристер кино жарыққа шықпай тұрып киносыншы, кинотану мамандарымен қаншалықты кеңеседі?
– Бүгінде көптеген кино шығармашылығындағы мамандар кинотанушылармен етене жұмыс істейді. Арасындағы байланыс бұрынғыдан әлдеқайда жақсарған. Олардың жұмысындағы кем-кетіктерді, олқылықтарды немесе жетпей тұрған нәрселерді киносыншылар, киноматографистер сценарийлерді түзету жұмыстарымен айналысады. Жасырын емес, осы жұмысы үшін табыс та тауып отыр. Ал кейбіреулері, тіпті сол режиссерлердің фильмдеріне де түседі. Мысалы, Кәрім Қадырбаев, Константин Козлов, Ғалия Байжанова секілді киносыншылар осы Әділхан Ержановтың картиналарындағы эпизодтарда түскен.
– Шығармашылық топтың шетелдік фестивальдерде топ жарған кинотуындысын қалай бағалайсыз?
– Мен «Дала қасқырына» 6,5 деген баға қояр едім. Өйткені бұл фильм Әділхан Ержановтың ең үздік деген авторлық қолтаңбасы бар «Қап-қара адам» немесе «Голиаф» секілді туындыларының қатарына кірмейді. Бірақ нашар дайындалған еңбек те айта алмаймын. Маған ұнағаны фильмдегі кейіпкерлер ғана, ал оқиғасы жағынан бір жаңа лепті сезбедім. Артық кадры көп сияқты ондай жерлерін қысқартып алып тастауға да болар ма еді? Былай айтқанда, әрине көруге тұрарлық фильм.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ