Жаздың соңғы айы – Алматыда пәтер құнының шарықтайтын уақы­ты. Мегаполис еліміздегі ең көп бі­лім ордалары шоғырланған қала екенін ескерсек, сәйкесінше, жыл сайын арман қуып келетін студенттер саны да толастаған емес.
Пәтерақы – тамыздың әуелгі «әні»
538
оқылды

Одан өзге елдің түкпір-түкпірінен экономика­лық маңызы бар шаһарға жұмыс іздеп, кәсіп бастауды көздеп ағылып келушілер тағы бар. Алматыдай ал­ып шаһарда баспаналы болуға ұм­­тыла­тындар көп, сондықтан мұн­да жылдың қай кезеңінде болмасын пә­тер­дің арзандағаны байқалмайды. 

Ресми деректерге сүйенсек, 2024 жыл­дың шілдесі 2022 жылғы сәуірден бергі тұрғын үй мәмілелерінің саны бойынша ең жоғары көрсеткіш тіркелген ай болды. Дәлірек айтсақ, сол уақыттан бері елімізде 40 мыңнан астам тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша мәміле жасалған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, шілде айында жасалған мәмілелер саны бойынша Алматы қаласы (7 091) тізімде көш бас­тап тұр. Шаһарда тұрғын үй құрылысы тоқтамай, жаңадан бой көтерген ғимараттар саны өссе де, баспана құнында айырмашы­лық байқалар емес. 

«Айына 67 мың теңге шәкіртақы аламыз»

Диана Холмуратова Алматы қаласын­дағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алады. Қаланың қарбалас тіршілігіне бойы үйрене бастаған Диана қазір 2-курсқа көшті. Кейіпкеріміздің сөзінше, жаңа оқу жылы қарсаңында университет жатақхана­сы­нан орын берілмеуіне байланысты амалсыздан пәтер іздеуге тура келген. Диана қолында маман екенін айқындайтын дип­ломы жоқ студенттер үшін пәтер маңын жа­ғалау, оның ақысын ай сайын төлеу оң­айға соқпайтынын айтады.

– Бізге Алматы қаласынан пәтер табу аса қиынға соққан жоқ. Бәлкім, жолымыз болып кеткен шығар. Пәтерді Алмалы ауданынан таптық. Шынымен де, пәтер құны қымбат. Айына 67 мың теңге шәкірт­ақы аламыз. Бірақ бұл студенттің қалада жүріп-тұруы мен тамағынан аспайды. Онымен қоса, пәтерге әрбіріміз 47 мың теңгеден төлейміз. Сондықтан бұл баға студенттің қалтасы үшін ауыр. Жалға алған пәтеріміз бен университеттің арасы 5-6 аялдамадан тұрады. Сондықтан күнделікті сабаққа бар­ып-келуімізге кедергі келтірмейді деп ойлаймын, – дейді студент Д. Холмуратова.

«Арада ешқандай келісімшарт қағазы болмады»

Ал оқуын биыл ғана тәмамдап, қолына дипломын алған Динара Сағатбекқызы ыңғайлы бағада пәтер жалдап тұру үшін қала сыртындағы баспаналарды қарастыру­ды жөн көрген. Жайлы әрі орташа бағадағы пәтерге қол жеткізуде Алматының әр түк­пірін шарлаған Динара ақыры пәтерді танысы арқылы тапқан.

– Шыны керек, қаладан пәтерді ұзақ іздедім. Көп жағдайда пәтер құны талапқа сай келмей жатады. Қазір Наурызбай ауданындағы Alma City тұрғын үй кешенінде бес қыз болып бірге тұрамыз. Пәтер екі бөлмелі, құны – 200 мың теңге. Бұл – ком­му­налдық қызметтің құнынан бөлек баға. 

Динара пәтерді жалға алу кезінде арада ешқандай ресми қағаздың болмағанын атап өтті. Десе де, бұл екі бөлмелі пәтерде жайлы өмір сүру үшін кедергі келтірмейтін көрі­н­еді.

– Өзім басқа қаладан болған соң алға­шында пәтер иесімен онлайн байланыс орнаттық. Арада ешқандай келісімшарт қағазы болмады, бірақ өзара келісім бар. Пәтерге кірген күннен бастап үй ішіндегі қажеттіліктің бәрін толықтырдық және кейбір тұстарына қайта жөндеу жұмыс­тарын жүргіздік. Ақысын үй иесінің өзі төлеп бер­ді. Қазір ай сайын пәтер ақысын уа­қытылы төлеп отырамыз. Пәтеріміз жайлы, өмір сүруіме ыңғайлы. Бағасына да лайық деп айта аламын. Өмір сүру салтыма ешқандай қиындық тудырмайды. Жұмыс орным үйім­нен алыс болса да, ең ыңғай­лысы мұнда қо­ғам­дық көлік әр 5 минут сайын жүреді, –  дейді Д. Сағатбекқызы.

Қазір Алматы қаласында орналасқан 35 жоғары оқу орнында жалпы саны 200 мыңға жуық студент білім алады. Олардың 62 пайызы (124 мың) – еліміздің түкпір-түк­пірінен білім іздеп келген студенттер. Алматы қаласы Жастар саясаты басқарма­сы­ның дерегінше, шаһарда 109 жатақхана жұ­мыс істейді. Дәл қазіргі уақытта жатақ­хана тапшылығы 28,7 мың төсек-орынды құрайды. Оңтүстік астанасында орын тепкен университеттерде білім алатын 200 мың­ға жуық студенттің 36 мыңы жатақ­хана­да тұрады.

Осы айда пәтер 10 пайызға қымбаттайды

Бүгінде риелтор маман Саяжан Мұхановаға Алматы қаласынан пәтер табу мәселесімен хабарласып, көмек сұрайтын­дар көп. Ол қала орталығында орналасқан пәтерлердің жалға берушілері студенттерді қарастыра бермейтінін, одан өзге балаларын жатақханаға орналастыра алмаған не­месе орналастырғысы келмейтін ата-аналар бар екенін негізге алды. 

– Жыл сайын тамыз айында пәтер ба­ғасы 10 пайызға өседі. Себебі бұл нағыз пә­тер іздеп келушілер саны артатын маусым болғандықтан, жалға берушілер де бағаны шарықтатады. Пәтерді студенттер жалға алатын болса, бағасын көтеріп қана қоймай, одан бөлек  депозит алады. Бірақ соның өзінде қаладан пәтер табу қиын. Әрине, осыдан кейін студенттер сабақтан тыс уақытта жұмыс істеуге мәжбүр. Өйткені білім алу керек әрі пәтер ақысын төлеуге тиіс. Өздеріңіз білетіндей, бүкіл ел аумағы бойынша университеттер ең көп орналас­қан қала – Алматы. Сондықтан мұнда жата­қхана жетіспеушілігі айқын байқа­лады. Ал жатақхана алыс аймақтан келген немесе көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға, яғни белгілі бір жеңілдігі бар студенттерге беріледі. Көп жағдайда студенттер алғашқы 1-2 жылын жатақханада өткізсе, 3-4 курста қаладан пәтер жалдап тұрады. Шынында, дәл қазір қаладан пәтер іздейтін студенттер мен ата-ана көп, – дейді ол.

Жалға берушілер үшін ең қолайлы кезең – тамыз айы

Саяжан Мұханова қаладағы біршама пәтердің бағасы сапасына сай келмейтінін айтып ашынады. Оның сөзінше, жалға берушілер үшін тамыз – ең ыңғайлы кезең. Тіпті, риелтор маман тамыз айы жақын­даған тұста жоғары бағаға жалдауға мәжбүр жаңа студенттерді қабылдау үшін бұрынғы пәтер жалдап тұрушыларын шығарып жіберетіндер де бар екенін жасырмады. 

– Өкінішке қарай, сапа бағаға лайық деп айта алмаймын. Студенттер жалға алатын болған соң жөндеу жұмыстары жасал­маған, жағдайы қарастырылмаған үйлердің бағасын көтеріп жібереді. Ал егер пәтерді отбасылы адамдар немесе ұзақ мерзімге алушылар болса, шамалы бағасын төмен­детеді. Негізі, қаладан алшақ орналасқан пәтер бағасы қала ішіндегі пәтер құнымен бірдей болып келеді. Сапасында айырма­шылық болуы мүмкін. Көпшілігі студенттерді қарастырмайды немесе пәтерді жо­ғары бағаға береді. Осының әсерінен сту­денттер пәтерді қала сыртынан іздейді. Қала сыртындағы пәтерлерге сұраныс аз болған соң жалға алушының студент екеніне қарамай, үйді жалға береді. Керісінше, қала ішінде сұраныс әрқашан бар. Сұраныс жоғары болғандықтан, пәтер иелері үшін жалға алушылар да табылады. Сол себепті олар студенттерді жиі қарастырмайды. Мен студенттер үшін ең қолайлысы – қала орта­лығындағы пәтерлер деп ойлаймын. Өйт­кені үйдің студенттер үшін сабаққа әрі жұ­мысқа жақын болғаны маңызды, – дейді риелтор.

Алаяқтан да сақтанған жөн

Сұхбат барысында Саяжан Мұханова әлеуметтік желілер арқылы, соның ішінде krisha.kz қосымшасы арқылы айласын іске асыратын алаяқтар көп екенін ескертті. Алматыға алғаш табан тіреген, шаһардан пәтер қарастырып жүрген оқырманға маманның айтар кеңесі де бар. 

– Қазір көбіміз білетін krisha.kz қосым­шасында алаяқтар өте көп. Олар желіге ар­зан бағадағы әдемі, жайлы үйдің суретін алдын ала жүктеп қояды. Мұндай алаяқ­тардың тұзағына көбіне студенттер немесе Алматыға алғаш келгелі отырған адамдар түсіп қалуы мүмкін. Жалған ақпарат беріп отырған алаяқтар жалға алушылардан алдын ала төлем қалдыруын сұрап, сосын пәтерді жалға алушының атына қалдыраты­н­ын айтып алдайды. Әсіресе, тамыз айы –  алаяқтардың әлеуметтік желі арқылы табыс табатын маусымы. Осы ретте пәтердің рес­ми құжаттары мен үйдің өзін көрмей, жалға берушілерге ақша жібермеуге кеңес беремін, – дейді Саяжан Мұханова.

Хостелдер санитарлық талаптарға сай келмейді

Сондай-ақ риелтор қазір қаладағы студенттерге арналған хостелдердің ахуалы мәз емес екенін тілге тиек етті. Саяжан Мұхан­ова­ның айтуынша, хостел сөз жүзінде студенттерге арналғанымен, мұнда келуші­лер­дің арасында студенттер санатына кірмейтін бөгде азаматтар да бар.

– Қаланың сыртында орналасқан хостелдер мен қала ішіндегі хостелдің біраз айырмашылығы бар. Шын мәнінде, студенттерге арналған хостелдер санитарлық талаптарға, онымен қоса ішкі жеке талаптарына да сай келмейді. Себебі оның ішіне студенттер ғана емес, жұмыс істеп жүрген адамдар да кіре алады. Қалтасында ақшасы болса, хостелге бәрін кіргізе алады. Пәтер бағасы әркез сұранысқа байланысты екенін тағы да айтып өткім келеді. Егер сұраныс көп болса баға көтеріледі, төмен болса, сәй­кесінше түседі. Мысалы, мамыр-шілде ай­ларының аралығында сұраныстың төмен болуына байланысты пәтер құны төмен­дейді. Өйткені бұл уа­қыт­та студенттердің көбі үйіне қайтады немесе пәтерлерін боса­тады, – дейді риел­тор С. Мұханова. 

Биыл еліміз бойынша пәтерді жалға беру бағасы маусым айының аяғынан тамыз айының басына дейін орта есеппен 3,6 пайызға дейін артқаны белгілі болды. Экономист мамандар студенттердің алыс шақырымнан үлкен қалаларға оралуы нар­ықтағы жалдамалы пәтердің құнына әсер етпей қоймайтынын айтып отыр.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы