Бірақ сонда да болса жойылып бара жатыр. Неге? Оның көптеген себебі бар. Ал оны сақтап қалу үшін кешенді іс-шаралар қажет дейді мамандар. Ендеше не істеліп жатыр, не істелуі керек?
Каспий ҒЗИ қашан ашылады?
Бұл тақырыпты қозғап жүргенімізге аз болған жоқ. Тіпті, соңғы бір материалымызда Мемлекет басшысының тапсырмасымен теңізді сақтау мақсатында Каспийдің экологиялық жағдайын зерттейтін Ғылыми-зерттеу институты құрылады деп бөркімізді аспанға атқан едік. «Институттың бас кеңсесі Ақтауда орналасады. Зертхана түрінде Атырауда филиал ашылады. Осылайша, Жайық-Каспий бассейнін толық қамтуға мүмкіндік бар. Мемлекеттен 1,7 миллард теңге бөлінеді, арнайы кемелер сатып алынады, шетелден білікті мамандар шақырылады» деп сүйіншіледік. Өйткені оған дейін бұл мәселені жергілікті экологтардың көтеріп жүргеніне он жылдың жүзі болған еді. Міне, содан бері 9 ай өтіпті. Институт ашылды деген хабар шыға қоймады. Осы ретте оған жауапты ведомствоға хабарласқанымызда, әлі де болса ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатқанын білдік.
«Институттың құрылуы жоспар бойынша іске асып жатыр. Әділет министрлігіне заңды тұлға ретінде тіркелді. Бүгінде Жарғылық капиталына қатысты мәселе шешілуде. Маңғыстау облысының әкімдігі маусым айында ғимаратын берді. Ол бұрын «Каспий» ӘКК-не тиесілі болған екен. Соны Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті арқылы институт балансына алып жатырмыз. Одан бөлек, су шаруашылығы мекемелерінен техникалар мен құрал-жабдықтар берілді. Солардың барлығын Жарғылық капитал есебіне енгізу жұмыстары жүруде. Одан да бөлек атқарылып жатқан жұмыс көп», – дейді Су ресурстары және ирригация министрлігі Ғылым және инновация департаментінің директоры Мүслім Жиенбаев.
Сол кезде хабарлағанымыздай, Ғылыми-зерттеу институты Каспий теңізінің экологиялық, су деңгейінің төмендеу проблемасын, итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу себептерін, Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау мәселелерін, ихтиофаунаны, Каспий су айдыны мен жағалауын зерттейтін болады. Сондай-ақ Каспий аумағындағы шекаралас мемлекеттердегі әріптестерімен өзара тығыз іс-қимылды қамтамасыз етпек. Институт Каспий теңізінің экожүйесі туралы шынайы және жан-жақты ақпарат береді. Бұл деректер мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың кешенді шаралар қабылдауына негіз болады. Ғылыми ұйым құру сонымен қатар Каспийді сақтау жөніндегі халықаралық және ұлттық міндеттемелерді толық көлемде орындауға мүмкіндік береді.
Қоғамды ақпараттандырып отыру қажет
Елімізде экологиялық іс-шаралардың негізгі легі қоғамдық бастамамен жүзеге асатыны белгілі. Тек жекелеген азаматтардың жанашырлығымен қаншама жұмыс атқарылуда. Солардың бірі – 2019 жылы Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтының (CAIER) негізінде құрылған Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы. Ол – осынау жойылып бара жатқан жануарға ветеринарлық жәрдем көрсететін Солтүстік Каспий теңізіндегі бірден-бір мамандандырылған мекеме. Бұл орталық жарақаттанған немесе ауру итбалықтарды емдейді. Жұмыс жүргізіп жатқан осы жылдар ішінде заңсыз құрылған балық аулайтын ауға түскен, сондай-ақ түрлі ауруға шалдыққан және жарақат алған Қызыл кітаптың 40-тан астам жануарын емдеп, табиғи тіршілік ортасына қайтарған. Осы ретте орталық емдеудің 63 мамандандырылған хаттамасын әзірлеген екен. Осы мақсатта олар мониторинг және зерттеу, экспедициялар, қоғамды ақпараттандыру және сауаттандыру жұмыстарын жүргізеді.
«Біздің орталық итбалықтарға нақты уақыт режимінде мониторинг жасау үшін озық, жеңіл электронды белгі – ен әзірлейді. Салынған ен итбалықтардың орын ауыстыруын және мінез-құлқын бақылауға мүмкіндік береді, осының арқасында оларға не қажет екенін және қандай қауіп төнетінін жақсырақ түсінуге жол ашылады. Орталықтың құрылуына негіз болған CAIER институты 2015 жылдан бастап Каспий теңізіндегі экологиялық ахуалды және соның салдарынан Каспий итбалығы популяциясының азаюын зерттеумен айналысады. Осы уақыт ішінде теңіздегі биоалуантүрлілік саласындағы әлемдік жетекші ғалымдардың қатысуымен 8 халықаралық экспедиция өткізілді. Бұл экспедициялардың деректері осы жануарды Қазақстанның Қызыл кітабына енгізуге негіз болды», – дейді Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтының (CAIER) негізін қалаушы, эколог Әсел Тасмағамбетова.
Оның айтуынша, бұл проблеманы шешу үшін қоғамды да тарту керек. Адамдар экологиялық жағынан сауатты болса, теңіз флорасы мен фаунасына жанашырлықпен қарап, оны қорғауға саналы түрде атсалысатын болады. Осы мақсатта орталық тұрақты негізде Каспий итбалығын сақтаудың маңызы және ол тап болатын қауіп-қатер туралы жұртшылықтың хабардар болуын арттыру мақсатында тиісті іс-шаралар өткізіп келеді екен. Соның ішінде БАҚ арқылы да жұмыстарды жан-жақты жолға қойған. Биылғы 28 маусымда олар Ақтаудың балықшылары мен жергілікті тұрғындары арасында Каспий итбалығының тіршілігі туралы сауалнама жүргізуді бастаған екен. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының (CISC) гранты аясында өтіп жатқан іс-шара нәтижесінде арнайы әдістеме дайындалатын болады.
Итбалықтар күшіктеуге қауқарсыз
Каспий итбалықтарына 10 жылдан астам уақыттан бері зерттеу жүргізіп келеді. Сол уақыттан бері олардың көші-қон жолдары, саны, ауру-сырқаулары, таралу аймағы туралы және тағы да басқа көптеген мәлімет жинаған. Соның негізінде көптеген ұсыным дайындаған. Бір өкініштісі, осынау зерттеулер нәтижесінде олар Каспий итбалығы жойылып бара жатқан түрге жатады деген нақты тұжырымға келіп отыр. Сол себепті де мұндағы жұмыстарды тез арада кешенді түрде қолға алу керек. Өйткені соңғы екі ғасырда итбалықтар өміріне қауіп төндіріп тұрған фактор өте көп болып отыр. Ол алғашқыда итбалық аулау кәсіпшілігінен басталса, бүгінде оған теңіздің тартылуы мен бұлғануы, теңіз табанынан мұнай өндіру, интенсивті балық шаруашылығы қосылып отыр. Осылардың салдарынан туындайтын түрлі ластаушы заттар теңіз мақұлығының денесінде жиналып, оның түрлі аурудан өлуіне әкеліп отыр. Гидробиология және экология институты мамандары анықтап отырған тағы бір себебі тіптен сорақы.
«Көптеген фактордың ақыры итбалықтар арасында аналық басының қысыр қалу ауруына алып келіп отыр. Яки, экологиялық жағдайдың нашарлауынан олар буаз бола алмайды. Бұл өткен ғасырдың 60-70-жылдарынан басталған. Сол кездің өзінде бұл көрсеткіш Каспий популяциясының 70%-ын құраған болса, қазір тіпті 90%-ға дейін жетіп жығылуы мүмкін. Бұл тұста нақты цифрлар жоқ болған соң, дөп басып айта алмаймын. Десе де, алдағы уақытта зерттеулер көрсетуі мүмкін. Мұның бір себебі: теңіздегі химиялық заттар, соның ішінде полиуретандар аналық жұмыртқаның дауына қатты кедергі келтіреді. Мұндай жағдай аталықтарда да кездеседі бірақ олардың ауқымын зерттеу күрделілігіне қарай мүмкін емес. Десе де қазір Экология, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің қолдауымен біз бұл жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Оны аяқтау үшін ұзақ уақыт қажет. Сондай-ақ итбалықтардың жаппай қырылуының себептерін анықтау жұмыстарын да жүргізіп жатырмыз», – дейді «Гидробиология және экология институты» мекемесінің директоры Мірғали Баймұқанов.
Оның айтуынша, зерттеудің ең басты мақсаты – Каспий итбалығының бүгінгі күрделі жағдайда аман қалу мүмкіндіктерін анықтау. Бірақ алдын ала пайым бойынша, мұндай мүмкіндік оларда аз болып отыр. Өйткені «жұт жеті ағайынды» демекші, Каспий теңізіне соңғы кезде жаһандық жылыну да қатты әсер етіп, жыл сайын мұз жабынының көлемі қысқарып келеді. Ал ол – итбалықтардың «перзентханасы». Оның үстіне, қысы жылы боп келетін жылдар да жиілеп барады. Итбалықтардың көбеюіне кесірін тигізіп тұрған тағы бір жайт – мұз жарғыш кемелердің көп жүретіні. Олар сонысымен итбалықтардың субстраттарын, яки мекендейтін, дамылдайтын, күшіктейтін ареалын бұзады. Тіпті, олардың өздерін жаншып кетіп жататын да кездер аз емес.
«Біз бұл мәселелерді шешу үшін өкілетті органдарға көптеген ұсыным беріп келеміз. Бірінші кезекте итбалықтардың көбейетін және дамылдайтын жерлерінде «ерекше қорғалатын аумақтар» құру керек. Ол дегеніміз – мұзды аумақтар. Мұндай ареалдарда ешқандай да кеме жүргізуге болмайды. Өкініштісі, біздің елімізде де, көрші Ресейде де мұз жабынының тұтастығы сақталуға тиіс ондай аймақ жоқ. Керісінше, Солтүстік Каспийде теңіз қайраңын игеру қарқынды жүруде. Ал «қорықтар» аумағы бар болғанымен, оны мақсатынан тыс пайдалануға шектеулер қою үшін халықаралық келісімге қол қойылуы керек. Сол себепті қорықта да олардың тыныштығын сақтау мүмкін болмай тұр. Осы ретте тағы бір айтарым, Каспийдегі итбалықтардың 98%-ы көктемгі түлеу кезінде және күзгі мұз қату кезеңін күту кезінде Қазақстанның жағалауына жиналады. Онда олардың ғасырлар бойы қалыптасқан жатақтары мен апандары бар. Сондай-ақ бұл орындар тек бізде ғана сақталып қалған. Ресей, Әзербайжан, Иран, Түрікменстанда жоқ. Бұл дегеніміз – еліміздің мойынында табиғаттың осынау бір мақұлығын сақтап қалу жолында қаншама жауапкершілік тұрғанын аңғартса керек», – дейді ол.
Мірғали Төлеуғалиұлы бүгінде бұл жолда жасалып жатқан шаруалардың бәрі өте аз екенін айтады. Әрі баяу жүруде. Каспий теңізі экологиясы институтын тездетіп құрып, мұндағы атқарылар іс-шараларды кешенді түрде жүргізу керек. Осы тұста ҒЗИ-дың кадрлық құрамын дұрыстап жасақтауға көңіл бөлу қажет. Дәл қазір Қазақстанда ондай кадрлық потенциалды табу қиындау. Сондықтан да оны қалыптастыру жолында резерваттың мүмкіндігін пайдалану керек. Мамандар сол жақта жыл он екі ай тұратындай база тұрғызған дұрыс. Одан кейін бірінші кезекте итбалықтарды ерекше қамқорлыққа алу керек. Әсіресе, оларды оңалту орталықтарын ашу керек. Өйткені көбіне-көп көктем мен күзде олардың жаппай қырылу жағдайлары жиі кездеседі, әрине оның табиғи себебі де болуы мүмкін. Бірақ егер олардың арасында шалажансар болса да тірідей қолға түскенін емдеп-сауықтырып, қайта өз ортасына жіберер болсақ, бұл да көп нәрсені шешер еді. Каспиймаңы елдерінің ішінде мұндай орталық тек Иранда ғана бар. Онда бұл істі мемлекет толыққанды жолға қойған. Ал бізде тек жекелеген қоғамдық бастамалардың арқасында ғана жүзеге асып жатыр. Негізінен, CAIER ғана айналысады. Бұл теңізге тамған тамшыдай ғана. Бізге бұл іске мемлекеттің өзі шындап кіріскені керек. Сонда ғана біз жойылып бара жатқан итбалықтарды сақтап қала алар едік.
Нұрлан ҚОСАЙ