Әлемде сан мыңдап аңғарға қойылып жатқан алып жел генераторы құс әлемінің өмір сүруіне орасан зор қауіп төндіруде. Бұл туралы отандық орнитолог Виктория Кошарь айтып
отыр.
Құстардың жұмақ мекені
817
оқылды

Әсілінде, әлемді мекен етушілердің ең көнесі саналатын құстар популизациясы тіршілігінің өзгеруі түрлі апатқа алып келуі ы­қтимал. Құстар жер бетін тазартушы күш­ке ие. Егер аспанда қанат жайған кез кел­ген құстың бір ғана түрін жойып алсақ, онымен бірге талай тіршілік иесі жоқ болмақ. 

АҚШ-тың жабайы табиғат тіршілігін зерттейтін National Geographic телеарнасы алдағы 100 жылда құстардың 1200-ге жуық түрі жойылып кетуі мүмкін деген болжам жасап отыр. Бұл жер планетасы үшін жойқын апат әкелуі де ғажап емес.

Осы уақытқа дейін орнитолог ғалымдар жер бетінде 428 миллиардтан астам құс өмір сүретіні туралы айтты. Бірақ бұл нақты сан емес. Зерттеулерге сүйенсек, кәдімгі торғай жер бетіндегі ең көп құс деп саналады. Олар­дың әлемде 1,6 миллиардтан астамы ұшып-қонса, одан кейінгі 1,3 миллиарды кептер болса керек. Бірақ бұл сан соңғы бірнеше жылда күрт азайып кетуі де мүмкін. Түрлі себеппен жойылып кеткен не жойы­лудың аз-ақ алдын­да тұрған құс біткенді әлем ға­лымдары қорғау керегін айтып ара­ша сұ­рағалы да 200 жылға жуық­таған. Бірақ құс­тардың қырылуы тоқтар емес. 

Ғалымдар құстар жойылып кетсе ең ал­дымен әлемде түрлі өсімдік тұқымының та­ралуы да азаяды деп түсіндіреді. Қара­па­йым ғана мысал келтірер болсақ, құстар жеміс­терді шоқыған шақтан оның тұқымы өзге қалдық­тан аршылып, шіріп кетуден аман қалады. Екіншіден, олар бір жерден келесі орынға өздерінің жемсаулары арқы­лы тұқым түрлерін тасымалдап, өсімдіктің алуантүр­лілігін байы­тады. Үшіншіден, егіс­тік алқап­тарындағы зия­ды жәндіктерді рет­теп отырса, одан кейін адам үшін зиянды құрт-құмырс­қадан айна­ланы тазартып жүреді екен. Бір сөзбен айт­қанда, құстар жоқ болып кетсе, жәндіктер популяциясы бақылаудан шыға­ды. Ғалым­­дардың есебін­ше, дүние­жүзінде құстар жыл сайын адам мен жануар­ларға қауіп төндіретін 400-ден 500 тоннаға дейінгі қоңыздар мен өзге де құрттарды жейді. Ал қанаттылардың егін­шілік саласындағы пай­дасын қара­­пайым диқанның өзі жыр етіп айтары сөз­сіз. Олар болмағанда егіннің шығымы азайып, аштық жайлауы да мүмкін екен. Одан бөлек, құс­тардың 900-ден астам түрі өсімдікті тозаң­дандыруға көмектеседі. 

Отандық орнитологияның ахуалы қалай?

Жалпы, құстарды бақылап, олардың ортасын, тіршілік ету аймағы мен ұя салуы және мекен ауыстыруын бақылау осы ор­ни­тология ғылымының еншісінде. Біз­дің елде де азды-көпті орнитологтар бар. Бірақ олар­­дың саны саусақпен санарлық қана. Сала мамандары бұған мемлекеттік дең­гей­­де мән берілмесе болашақта білікті кадр да қал­майды деп отыр. Тіпті, ЖОО-лар қоршаған орта және жабайы табиғат, аңшылықтану тағы басқа деп мамандар даярлағанымен, түлек­тердің барлығы бір­дей орнитология саласына бара бер­мейді. Ал барды деген күн­нің өзінде жас­тарды са­ла­ға икемдеп бау­лымаса, қызық­тырмаса, сезіндірмесе, бұл маңға кез кел­ген­нің жуық­­­тай қоюы екіталай.

«Әлемнің көптеген елінде жоғары оқу ор­ны орнитологияны жеке маман ретінде оқытпайды. Бұл дара әрі тар мамандықтар қатарына жататындықтан, көбіне осы ба­ғыт­та геология, биология және аңшы­лық­тану саласы бойынша білім алғандар келіп жата­ды. Білуімше, Германияда ғылыми негізде оқы­тылады. Уақыт өткен сайын орнитология маңызды саланың біріне айналып келеді. Алдағы уақытта маман даярлау ісі де қолға алынары анық. Бірақ келешекке бүгіннен бастап дайындалған жөн», – дейді С.Сейфул­лин атындағы Қазақ агротехникалық универ­ситетінің Аңшы­лықтану және балық шаруашы­­лығы кафед­расының меңгерушісі, биология ғылымда­рының кандидаты Гүлжан Әубәкірова. 

– Кеңес үкіметі құлаған шақта талай мықты орнитолог ала дорба арқалап күн­көрістің қамымен кетті. Сол мамандардан айырылып қалмағанда бүгінде еліміздегі құс­­­тарды қорғау мәселесі қазіргіден де жақ­­сы болар еді. Бірақ осы күнімізге де шү­­кір­ші­лік жасаймын. Өйткені қалай болғанда да Қазақ­стан құстар дүниесіне бей-жай қара­майты­нын мойындау керек, – дейді биоло­гия ғы­лым­дарының кандидаты Виктория Кошарь.

«Мен өмірімнің 55 жылын осы құстар әлемін зерттеуге арнадым. Бұрын құстану мамандығын арнайы оқытпағанымен құста­нушылар клубы деген болатын. Осы клуб­тан талай мықты маман түлеп ұшты. Өзім де сол клубтың түлегімін десем болады. Ал бізде­гі орнитология саласындағы басты мә­селе – мамандардың аздығы. Шы­нын айт­қанда, мамандар қартайып кетті. Жастар қажет. Осы екі жылдың ал­дында маған Қазақ­­станның биоалуан­түрлілікті сақ­тау қауымдас­тығының маман­­дары ха­бар­ласып, жастарға дәріс оқуымды сұра­ды. Алғашқыда универ­­­ситет­­тердегі қалыпты лекция деп ұқтым. Кейін арнайы лагерь құрылып жат­қанын естіп қатты қуандым. Себебі мұндай лагерлерьден нағыз маман, шын жанашыр шығады. Екі жылдан бері мен лагерьдің тұрақты тәлімгеріне айнал­дым. Былтырғы жылы осы жастардың арасы­нан ерекше көзге түскен екі студентті өз шә­кір­тім етіп алдым. Биыл зерек бала­­лардың қатары артып отыр. Мен осыған қуанамын. Өйткені бізде орнитолог азайса онда құстар­дың өміріне қауіп төнуі мүмкін. Ал сырттан келген маман жергілікті дүние­таныммен еш­қашан үйлесе алмайды. Міне, сондықтан кез келген маман өз ішімізден осы даланың ауа­сын иіскеп, топырағын басып өсуі керек», – дейді ғалым, белгілі орнитолог Виктория Кошарь.

Орнитолог ғалым айтқандай, Қорғал­жын қорығында Орнитологиялық лагерь екі жылдан бері жұмыс істей бастаған. Қорық­тағы Қаражар кордонында тамыз айының 4-11 күндері аралығында қазақстандық сту­­­­­­дент­­­­­­терге арналған Орнитологиялық да­ла­лық лагерьге арнайы барып, жұмы­сы­ның бір күнімен танысып қайттық. Жас­тардың көзқарасын білдік. Бұл іске мұрын­дық бол­ған – Қазақ­станның био­­­­алуан­­­­түр­лілікті сақ­тау қауымдастығы мен Қорғалжын қоры­ғының әкімшілігі. Лагерьде Атырау, Астана, Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл қалаларынан келген жараты­лыстану маман­дықтарында оқитын студент­­тер жүр. Мұнда жастар ең ал­­дымен құстардың түрлерін ажы­ра­тып, одан соң сырттай зерттеу тәсіл­дерін үйре­­неді. Дәрістерді көпжылдық тәжірибесі бар жоғары білікті дала зоологтары, зерттеу­шілері мен мамандары жүргізуде.

Еліміздегі белгілі орнитолог, «Қазақстан құстары анықтамалығы» кітабының авторы Виктория Кошарьдан жастардың үйренері де мол. Мұндай тәжірибелі маманның тәлім беруі шынымен қажет-ақ. 

«Құстарды түбегейлі зерттей бастағаны­ма үш жылдың жүзі болды. Талай қызықты да қиын дүниені бастан өткердім. Әрине, жастарды тәрбиелеу керек. Оларды қызық­тыра алу ең маңыздысы. Ал бұл саланы кі­­­­тап­пен отырып не мұғалімнің айтқанын тыңдап үйрене салуға болмайды. Бұл салаға бел ше­­шіп келу керек. Себебі уақытыңның көбі да­лада өтеді. Құстарды зерттеумен, олар­дың тіршілік етуін зерделейміз, санай­мыз, жасын есептеп денсаулығын бақылай­мыз. Сырттай қарағанда жәй жүр­ген болып көрінуі мүмкін, түбегейлі бақылап зерттеп, са­нап шығу ұзақ уақытты талап етеді», – дейді жас орнитолог Құдай­берген Әмірқұлов. 

Құстарға қауіп қайдан келеді?

Әзірге біздің елден құстарға келер төтен­ше қауіп жоқ. Бірақ орнитолог мамандар далада керілген электр сымдары да олардың тіршілі­­гіне едәуір зиян екенін айтып отыр. 

«Үлкен құстар керілген жоғары кернеуді байқамай келіп тоққа түсіп жатады. Бүгінде адам саны көбейіп, түрлі зауыт пен үлкен ғимарат салынуда. Одан бөлек, құстың өмір сүруіне қолайлы аймақтар тарайып жатыр. Атап айтқанда, көлшіктер мен шағын ор­­­­ман­дар, шалшықты жерлер мен қамысты өлкелер, тау аңғарлары мен ормандар. Бұл құс біткеннің мекені деген сөз. Адам қолы­мен осының барлығы тегістеліп кетіп жа­тыр. Мысалы, Ас­­­та­­­­­­­­­­­­­наның іргесіндегі Тал­дыкөл бүгінде сар­қылып бітті. Ол жерде та­лай құстың түрі бол­ған. Қазір олар өзінің тіршілік ету мекенін жоғалтты. Бұл тек бір ғана мысал. Ал әлемде мұндай жағдай мың­дап саналады. Сондықтан кез келген ке­шен­­­­­­­ді бастамастан  бұрын жан-жақты зертте­луі ке­рек», – дейді орнитолог Құдай­берген Әмірқұлов.

Қорық инспекторы Жеңісбек Нұрма­ғанбетовтің айтуынша, қазақ даласы, оның ішінде Қорғалжын қорығы күллі әлемнің құстары үшін жұмақ мекен болып тұр. 

«Оңтүстіктен солтүстікке ұя салып ба­лапан шығару үшін сапарлайтын жыл құс­тарының басым бөлігі аялдайтын жерұйық бұл. Картаға қарасақ, көлі мен қамысы ну бо­лып жайқалған мекен. Жыл құстары ең аз дегенде біздің көлдерге бір аптадан он күнге дейін аялдайды. Бұл аумақ адам көзі­­­­нен де аулақ. Құс үшін мұндай жайлы мекен әлемде саусақпен санарлық қана. Қорық аумағында жиырмадан астам көл мен көл­­шік бар. Құстар осы көлдерге жиналады. Мұн­­­­да отандық турис­терден бөлек шетелдік сая­хатшы көп келеді. Барлығының мақ­­­­саты – жер жүзінен жиналған құстарды бір жерден, бір көлде жүз­ген шақтарында көру. Бұл енді өзінше бір керемет әлем. Қазірдің өзінде біздің көлдерде 365-тен астам құстың түрі мекендеп жатыр, жыл сайын саны да ар­тып келеді. Сондықтан біз Қорғалжынмен мақтануымыз керек», – дейді мемлекеттік инспектор Жеңісбек. 

Қоқиқазға мекен болған қорық шы­­ны­мен де ерекше. Орнитологтардың жұмысы – осы сынды Қызыл кітапқа енген құстардың тіршілігін бақылап, оларды өз ерекшелік­­­теріне қарай тану. Бір қызығы, белгі қойыл­­ған қанаттылар келесі күзде өзі ғана емес, отбасы болып оралады екен. Біз орнито­­логтардың назарына іліккен сыбырлақ қос аққудың 4 бірдей балапанын ертіп, үлкен теңіз көлінің шетінде еркін жүзіп жүрген сәтінің куәсі болдық. Бұл – қос аққу осы жерді үшінші жыл мекен етіпті. Енді, міне көгілдірлерін ертіп жүр. Мамандар бұл ақ­қулардың күз орала кетіп, ерте көктемде қайта оралатынына се­німді. 

«Бір күннің ішінде құстардың 35-40 түрін санап дәптерге тіркейміз. Осында жүр­генімізге бір аптадан асты. Шамамен 200-ден астам құс түрін зерделедік. Енді осы байқаған құстарды суретке түсіріп, айыр­­машылығын танып, қай түрге жататынын және шамамен қанша жаста екенін анықтап жатырмыз. Қазір мен ұстаз­­­дардың үйре­­туімен 30-35 құс түрін алыстан көзбен кө­ріп-ақ танып, ажы­ратып бере аламын. Ал­да­­­­ғы уақытта өзімді осы орнитоло­гия са­ла­­сының маманы ретінде шыңдай түс­пекпін. Өзім қазір құс­тардың денсаулығы мен оларға келер қауіпті анықтап жатырмын. Құс­­­­­тарды қорғамасақ, кейбір түрі мүлде жо­йы­­­­­лып кетуге шақ тұр. Мысалы, мен осы­ған дейін Қызыл кітапқа енген тарғақ құсын зерт­­­теуге арналған жобаға қа­тыс­­қанмын. Енді оған қамқорлық жа­са­масақ, тек кітаптардан ғана көруіміз мүм­кін», – дейді қостанайлық студент Серік Аман­гелдиев. 

Ақсұңқар деген құс бар. Өзі өте сулу әрі асқан қырандығымен ерекшеленеді. Кеңес үкіметі құлаған шақта осы құстың сан мың­­дағанын араб шейхтері қазақ даласынан еркін тасыды. Қазір бұл құсты кездестіру өте қиын екен. Өйткені оны кезінде үлкен кі­шісіне қарамай араб асырғанымен құстар ол жаққа барып аштан қырылған. Себебі ба­лапан құсты енесі баулымаса аң қалай ал­мақ? Осылайша, құстың бұл түрі де өкі­­ніш­ке қарай, Қызыл кітапқа еніп отыр. 

Әлем құстарына алдымен Киви және Сей­шел аралдары мен Таяу Шығыста да­мылсыз болатын соғыс үлкен апат болып отыр. Бұл екі арал да құс қайтқан кезде да­мыл­дайтын жолда орналасқан. Ал осыны пайдаланған жергілікті тұрғындар жаппай тұзақ пен тор құрып, құстарды ұстап, теңіз ар­қылы ірі қала­­­­­ларға тағам ретінде сауда­лайды екен. Есеп бо­йынша топталып ұшқан құстар­дың әр тізбегінде 100-150-ден қанат­ты болса, соның осы аралдардан қайта көкке көтерілетіні 30 шақты ғана. Ал соғыс жағдайы қайтқан құс­тың қонып дамыл­дауына мұрсат бермейді. Осылайша, қонақ таппаған құстар қанаттары талып, жерге не теңізге құлап қырылуда. Ма­ман­дардың тағы бір айтқаны, бүгінде жасыл энергия жүйесін құру үшін өте үлкен жел гене­раторлары жаппай орна­тылуда. Бір қы­зығы, осы алып құрылыс­тар дәл осы құстың қайту жолына орнатылады екен. Ғылыми дәлел бойынша тау аңғарлары мен жел өті құс біткеннің жолы болса керек. Ал желі көп жерге мың­даған генератордың ор­натылары арнық. Осылайша, құстар алып құрылғының қанатына тізбегімен келіп соғы­лып жаппай өлім құшатын көрінеді. Ор­нитолог ғалымдар құс қайтқан шақта осы генераторларды тым құрығанда уақытша тоқтатудың мүмкіндігін жасаса құстар өмірі­не адамдардың оң әсер етуі болар еді дейді.

Бердібек ҚАБАЙ