Үкіметтің жаңа цифрлық білім беру құралдарын енгізу бастамасына арналған Financial Times жариялаған мақалаға сүйенген Aikyn.kz мектеп жүйесін реформалаудың жаңа концепциясын талдайды.
Білім министрі Ли Чжу Хо өткен аптада ЖИ мүмкіндіктері бар планшеттер корейлік мектеп жүйесін өзгертуде «басты рөл» атқаратынын мәлімдеді. Фото dzen.ru сайтынан алынды
Оңтүстік Корея мектептерде жасанды интеллектпен жұмыс істейтін цифрлық оқулықтарды енгізу жоспарын жариялады. Бұл жоспарға қарсы шыққан ғалымдар мен ата-аналар тобы ЖИ-ге негізделген оқулықтар балаларды цифрлық құрылғыларға шамадан тыс тәуелді етіп, психикалық денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін екенін айтуда.
Корей үкіметі 2028 жылға ЖИ қосымшаларын музыка, өнер, денешынықтыру және этикадан басқа барлық пәндерге енгізбекші. Білім министрі Ли Чжу Хо өткен аптада ЖИ мүмкіндіктері бар планшеттер корейлік мектеп жүйесін өзгертуде «басты рөл» атқаратынын мәлімдеді. Технология келесі жылы 8 жастан асқан оқушыларға арналған сыныптарға енгізілмек.
Бірақ Оңтүстік Корея үкіметінің жаңа бастамасы әлемде алғаш рет іске асырылмақшы, бұл балаларының смартфондар мен планшеттерге қазірдің өзінде көп уақыт жұмсайтынына алаңдайтын көптеген ата-аналардың қарсылығын тудырды.
Корейлік үкімет жаттанды оқытуға негізделген дәстүрлі оқыту жүйесі инновацияны тұншықтырады деп алаңдайды. Фото cryptopolitan.com сайтынан алынды
ЭЫДҰ-ның (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) студенттерді бағалау тестілерінің нәтижелері бойынша Оңтүстік Корея тұрақты түрде ең жоғары орындарды иемденіп келеді. Дегенмен корейлік үкімет жаттанды оқытуға негізделген дәстүрлі оқыту жүйесі инновацияны тұншықтырады деп алаңдайды, өйткені ел технологиялық инновацияға көшу арқылы дәстүрлі өндірісті азайтуға күш салуда.
«Біз барлығымыз біржақты, есте сақтауға негізделген сыныптан студенттердің шығармашылық ойлауына, таңдау еркіндігіне көшу керекпіз. 2025 жыл осы өзгерістер үшін шешуші жыл болады және біз мұғалімдерге сабақ беру тәжірибелерін өзгертуге көмектесіп, ЖИ мүмкіндігі бар оқулықтарды пайдалануымыз керек», – дейді министр Ли.
Оңтүстік Кореяның білім министрлігінің хабарлауынша, ЖИ мүмкіндіктері орнатылған планшеттер «алғыр оқушылар» мен «баяу оқитындарды» бағалай алатындай және осы екі топтың әрқайсысына жасанды интеллект арқылы жасалған қиындық деңгейлері әртүрлі тапсырмалар беретін болады.
Үкімет жаңа цифрлық оқулықтар мен жасанды интеллектпен жұмыс істейтін білім беру құралдарының LG және Samsung сияқты кореялық технологиялық компаниялар жасап жатқанын жариялады. Дегенмен жаңа оқулықтардың қалай жұмыс істейтіні немесе ЖИ-дің «галлюцинациясы» немесе қателіктерге бейімділігінен қалай қорғалатыны туралы аз мәлімет беруде.
Мұғалімдер ЖИ-дің көмегімен оқушылардың білімін цифрлық бақылау тақтасы арқылы бақылайтын болады. Фото habr.com сайтынан алынды. Авторлығы: asia.nikkei.com
Оңтүстік Корея үкіметінің жоспары бойынша ЖИ қолданбалары 2028 жылға қарай музыка, өнер, денешынықтыру және этикадан басқа барлық пәндерге енгізіледі. Мұғалімдер оқушылардың білімін цифрлық бақылау тақтасы арқылы бақылайтын болады. Оқушыларға ЖИ құралдарын жауапкершілікпен пайдалануға көмектесу үшін цифрлық сауаттылық сабақтары өткізіледі.
«Жасанды интеллект негізіндегі оқулықтар мұғалімдерге қолындағы деректер негізінде әр оқушының оқу деңгейі мен қарқынын бағалауға және әр оқушының қабілетіне қарай дербес білім беру бағдарламасын жасауға мүмкіндік береді», – дейді мемлекеттік шенеуніктер.
«Қазір көптеген студент сабақта ұйықтап отырады. Өйткені олар жеке дайындық мектептерінде материалды оқып қойған, сабақ қызық емес. Ал ЖИ қосылған оқулықтар оқушының қабілетіне қарай әртүрлі контент пен тапсырма береді, олардың оқуға деген қызығушылығын оятады және шығармашылық ойлауына көмектеседі», – дейді білім министрлігінің шенеуніктері.
50 мыңнан астам ата-ана үкіметтен оқушылардың денсаулығы мен жалпы әл-ауқатына көбірек көңіл бөлуді талап ететін петицияға қол қойды. Фото ferra.ru сайтынан алынды. Авторлығы: генеративті ЖИ жасаған сурет
Бірақ көптеген сарапшылар үкіметтің ұсыныстарына күмәнмен қарайды. Сеулдегі Чунг-Ан университетінің әлеуметтану профессоры Шин Кванг-Ён «ЖИ қазіргі уақытта мегатренд болғандықтан, үкімет ЖИ оқулықтарының «жағымсыз әсерлерін дұрыс бағаламай тым асығыс енгізуде» дейді. 50 мыңнан астам ата-ана үкіметтен оқушылардың денсаулығы мен жалпы әл-ауқатына көбірек көңіл бөлуді талап ететін петицияға қол қойған.
«Біз, ата-аналар, [балаларымызға] цифрлық құрылғылардың әсерінен туындайтын бұрын-соңды болмаған көптеген қиындықтарға тап болып отырмыз», – делінген петицияда.
Сеулдегі мектеп жасындағы екі ұлдың анасы, 41 жастағы Ли Сон Ён жасанды интеллект негізіндегі оқулықтардан гөрі оқушыларға мектептен кейінгі уақытта көмектесетін мұғалімдерді көбірек жалдағанды қалайтынын айтады.
«Цифрлық құрылғыларды тым көп пайдалану олардың миының дамуына, ақпаратты зейін қойып қабылдауға және проблемаларды шешуге кері әсер етуі мүмкін деп алаңдаймын. Олар қазірдің өзінде смартфондар мен планшеттерді тым көп пайдаланады», – дейді ол.
Оңтүстік Корея үкіметінің ЖИ негізіндегі оқулықтарды енгізуін мұғалімдердің басым бөлігі құптаған, Корея мұғалімдер қауымдастығы федерациясы сауалнама жүргізген мемлекеттік мектеп мұғалімдерінің 54 пайызы жаңа білім беру технологиясына қолдау білдірген.
Мемлекеттер арасындағы бәсекелестік оқушылардың денсаулығын екінші орынға шегереді. Фото mojseul.ru сайтынан алынды
Оңтүстік Кореяның бұл қадамы смартфондар мен планшеттерді мектептерде қолдануды шектеуге бағытталған дамыған елдердегі үрдісті жоққа шығаруы мүмкін. Болашақта мемлекеттер арасындағы бәсекелестік білім мен ғылымды игеруге тәуелді болғандықтан, оқушылардың денсаулығы екінші орынға шегерілуін де жоққа шығара алмаймыз.
Біздің ойымызша, оқу процесінде ЖИ-ді жаппай қолдану жалған ақпарат тарату, плагиат проблемасын және оқушының жеке деректерінің интернет желісіне ағып кетуіне байланысты қауіптерді күшейте түседі. Сондықтан мұндай қауіптердің алдын алу үшін білім беру жүйесіне ЖИ жүйелерін енгізуден бұрын білімді тексеру және емтихан әдістерін дұрыс бағалап, қайта қарау керек сияқты.
Мына әзіл видеода кейбір елдердегі білім жүйесіндегі «қызықты оқиғалар» баяндалады:
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.