Талдықорғандағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында 7 жастағы бала жәбір көруі мүмкін. Ата-ананың сөзіне сенсек, жеткіншек уақытылы ұйықтамағаны үшін тәрбиеші оған үтік басқан, – деп хабарлайды Aikyn.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.
Баланың сол иығында үтіктің ізі ап-анық көрініп тұр. Әкесінің айтуынша, Роман уақытылы ұйықтамағаны үшін осылай жазаланған. Қазір жеткіншектің денсаулығы қалыпты, күйген тері жазылып келеді. Ал бейімдеу орталығындағылар қаздың майына дейін жағып, жараны жылдам жазып алуға тырысқан. Туыстары «біраз уақыт өтсе, ұлымыздың аяусыз азапталғанын білмей қалатын едік» дейді.
– Орталықтағылар жағдайды жасырып қалғысы келген. Үйімізге келіп, келісімге келуді сұрап жүр. Басқа балалар жәбір көрмес үшін, істі аяғына дейін апарамыз. Әйелім сырқаттанып ауруханада ұзақ жатқан соң, балаларым сол орталыққа түскен. Өкінішке қарай, жарым жақында қайтыс болды, балаларды әжесі екеуміз қараймыз, – деді қала тұрғыны Роман Полянин.
Бала азаптады деп күдікке ілінген тәрбиеші бейімдеу орталығында 4 жыл жұмыс істепті. Осы жағдайдан кейін ол өз еркімен жұмыстан кеткен. Ал орталық директоры «бұл – жазатайым оқиға» деп басын ала қашты.
Айта кетейік, Полиция департаменті аталған дерекке қатысты іс бастады. Кәмелетке толмағандарға байланысты ықтимал қатыгездік фактісі бойынша іс қозғалуы мүмкін.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.