Алматы әуежайында рейсі кешіккен азаматтар жанжал шығарды. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
FlyArystan әуе кемесі «Алматы – Астана» бағытында сағат 09:05 ұшуы керек болған. Алайда жүйедегі техникалық ақауға байланысты жолаушыларға алдымен рейстің 10:55-ке ауысқаны туралы, одан кейін 09:25-те ұшатыны туралы ескерту хабарлама келген. Оқиға салдарынан біраз жолаушы рейске мініп үлгермей қалған.
Уақытылы ұшып кете алмаған жолаушылар әуе компаниясының тіркеу үстелінде шу шығарып, бірнеше затты қиратқан. Аталған жағдайға байланысты Көліктегі Полиция департаменті түсініктеме берді.
«Әуекомпания қызметкерлері полицияға арызбен жүгінді. Тексеру кезінде 31 жастағы әйелдің өзін дөрекі ұстап, әуекомпания қызметкерлеріне бейәдеп сөз айтқаны анықталды. Сонымен қатар ол тіркеу үстеліндегі мониторды зақымдаған. Әйелге қатысты көлік полицейлері ұсақ бұзақылық және бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру бойынша әкімшілік іс қозғады. Жиналған материалдар сотқа жібереді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.