Тамыз кеңесінің мақсаты – цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу жағдайында білім беру жүйесін дамытудың бірыңғай ұстанымдарын қалыптастыру.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайында сөйлеген сөзінде: «Қазақстан жаппай цифрланған және жасанды интеллект жүйесі қарқынды дамыған елге айналуға тиіс.
Бұл – біздің стратегиялық міндетіміз. Бұл технология жақын арада әлемді түбегейлі өзгертеді», – деп атап өткен болатын. Цифрлық технологияларды, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, ең алдымен, сапалы контент жасауға, дербестендірілген оқыту мен бағалау үшін жағдайлар жасауға, әрбір білім алушының, педагогтің және білім беру ұйымының қажеттіліктерін ескере отырып, оқу процесін жетілдіруге бағытталады деп күтілуде. Жасанды интеллект деректерді талдау және болжау негізінде білім беру ұйымдарын тиімді басқару үшін қолданылатын болады.
Осы орайда Жезқазған қаласында цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу жағдайында білім беру жүйесін дамытудың бірыңғай ұстанымдарын қалыптастыру мақсатында облыстық білім саласы қызметкерлерінің «DIGITAL KAZAKHSTAN: жаңа замандағы білім беру» тамыз кеңесі аясында секциялық отырыстар өтті. Кеңеске оффлайн форматта 300, онлайн форматта 700-ден аса Ұлытау облысының білім беру ұйымдарының педагогтері қатысты. 50 спикер жаңа заманның білім беру кеңістігіндегі озық тәжірибелерін таратып, жасанды интеллекттің жаңа мүмкіндіктерімен бөлісті.
Секциялық отырыстың бірінші бөлімінде 8 бағытта 59 педагог өздерінің білім беруде қолданып жатқан тиімді практикалық тәжірибелерімен бөлісті.
Секциялық отырыстың екінші бөлімі 12 нысаналы мектеп директоры, оқу-ісі жөніндегі орынбасарлары, облыстық нысаналы мектептермен жұмыс істеп жатқан әдіскерлер, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы қызметкерлеріне «Баршаға қолжетімді сапалы білім: мектептерді бірлесе дамыту стратегиялары» тақырыбында өтті.
Сонымен қатар пленарлық отырыста цифрлық көрме ұйымдастырылды.
Цифрлық көрме қамтыған 4 жұмыс бағыты бойынша 25 педагог өздерінің инновациялық идеяларымен бөлісті.
Пленарлық сессия алаңында облыстық білім берудегі цифрлық ресурстарды қамтамасыз етіп отырған орталықтар «Өрлеу» инновациялық технологиялар орталығы мен QAZAQ MURA проектінің координаторлары таныстырылым жасады.
Пленарлық сессияның ресми бөлімі Ұлытау облысының Білім басқармасының басшының міндетін атқарушы Төребеков Мараттың басшылығымен, Қазақ ұлттық қыздар университетінің Digital Lady технопаркінің инженер-программисті, оқытушы Хамза Дәулетбек, STEM-academia директоры Мұраталиұлы Залқарбек, «Ұстаз ұлытау» жобаларды басқару департаментінің директоры Әбенов Серік қатысуымен өтті.
Пленарлық отырыстың тақырыптық алаңында STEM-academia директоры Мұраталиұлы Залқарбектің «Жасанды интеллект», Қазақ ұлттық қыздар университетінің Digital Lady технопаркінің инженер-программисті, оқытушы Хамза Дәулетбек «Заманауи мұғалімнің цифрлық құзыреттілігі» және «Ұстаз ұлытау» жобаларды басқару департаментінің директордың бірінші орынбасары Әбенов Серік «Өңірдегі орта білім беруді дамыту перспективалары» тақырыбында тәжірибелерімен бөлісті.
Облыстың білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін бірқатар білім саласы қызметкері марапатталды.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Ұлытау облысы