Соңғы жылдары Сыр өңірінің білім саласы сыр беріп тұрғанын бұған дейін де айтып жүрміз. Бірнеше жылдан бері басы даудан арылмаған салаға серпін беретін тың бастамалар бой көрсетер деп үміттенгенімізбен, күн санап түрлі келеңсіздіктен көз ашпай тұр. Басшы ауысса да, бассыздықтар ауыздықталар емес. Ал бұл жолғы жағдай тіпті сұмдық.
Ең алғаш қызының жаға ұстатарлық оқиғасы жайында өз отбасы тамыз айының басында біледі. Нақты айтқанда, ақпан айынан бері оқушы қызды екі сыныптасы мен оның туыстары мәжбүрлеп жезөкшелікке жегіп келген. Жезөкшелік қызмет жәбір көрсетуші сыныптасының пәтерінде, қонақүйлерде және сауналарда жүргізіліпті. Қатарластары дәрменсіз қызды лас әрекетке көндіру мақсатында әурет жерін күйдіріп, денесіне целлофан пакеттерді балқытып, тамызып, азаптаған. Сондай-ақ қағазды өртеп, ішкиіміне салған, жыныс мүшесін тілгілейтінін айтып та қорқытқан көрінеді. Егер де талаптарын орындамаса, ата-анасына қауіп төндіретінін айтып та, мәжбүрлеген. Ең сорақысы сол, шарасыз қыздың интимдік қызметі үшін осы істі ұйымдастырушылардың картасына 1 000-нан астам ер адамнан ақша аударымдары жасалғаны белгілі болып отыр. Бұл жайында өткен аптада Астанада жәбірленушінің анасы «Не молчи» қорының құқық қорғаушыларымен бірлесіп өткізген баспасөз мәслихатында көпшілікке жария етті.
Анасының сөзіне сүйенсек, қаршадай қыздың жыл басынан бермен қарай көрмеген қорлығы жоқ. Екі сыныптасы ойына келгенін істеген көрінеді. Қыздың өз үйіне жиі түнемей, бірнеше күн қатарынан жоғалып кететін кездері жиілей бастаған. Анасының айтуынша, бұл іске би үйірмесіне бірге барып жүрген сыныптас құрбысының қатысы бар деп санайды. Ең қиыны, қос сыныптасының лас тірлікпен айналысып жүргенін олардың ата-аналары біле тұра ешқандай шара қолданбай, есесіне өздері де көмектескенін алға тартады. Кейіннен белгілі болғандай, жыныстық қызметке осы кезге дейін банктік картаға 10 млн теңге түскені жария болды.
Сұмдық оқиға бір сәтке де қоғамның қызу талқысынан түскен емес. Халық оқушы қыздың келешегіне балта шапқандардың тиісті жазасын алуын күтіп жүр.
Азапталған қыздың ақиқаты көпке жария болғаннан кейін оқиғаға тікелей қатысы бар деген күдікпен қос жасөспірімнің қамауға алынғаны мәлім болды. Соттың аталмыш іске байланысты мәлімдеуінде «Қылмыстық кодекстің 134-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша кәмелетке толмаған күдіктілер Қ.А. және М-ге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы тергеушінің өтінішхаты Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотына түскен. Сот қаулысымен тергеушінің өтінішхаты қанағаттандырылмай, кәмелетке толмаған күдіктілерге 2 ай мерзімге «үй қамақ» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған делінген.
Осы оқиғадан кейін өткен аптада Қызылорда облыстық әкімдігінде де арнайы жиын өткізілді. Онда кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу фактісіне орай білім беру саласының жауапты тұлғалары жұмыстан босатылатыны айтылды.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев атышулы қылмыстан жарты жылға жуық уақыттан бері Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы мен қыз білім алатын мектеп мұғалімлерінің бейхабар болғанын қатаң сынға алды.
«Әлеуметтік желілерде учаскелік полиция инспекторы мен мектептің ювеналды полиция қызметкері мәселеден хабардар болғаны жөнінде ақпарат тарады. Негізгі салғырттық осы қызметкерлерден басталған. Өздеріне бекітілген аумақтағы ахуалды алдын ала зерделеп, әр тұрғынды бақылауы тиіс еді. Бірақ ондай жұмыс мүлде жүргізілмеген. Білім саласының мамандары да қызметтеріне немқұрайды қараған. Мектеп басшылығы, педагогтер, мектеп инспекторы, өз міндеттеріңізді орындамағансыздар! Мектеп психологі, сынып жетекшілері, әлеуметтік педагог, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және директор заң аясында қандай да бір нақты қадамға бармаған. Бүгіннен бастап №7 мектеп-лицей директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психологі, әлеуметтік педагогі, сынып жетекшілері жұмыстан босатылсын. Қызылорда қаласы әкімінің осы салаға жауапты орынбасарына, қалалық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс, бөлімнің тәрбие жөніндегі жауапты маманына жұмыстан босату шарасы қолданылсын. Білім басқармасының басшысына өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беремін. Өзіне жүктелген міндетті тиісті деңгейде орындамаған мектеп инспекторы мен учаскелік полиция инспекторы, оны бақыламаған кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ювеналды полиция бөлімшесі, қалалық Полиция басқармасы мен облыстық жергілікті полиция қызметі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы тікелей кінәлі. Осы орайда жауапты мамандардың жауапкершілігін қарап, қызметінен босатуға дейінгі кадрлық шешімдер қабылдансын», – деді аталмыш жиында Нұрлыбек Мәшбекұлы.
Жиын барысында аймақ басшысы оқиғадан зардап шеккен отбасына жан-жақты көмек көрсетуді, тергеудің барынша объективті жүргізілуін талап етті.
Негізінен, облыс әкімдігінде өткен бұл шұғыл жиын көптің көкейіндегі қордаланған сұраққа нүкте қойды деп айту қиын. Есесіне, білім басқармасының аталмыш оқиғаға байланысты әлі күнге дейін бірде-бір рет мәлімдеме жасамағаны дүйім жұртты күмәнді ойларға жетелеп отыр.
Өз кезегінде қылмыстық істің нәтижесін білмек мақсатта Қызылорда облысының Полиция департаментіне хабарластық. Департаменттің баспасөз қызметі қылмыстық іске байланысты тергеу жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын, соған орай әзірге нақты ақпаратпен бөлісу мүмкін болмай тұрғанын жеткізді.
Қалай дегенде де, қылмыстық іске байланысты кейбір жауапты тұлғалар жұмыстан босатылғанымен, көптің көкейінде «қылмысқа нағыз қатысы бар адамдар лайықты жазасын ала ма?» деген сұрақ тұр. Мұны алдағы уақыт еншісінде бағамдай жатармыз. Ең бастысы, тергеу жұмыстары әділ жүргізіліп, елдің талабы ескерусіз қалмаса игі.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы