БҚО-да 600-ге жуық баланың қайда оқитыны белгісіз болып тұр. Оқу жылы басталуға екі апта қалды. Жақсыға үміт артып, жоғары, сапалы мектепте оқимыз деп емтихан тапсырған балалардың үміті ақталмайтын секілді.
Даудың басы – «Дарынның» емтиханы
1,412
оқылды

Себебі облыстағы мүйізі қарағайдай екі мектеп-лицейінің басшылығы емтихан қорытындысын мойындамай отыр. Олардың айтуынша, емтихан әділ өтпеген.  «Баламыздың тауы шағылып қалады-ау» деп шырылдаған ата-аналардың көмек сұрап бармаған адамы, қақпаған есігі қалмаған. Алайда әзірге еш нәтиже көрмей отыр.

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, бұл жердегі дау жылда өтетін емтиханнан шығып отыр. БҚО-да С.Сейфуллин атындағы №11 мектеп пен IT бағытта білім беретін мектеп-лицейі бар. Балаларын осы мектептерде оқытқысы келетін ата-аналар жылда дәстүрлі түр­де қыста құжат, жазда емтихан тапсырады екен. Ал жылда емтиханды «Дарын» қосымша білім беру орталығы өткізіп келген. Тек былтырдан бастап мемлекеттік сатып алу шарты өзгерген. Бұрын бәрін бір көзден «Дарын» қосымша білім беру орталығы алып отырған. Былтыр ғана ашық тендер өтіп, бір жеке кәсіпкер ұтып кетіпті. Бірақ ол кәсіпкер де емтихан өткізуді «Дарын» орталығына сеніп тапсыра салған. Сол дәстүр биыл да жүрген. Тек биыл тендерді ұтып алған «Абырой» жеке кәсіпкерлігі емтихан өт­кізуді өз мойнына алған. Сөйтіп, жеке кә­сіп­кер 8 маусым күні жоспарлы емтихан­ды өткізеді. Емтиханға 500-ге жуық бала қатысады. Жоғарыда атап өткендей, екі мектеп те биыл да тестті дарын өткізетініне сенімді болғанға ұқсайды. Себебі тен­дер қорытындысы шықпай жатып, «Да­рын» орталығы барлық баланың құ­жатын жинап алады. Бұл туралы №11 мек­­теп директорының өзі айтты.

– Жылдағы дәстүр бойынша балалардың құжатын «Дарын» орталығы жи­нады. Емтихан талап бойынша тірек ме­тептерде өтуі керек. Біздің 11- мектеп –  тірек мектебі. Емтихан жылда бізде өтеді. Бірақ биыл күрделі жөндеуге байланысты мен қыста «Дарын» орталығына «Емтихан өткізетін тірек мектебін іздей беріңіздер» деп хат жазып жібердім, – деді  №11 мектеп директоры Аягөз Хамзина. 

Мұны естіген ата-аналар жан-жақтан шу ете қалды. Тапсырыс беруші ретінде сіз сонда тендерді «Дарын» орталығы ұта­ды деп сендіңіз бе, хатты неге «Дарынға» жазасыз, неге «Дарынға» басымдық бересіз деген сұрақтар қойылды.

Балаларының тағдырына алаңдаған ата-аналар облыс әкіміне, прокуратураға дейін хат жазған. Бірақ еш нәтиже жоқ деп қапаланады. Ата-аналар баларымыз ем­ти­ханнан өтіп тұр. Неге енді мектептер қабылдамайды, бірді-екілі адамның арасындағы дауға бола неге біздің баларымыз зардап шегуге тиіс деп налып отыр. 

– Бұл жерде 600-ге жуық баланың өмірі, болашағы тұр ғой. Сіздер соны түсініп отырсыздар ма? Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырудағы мақсат мемлекетке қажетті қызмет түрлерін өз­геге сапалы ұйымдастыртудан тұрады ғой. Яғни, сізге керек дүние бұл. Неге мектеп әкімшілігі, Білім басқармасы осы мемлекеттік сатып алудың дұрыс өтуін, емтиханның сапалы ұйымдастырылуын қадағаламады? Сіздер өз міндеттеріңізді неге  жеке кәсіпкерге ысырып тастайсыздар? Енді 600 бала қайда барады? Менің қызым емтиханнан сүрінбей өттім деп қуанды. Енді келіп ол емтихан қорытындысын жоямыз дейсіздер. Мұны мен ба­лаға қалай түсіндіремін? Сабақ болса болып қалды. Біз әлі қай мектепте оқитын­ымызды шешпедік, –  деп күйінді ата-­аналардың бірі Аида Мектепқалиева.

Облыстық Білім басқармасының басшысына келген ата-аналар балалардың ішінде біреу өзіне қол салса қайтесіздер, сіздер неге бұл жағдайға дейін жеткіздіңіздер деп шу шығарды. 

– Менің қызым маусым айының 8-і күні емтихан тапсырды. Емтихан қорытындысы шықты. «Қызым түсті» деп қуандық. Онымен көп кешікпей, ол қор­ы­тындыны алып тастады. «Бізге тест әділ өткен жоқ, қайда тест тапсырасыз­дар?» деді. Маусымнан бері не кері ем­ти­хан өткен жоқ, не бұрынғы қорытындыны қабылдамайды. Бізге жеткен сыбыс бойынша облыстағы бір-екі басшының баласы өтпей қалыпты, мына айқайдың бәрі содан деп естідік. Сонда басшылардың балалары оқуға түспей қалды екен деп енді қорытындыны қабылдамай ма? Білім басқармасы неге бұл жағдайды ушықтырып жіберді? Біз осыны түсіне ал­май отырмыз, – дейді Лунара Орашаева есімді ана.

Бұл даулы емтихан маусым айының басында өткен. Емтиханнан сүрінбей өткен балардың қорытындысы алдымен жарияланған. Кейін белгісіз себеппен алынып тасталған. Емтихан әділ өтпеді деген желеумен  екі мектеп балаларды оқуға қабылдамай отыр. 

– Емтиханды өткізген «Абырой» жеке кәсіпкерлігін екі мектеп сотқа берді. 11 мектеп берген талап-арыз қаралып сот жеке компанияны жауапсыз мердігер деп тану туралы шешім шығарды. Бірақ біз бұл шешіммен келіспейміз. Бүгін апел­ляциялық шағым түсірдік, – деді ата-аналардың адвокаты Ержігіт Нугуманов. 

Қазір емтиханды өткізген жеке кәсіпкер мен тапсырыс берушілер арасында сот процесі жүріп жатыр. Ата-аналар баламыздың құқығы қорғалмай жатыр деп облыстық бала құқығы жөніндегі уәкілге де барған. 

– Бұл жерде бір ғана нәрсе бар. Бала құ­қығы. Ал бала құқығы өрескел бұзылып отыр. Мына айқай, ұрыс ештеңе шешпейді. Біз балаға қалай көмектесеміз, осыны ойлайықшы. Расында, ата-аналармен келісемін. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу талабының дұрыс орындалуына ықпал етуі керек. Үндемей отыруға болмайды. Мен  прокуратурада жұмыс істеген адаммын. Сонда қаламсап алсақ та, орындық алсақ та, бізге керегін әкелу үшін аяғына дейін қадағалайтынбыз. Ал сіздер жеке кәсіпкер ұтып алды, бол­ды деп қарап отырсыздар. Мына балалар сіздің мектепке оқуға келейін деп тұрған, емтихан өтетін жерге барулары керек еді. Көзбен көру керек еді, Білім басқармасынан да бару керек еді. Мені шақырса, барар едім, бірақ маған айтпады. Енді келіп дауласып ештеңе шешпейсіздер. 600 баланың құқығын қайтіп қорғап қала аламыз? Осыны ойлайық, – деді облыстық бала құқығы жөніндегі уәкіл Жанат Нұр­мағамбетова.

Ал  облыстық Білім басқармасы күні бүгінге дейін бейтарап позицияны ұстанып келген. Осы мәселені шешуге Білім басқармасы неге ертерек араласпағаны бізге де түсініксіз. 

– Бұл жерде үш тарап бар. Балалары емтиханнан өткен ата-аналар. Олар «Баламызды мектеп қабылдасын» дейді. Екінші тарап – балалары оқуға түспей қал­ған топ. Олар «Тест әділ өткен жоқ, қай­та емтихан өтсін» деп отыр. Үшінші тарапқа емтиханның өтетін күні хабарланбай қалғандар жатады. Олар да емтихан өткізуді сұрап отыр. Біздің зерделеуіміз бойынша, емтиханда академиялық адалдық талаптары өрескел бұзылған. 45 балл алған балаға 85 балл жазылып кеткен. Осындай бірнеше мысал келтіре аламыз. Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алу талаптары да өрескел бұзылып отыр. Бірақ біз осылардың бәрін есептегенде де бала құқығы алдыңғы тарапқа шығатынын ұмытпаймыз. Басқарма жанынан арнайы комиссия құрамыз. Ол комиссия құрамында ата-аналар да болады. Осы жіберілген кемшіліктердің бәріне талдау жасаймыз. Сосын бір шешім шығарамыз, – деп атап өтті БҚО Білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин.

Қазір екі тарап соттасып жатыр. Сот процесі 6 айдан бір жылға дейін жүруі мүмкін. Ал үздік мектепте оқимыз деген үмітті балалардың тағдыры не болары әлі белгісіз. Ата-аналар «Енді қайда барып, кімнен көмек сұрарымызды білмей отырмыз» деген уайымын жеткізді. 

Бұл емтиханды «Дарын» қосымша білім беру орталығы өткізіп келген. Олар тек бір көзден сатып алу шартын жасасып, ақшаны өздері алып отырған. Енді аяқ астынан ашық тендер өткізу қажет болып, оны басқа кәсіпкер ұтып кеткен. Ата-аналардың адвокаты Ержігіт Нугуманов тендердің барлық шарты «Дарын» қосымша білім беру орталығы ұтатындай етіп дайындалған. Қысты күні балалардың құжатын «Дарын» орталығы жинауының өзі «Дарынға» басымдық беріп отырғанын көрсетеді. Олар тендерді «Дарын» ұтатынына сенімді болған дейді. Онымен аяқасты басқа кәсіпкер ұтып кетіп, тендердің әлегі басталып кеткен. Бұл жерде бар-жоғы 2 млн-ға жетер-жетпес ақша. Бірақ соның өзі осындай дау тудырып жатыр. Ата-аналар болса, «баламызды енді қайда оқытамыз?»  деп бас қатырып әлек.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы