Қазір бала санының аздығынан бұл білім ошақтарының әрқайсысының қақпаларына дәу қара құлып ілінген. Ал соңғы бес жылдың ішінде облыс аумағындағы 36 мектеп, ал соңғы он жылда жүзге жуық білім ордасы жабылып тыныпты. Жай қарапайым ғана сан сияқты болып көрінгенімен, мұның астарында өте қорқынышты статистика мен мыңдаған баланың тағдыры жатыр...
Әлбетте, мәселенің бұлай өрбуіне бірінші кезекте білім ордаларындағы бала санының аздығы әсер еткені анық. Мұнымен қоса, облыстың ондаған ауылындағы шағын комплектілі мектептерде бала санының аздығынан бірнеше сыныпты қосып, бірге оқытып жатқан жағдай көп. Ал мұндай жағдайда оқыған балалардың білім сапасы туралы айтудың өзі ұят. Бұл дегеніңіз алдағы бірнеше жылда тағы да шалғайда жатқан ондаған ауыл мектебінің оның артынан ауылдардың орнының үңірейіп қалуына тікелей себепкер болмақ. Өйткені облыс аумағында халықтың көшіп кетуінен тағы да жүзден аса мектептің жабылып қалу қаупі төніп тұр.
Осының салдарынан облыстағы мыңдаған оқушы көрші ауылдарға қатынап оқуға мәжбүр. Ал жүздеген бала ата-анасының қасынан ерте кетіп, мектеп-интернаттарда тұрып жатыр.
Облыстық Білім басқармасының бұқаралық ақпарат құралдарына таратқан мәліметтеріне сенсек, мектептердің жабылуы салдарынан биыл 4,5 мыңға жуық бала көршілес ауылдарға күн сайын қатынап оқыса, 200-ден астамы интернаттарда білім алмақ.
Білім басқармасының дерегінше, дәл бүгінгі күнге облыс аумағында 522 мектеп жұмыс істейді. Қорқыныштысы сол, аталған білім ордаларының 67 пайызы ықшамдалған. Яғни, сынып комплектілері толмағандықтан, бір сыныпта 2-3 сыныптың баласы бірге оқуға мәжбүр. Бұл өңірдегі оқушылардың білім сапасына да кері әсер ететіні түсінікті. Елдегі білім беру стандарттарына сәйкес бастауыш мектептерде – 5, негізгі білім беру мектептерінде 41 бала болуға тиіс. Алайда дәл қазірдің өзінде 122 білім ошағының бұл талапқа сай келмей жабылудың аз-ақ алдында тұрғаны анықталды. Сондай-ақ өңірде 340 мектеп бала санының аздығы салдарынан шағын комплектілі мектепке айналған.
Мектеп жасындағы балалардың аздығынан кейбір ауылдарда тұрғындар мектептерін сақтап қалу үшін өздері ұйымдасып елге шақыруды ұйымдастырған. Мәселен, Зеренді ауданына қарасты Қызылегіс ауылының тұрғындары жабылуға шақ қалған мектебі мен айрандай ұйыған ауылын сақтап қалуға тырысып ауылға келген отбасыларға өз отбасыларының аузынан жырып, алдына мал салып, тегін үй мен қора-қопсысына дейін беріп күтіп алмақ.
Жабылудың аз-ақ алдында тұрған ауылдардың біріне айналған бір кездегі іргелі ауылда қазір бар-жоғы 20 бала оқиды. Оқушылардың саны негізгі мектеп қылуға да жетпейтіндіктен, бастауыш мектеп қылуға шешім қабылданыпты. Салдарынан әлі бұғанасы қатып үлгермеген бірнеше бала аудан орталығы Зерендіге қатынап оқитын болған. Мұндағы бірнеше отбасы қазірдің өзінде қалаға қоныс аударуды көздеп отыр. Мектепте бастауыш сыныптар ғана қалғандықтан, бірнеше мұғалім де жұмыссыз қалған. Ауылды сақтап тұрған білім нысаны екенін көкейімен түсінген ауыл адамдары хабарландыру таратып, көпбалалы отбасыларды шақыруға көшкен. Ауыл ақсақалы Елубай Мұқашев келген отбасыларға жұмыс пен баспана ұсынуға да дайын екенін айтады.
– Біз мұнда келген көпбалалы отбасыларға тегін үй ұсынамыз. Алдына азын-аулақ мал беріп, қысқы жем-шөбін де дайындап береміз. Ауылда мектеп пен әкімдікте жұмыс та бар. Біз ауыл азаматтары мектебіміздің жабылуына қарсымыз. Егер мектепті жапса, бәрі жаппай көшіп кеткелі отыр. Сондықтан кіндік кескен ауылымызды сақтау үшін ауылда тұрғысы келетіндерді іздеудеміз. Біз тіпті су тасқынынан зардап шеккен ауылдарға да бардық. Бізге көшіп келуге үгіттедік. Әрине, қызығушылық танытқандар көп болды, – дейді ауыл ақсақалы Елубай Мұқашев.
Қызылегіс ауылына көршілес Көктерек ауылындағы мектептің жағдайы бұдан да мүшкіл. Мұнда осыдан екі жыл бұрын негізгі мектеп болып небәрі 30 бала ғана қалған. Енді оқушы мүлдем болмауынан мектеп жабылып тынған. Сондай-ақ осыған дейін бастауыш сыныпты мектептер болған Ұялы және Бұлақ ауылдарындағы мектептер де жабылмақ.
Облыста алдағы жылдары тағы ондаған мектепке жабылу қаупі төніп тұрғанын облыстық Білім басқармасының басшылығы да мойындады.
– Биыл жауып тастамаған күннің өзінде келесі жылы ол жерде өсу динамикасы бар ма, соған қараймыз. Өсу динамикасы болса, ол мектептерді қалдырамыз. Ал алдағы уақытта оқушылардың өсуі болмаған жағдайда ол мектептер жабылады, – деді БАҚ өкілдеріне пікір білдірген Ақмола облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова.
Болашағы бұлыңғырланып, білім ошақтары жабылып жатқан ауылдардың ертең-ақ тоз-тоз болып тарап кететіні бесенеден белгілі. Ал бұл бірінші кезекте елдің қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіретін саяси мәселеге айналмақ. Сондықтан мектептердің жабылуының артында еліміз үшін аса маңызды стратегиялық жағдайдың тұрғанын, аудан және облыстағы жергілікті атқарушы билік, құзырлы министрліктер, Парламент пен Үкіметтегілер көкейінен шығармаса екен дейміз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы