Өңір басшысы кездесуде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарларына жан-жақты тоқталып, санамалап, саралап берді. Әсіресе, ауданның болашақ өркендеуіне қатысты айтқанында, аймақтың оң жамбасына келетін ауыл шаруашылығы мен шағын және орта бизнеске айрықша назар аударды. Халықтың тұрмысын жақсарту, әлеуетін арттыруға да тоқталып, инженерлік инфрақұрылымдар мен әлеуметтік салаларды дамыту мәселелерін шешуге бағытталған жобалардың іске асырылуы жайлы баяндады. Ауданның әрбір саладағы жетістіктері мен кемшіліктерін саралаған облыс әкімі сол жерде өзінің орынбасарларына аудан әкімдігімен және тиісті басқармалармен бірлесіп, бөлінген бюджет қаражатын уақытылы, сапалы игеруді, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында болған кемшіліктерді жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Тұрғындарды толғандырып отырған проблемалардың бірде-бірі назардан тысқары қалмайтынына, мүмкіндігінше заң аясында шешімін табатынына екпін бере айтқан Бейбіт Өксікбайұлы былтырғы кездесуде аудан тұрғындары көтерген 7 мәселенің 5-еуі шешімін тапқанын, 2-іне қатысты тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын да айта кетті.
– Нақтырақ айтар болсақ, тұрғындар өтініші бойынша Үштөбе қаласының тұйық көшелеріне газ жүйесі тартылып, табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілуде. «Қаратал-Саяжай» саяжай орамын жарықтандыру мақсатында демеуші есебінен күннен қуат алатын қондырғылар орнатылды. Ауданда қант қызылшасы бағытында тағы бір сервистік-дайындау орталығы ашылды. Үштөбе қаласындағы «Шаңырақ» шағынауданындағы №9 көппәтерлі тұрғын үйдің маңынан балалар ойын алаңы салынды. Ал Төле би көшесін жарықтандыруға жергілікті бюджеттен 35,8 млн теңге бөлініп, жұмыстар басталды. Алдағы қараша айында көшеге жарық беріледі. Тұрғындар айтқан тағы бірқатар мәселе, оның ішінде Көпбірлік ауылындағы Аққайыр каналын тазалау мен аудан орталығына кітапхана мен архив ғимараттарын салу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде, – деді Б. Исабаев.
Облыс әкімінің баяндамасынан кейін кездесуге келген тұрғындар өздерін мазалайтын мәселелер мен толғандыратын түйткілдер жайлы айтып, сұрақтар қойды. Олардың айтқанына қарағанда, ауданда мәдениет үйі жұмысы тұралаған, спорт кешені, балалардың ойын алаңы жоқ ауылдар қатары әлі баршылық екен. Сонымен бірге бірқатар елді мекен арасындағы жолдардың жағдайы сын көтермейді, интернет байланысы шалажансар, суару каналдарының тозығы жеткен. Айта берсе, шешілген мәселелерге қарағанда, толғағы келіп асқынып тұрған түйткілді тұс көп сияқты. Облыс басшысы әр сауалды мұқият тыңдап, қасындағы жауапты тұлғаларға сол жерде сын-ескертпелерін айтып, тапсырмалар берді.
Үлкен жиыннан соң облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан тұрғындары үшін жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың көтерген мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу кезегі, қант қызылшасын өсіруге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер алу, арық жүйесін тазалау сияқты мәселелерін тыңдап, олардың шешіміне қатысты аудан басшылығына нақты міндеттер жүктеді.
Уақыт тауып, аудандағы бірқатар құрылыс нысанын аралап көрді. Қаратал ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің ғимаратына барып, күрделі жөндеуден кейінгі жағдайымен танысты, атқарылған құрылыс жұмыстарының сапасын саралады. 1982 жылы салынған бұл ғимаратқа күрделі жөндеу жасау үшін бюджеттен 397 млн теңге бөлініпті. Былтыр басталған құрылыс жұмыстары биылғы жылдың маусым айында аяқталыпты. Жақында қолданысқа беріледі.
Жылдар бойы жырға айналған аудандық орталық аурухана блоктарының күрделі жөндеу жұмыстарының жағдайы да түзеліп қалыпты. Жоспар бойынша «А» блогының жөндеуі осы жылдың қазан айында аяқталады. Ал «В» блогында жұмыстар әзірге баяулау. Құрылыс алаңында мердігер мекеменің небәрі 17 адамы жұмыс істеп жүр. Облыс әкімі мердігер ұйымның сылбыр жұмысын сынға алып, құрылыс мекемесінің басшылығына үш күн ішінде жұмысшылар санын кемінде 40-қа жеткізуді міндеттеді. Жұмыс кестесінен кешігу осылай жалғаса беретін болса, келісімшарт талаптарын орындамағаны үшін мердігерге тиісті шара қолданылатынын қатаң ескертті. Жалпы, аурухананың «Б» блогын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Аурухананың күрделі жөндеуі біткен соң оның материалдық-техникалық базасы да жаңаратын болды. Жыл соңына дейін жалпы құны 642 млн теңгеден асатын медициналық құрал-жабдықтар сатып алынады.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы