Саналы ғұмырында 9 опера, сонша симфония, 2 балет, оркестрге арналған дүниелерін, әндері мен романстарын қосқанда жиыны 500-ге тарта туынды қалдырған ол – қазақтың алғашқы гимнінің авторларының бірі. Екі жүз елуден астам қазақтың ән-күйін жазып алған этнограф-музыкант ретіндегі еңбегі өз алдына.
Қазақтың алғашқы операсы «Қыз Жібекті» жазған автордың көрнекті жазушы, драматург Бейімбет Майлиннің «Жалбырын» да сахнада тірілтті емес пе?! Ал «Жалбыр» 1936 жылы өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігінде қойылған екі операның бірі болғаны бүгінде көп айтыла бермейді. Композитордың аз уақытта көп іс тындырғанына кезінде «халықтар көсемі» Сталиннің өзі назар аударған екен. Ол енді өз алдына бөлек әңгіме.
Заманының ең жоғарғы атақтары КСРО Мемлекеттік сыйлығы (1948 жылы) мен Қазақстан Мемлекеттік сыйлығына (1967 жылы) ие болып, Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендерін кеудесіне таққан даңғайыр – қазақтың танымал тұлғалары туралы да тамаша естеліктер қалдырды. Оның бұл жазбалары ұлт мәдениетінің жаңаша қалыптасу кезеңінің шежіресі іспетті. Қазақ оқырмандарының қолына «Дүйім дүлділдер» деген атпен тиген («Өлке» баспасы, 2021 жылы аударған Сапар Байжанов) бұл кітаптан Темірбек Жүргенов, ағайынды Ахмет, Құдайберген Жұбановтар, Затаевич, Иса Байзақов, Жамбыл Жабаев, Дина Нүрпейісова, Қамбар Медетов, Жаппас Қаламбаев, Махамбет Бөкейханов, Мұқан Төлебаев, театрдың тұңғыштары Жұмат Шанин, Манарбек, Құрманбек, Қаныбек, Елубай, Шара, Күләш пен жазушылар Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов тағы басқа тұлғалар жайлы құнды деректерді кездестіреміз. Естелік авторы Би-ағаң туралы да арнайы тоқталып өтеді. Енді сол Евгений Григорьевичтің сөзінен үзінді келтірсек...
«...Майлиннің сырт пішінін суреттеу қиын. Оның өзгелер секілді аса көрнекті дейтіндей ештеңесі жоқ. Бойы ортадан сәл жоғарылау. Азын-аулақ қорасан дағының ізі бар шұбарлау жүзінде сергек қарайтын жарқын жанары, бітімі сұлу дейтіндей емес, тәмпіштеу мұрыны бар-ау. Сәл ғана ширатылып тұратын қара күрең шаштары басын түгелдей айқара көміп тұрғандай. Әңгімелесіп отырған сәттерінде Бейімбет шашының шиыршықталған ұшын ширата бұрап отыруды ұнататын. Ол тумысынан прозашы еді, бірақ та қатал тағдыр оның дарынын еркін ашуына мұрсат бермей кетті...
Оның «Шұға» атты повесі театрымыздағы «Шұға» қойылымына нұсқа болды», – дейді Ленинградтан Алматыға жолдамамен келген композитор қазақ жазушысының асқан қабілетін аса жоғары бағалап. («Дүйім дүлділдер» 135 бет). «Шұға» спектаклі туралы сөз сәл кейінірек, естелікті жалғастырайық.
«Ендігі жерде ол «Жалбыр» повесі бойынша жасалған басқа пьесасын ұсынып көрді.
Бұл қазақтардың 1916 жылғы көтерілісін бастаушылардың бірі Жалбыр жайындағы хикая болатын. Жалбыр шынында да өмір сүрген, тарихи тұлға деген пікір болды. Бұл әлеуметтік мазмұны өзекті пьеса болатын. Мұнда қазақ шаруаларының байларға қарсы стихиялы күресі, орыс самодержавиесінің отаршылдық езгісі, жас жүректердің трагедиялы махаббаты және Жалбыр атты ұстаның қаһармандық өмірі көрсетілген»,– дейді Брусиловский. Бұдан бірі қаламгер, бірі сазгер интеллигенция өкілдерінің бір-бірін биік рухани деңгейде танып, түсініскенін көреміз.
Осы жерден естеліктің тізгінін ірке тұрып, «Жалбыр» жайына тоқталсақ. «Жалбыр» пьесасы – Бейімбет Майлиннің көзі тірісінде жарық көрген ең соңғы кітабы болуы мүмкін. Филология ғылымдарының докторы, бейімбеттанушы Серікқали Байменше өндiрiске тапсырылған және басуға қол қойылған мерзiмiне қарап, осылай деп меңзейді. «Бейімбет мұралары» атты мақаласында ғалым көптеген деректер келтіреді. «...Бейімбет былай дейді: «Мен пьесада 1916 жылдың таптық көтерiлiсiнiң сырын ашуға тырыстым, езiлген, қанауда келген кедей, батырақ көпшiлiгiнiң қол ұстасып патшалыққа, патшаға арқа сүйеген бай-болыстарға қарсы шын ашынып, майданға түскенiн суреттемек болдым. Жалбыр дейтiн кiсi бұрынғы Қостанай уезi Дамбар болысындағы кедей едi. 1916 жылғы көтерiлiсте осы кiсi бастап атқа мiндi. Қостанай уезiнiң бiрнеше болыстары бiрiгiп, Торғай уезiндегi Амангелдi көтерiлiсiне атсалыспақшы болды. Бастап атқа мiнгенде бүкiл Торғай өлкесiне атышулы алаяқ, Романовтың 300 жылдық тойына Қостанай уезiнен өкiл боп барған, шен алған Сайым Қадыров дейтiн болысты өлтiрдi. «Жалбыр» пьесасына негiз боп алынған оқиға мiне осы едi. Музыка театрына арнап жазған пьеса болғандықтан бұл сияқты тарихи нәрсенi толық ұйыстырып беру оңай жұмыс болмады. Бұған бiр жағы театрдың жастығы, режиссерлердің тәжiрибесiздiгi болды. Пьеса көлемiн театрдың бойына шағындап қайта iстеуге тура келдi».
Анығында, тарихта болған Жалбыр Құдайбергенов есiмiн әдебиетке Бейiмбет Майлин алып келдi. Жиырмасыншы жылдары жазушы шығармашылығында Мырқымбай қандай орын алса, отызыншы жылдары Жалбыр есiмi сондай биiкке көтерiлдi», – деп пайымдайды белгілі бейімбеттанушы жоғарыда аталған зерттеуінде.
«Бұл секілді кең құлашты қиын тақырыпты меңгеруге біздің жас театрымыздың қауқары жете қоймаған еді. Біздің театрымызға лирикалық тақырыптар оңай көрінетін» – деп сабақтайды Брусиловский. Одан әрі халықтық революцияшыл әндерді табудың сәті түсе қоймағанын, сол себепті спектакльге арқау етіп нағыз патриоттық ән «Елім-айды» алғанын жазады. Сәті түскенде Ахмет Жұбанов та кенеттен ықыласы ауып, И.Шаймерденовтен жазып алған Иманжүсіптің «Сарыарқа», Мәдидің «Қаракесегін» бере қояды. Әдетте, Ахмет Қуанұлы өзі жазып алған дүниелерге өте мәттақам, сараң болса керек. «Сарыарқа» Жалбырдың мінезіне дөп үйлесіп кетеді де, басты рөлдегі Құрманбек Жандарбеков жігерлі әнді келістіре орындайды. Ал «Қаракесекті» композитор портфеліне салып, болашаққа «тұздық» қылып сақтап қояды.
Брусиловский операда «Жалбырдың» өзекті әні ретінде Ақан серінің «Құлагерін» пайдаланады. «Бұл ашумен буырқанған кектің әні, қысқа ғана, бірақ өте әсерлі ән», – дейді естелік авторы. Спектакльді даярлау кезінде қызықты оқиғалар да аз болмайды. Бас режиссер Жұмат Шаниннің жүйкесін жұқартқан жайттар көп кездесіпті. «Жалбыр» әжептәуір жақсы өтеді. Сыншылар қауымы спектакльге жылы пікірлерін жаудырады.
Аз ұжым, көп еңбекпен жасалған еңбек жемісін береді. Мәскеудегі Қазақ әдебиеті мен өнерінің бірінші онкүндігінде оң бағасын алады. «Қыз Жібек» пен «Жалбырды» кеңес астанасының көрермендері жақсы қабылдайды. Негізгі оқиғасы Қостанай жерінде өтіп, осы топырақта туған қаламгердің қолымен жазылған «Жалбырдың» қазақ мәдениеті тарихында алар орны осындай! Сөз орайы келгенде Жалбыр сынды жүздеген, мыңдаған батырдың отаршылдыққа, озбырлыққа қарсы күресінің қырағы да қатал саясаттың қыспағымен «Кеңес үкіметін орнату үшін болған төңкеріс» деп жазылғанын айту парыз. Шын мәнінде, 1916 жылғы қазақ даласында болған қарулы қақтығыстардың бәрі жүздеген жылдар бойы қылсағақтан буындырып келген империяның бұғауын үзуге талпынған бұлқыныс, ұлттың оянуы еді ғой.
«Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, «Жалбырдан» басталған сөзді «Шұғамен» жалғай кетелік. Брусиловский Би-ағаның бұл шедеврін де назардан тыс қалдырмапты.
«Қазақтың музыкалық театрында Жұмат Шанин қойған екінші қойылым Бейімбет Майлиннің «Шұға» атты музыкалы пьесасы болды. Бұл спектакльдің де музыкасын И.Коцык жазып, оған С.Шабельский белсене көмек көрсетті. Мұнда әртүрлі халықтың музыкасы мен стильдерінің қойыртпағы бола қойған жоқ. Қазақ әндері жақсы іріктеп алынып, спектакльдің музыкалық тұрғыда біртұтас арнасын құрап тұрды. Ондағы әндерді солистердің өздері таңдады да, клавирі мен партитурасын С.Шабельский әзірледі, ал И.Коцык олардың арасындағы дәнекер ұйымдастырушы буын болды, әлбетте мұның да мәні осал емес-ті.
Бұл пьесада Күләштің драмалық дарыны ашыла түсті. Ол драма театрында М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасындағы Еңлік рөлін ойнаған кезінде де өзінің талантымен аудиторияны дүр сілкіндіріп жүретін, ал музыкалық театрда бұл оның тұңғыш трагедиялы рөлі еді. Бүкіл соңғы актіде Шұға өмірмен қоштаса, ажал құрсауында жатып, халықтың қайғылы әні «Бурылтайды» сыңсып айтумен болды. Зал іші күңірене күйзеліп, қоса еңірегендей күй кешті. Шыдай алмай, сықсыңдап жылаған қайсыбір әйелдерді залдан сүйемелдей жетелеп, сыртқа шығарып та жатты.
Әйгілі «Ағаш аяқ» әнін құйқылжыта орындайтын қас шебер Балабек шалдың баласы, өзі де бақсыдан еш айнымайтын Бісміллә Балабеков өзім аузында арпалысқан Шұғаға зікір салып, сиқыр күшімен емдеу рәсімін келістіріп ойнады.
Егер «Айман-Шолпанда» әрқилы музыка әшекей-өрнек сынды ойнақы қызмет атқарса, «Шұғадағы» әуез бен саз кейіпкерлердің психологиялық жай-күйін айқара ашып берді. Шанин өзінің бұл спектаклін мақтан тұтуына әбден құқы бар еді. Театр шығармашылық тұрғыда өрлеу кезеңін бастан кешті» – делінген Жұмат Шанин жайлы естелікте.
Қазақ әдебиеті мен өнерін әлемдік деңгейге көтерген, рухани қуаты мен болмысын танытқан тарихи оқиғаға айналған Мәскеудегі тұңғыш онкүндікке Ж.Жабаев, К.Әзірбаев, Ғ.Қалмағанбетұлы, С.Сейфуллин, I.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Тоғжанов, Т.Жароков, А.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаевтармен бірге Бейімбет Майлиннің де қатысқаны мәлім. Тарихта таспаланған деректі ешкім өшіре алмайды. Брусиловскийдің бұл естеліктерін жариялаудағы мақсат – Би-ағаның қаламынан туған дүниелер қазақтың әдебиетін ғана емес, кәсіби театр өнерін қалыптастыруға да зор ықпал еткенін айту еді.
Абылай МАУДАНОВ,
Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық
филармониясының қызметкері