Тарихшылардың мәліметіне сәйкес, еліміздегі ерекше сәулетті ескерткіштердің бірі саналатын «Қышқала» қалашығы Алтын Орда дәуірінде құрылғаны белгілі болып отыр. Нақты айтқанда, ХІІІ-ХV ғасырларда іргесі қаланған ескі қалашық 1243 жылдан бастап қазіргі атауына ие болыпты. Оның бұлай аталуының да өзіндік себебі бар. Қала құрылысы күйдірілген қыштан қаланған. Қазба жұмыстарының нәтижесінде, қалашықтың жалпы аумағы 40-50 шақырымды құрайтыны белгілі болды.
Қалашық облыс аумағындағы Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылынан шығысқа қарай 2 шақырым қашықтықта орналасқан. Тарихи орынға кезең-кезеңімен зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді.
«Негізінен, 2018-2020 жылдары облыстық бюджет есебінен «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы (жетекшісі – тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов) тарапынан кешенді қазба жұмыстарын жүргізді. Бертін келе 2021-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан берілген ғылыми-зерттеу жобалары гранты аясында «Ортағасырлық Қышқала (Баршынкент)»: Алтын Орда дәуіріндегі қалалық мәдениет контекстінде» атты жоба аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (жетекшісі М.Елеуов) археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Осындай зерттеу жұмыстары барысында, сегіз қырлы ғимараттың, ортағасырлық кесененің, екі мұнарасы сақталған қыштан салынған құрылыстың, қыш күйдіретін пештің және ХІҮ ғасырдағы құдықтың орындары аршылып, консервацияланды. Сонымен қатар әртүрлі үлгідегі қыш қаптамалар, қыштан жасалған ыдыс бөліктері, тағы басқа да жәдігерлер табылып, облыстық музей қорына бес жүзге жуық жәдігер өткізілді», – деп түсіндірді Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова.
Дерекке сәйкес, көне қала жайында ең алғаш 1242 жылы итальян саяхатшысы Рубрук жазып қалдырыпты. Ал 1245 жылы Плано Карпини Сырдария өзені жағасындағы Янкинт (Jancint), Бархин және Орнас қалаларын орналасқан ретіне қарай көрсетіп, бұл өңірде аты белгісіз қала өте көп екенін айтқан. Соның ішінде Бархим (Бархин) қаласының Жошы әскеріне берілмей ұзақ шайқасқаны туралы жазып қалдырған.
Жалпы шаһар жобамен ХІІІ ғасырдың орта тұсымен мерзімделеді. Құрылыс нысандарының жалпы биіктігі 1-1,5 метрді шамалаған. Алайда өткен ғасырдың 50 жылдарында күйдірілген қыштан соғылған ғимараттардың басым бөлігі бұзылған.
Бүгінде қалашыққа зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов Әуелбек Қоңыратбаевтың деректеріне сүйеніп, бұл қаланы Баршынкент шаһары деп болжайды. Қышқала жайлы XV ғасырдан кейін жазба деректердің кездеспеуі Сыр арнасы өзгергеннен кейін халықтың өзге жаққа қоныс аударуымен байланысты болуы мүмкін екенін де алға тартады. Әйтсе де, үлкен ауқымды жерді алып жатқан көне шаһар қазақтың қилы тарихының бір тармағы болып табылары сөзсіз.
Уақыт өте келе 1889 жылы Перовск уезінде барлау жұмыстарын жүргізген В.Каллаур бұл аумақты Кыс – қала (Гыш - қала) немесе тасқала деп атап, оның Перовскден шығып Хиуа мен Бұқараға баратын жолдың 25-30 верстінде орналасқаны туралы жазған. Ал 1946 жылы С.Толстов басқарған Хорезм археологиялық – этнографиялық экспедициясы Қышқалада болып, оның үстінде шашылып жатқан ыдыс сынықтарын, заттарды жинап, картада Қыштөбенің ортағасырлық Асанас пен Женттің аралығында орналасқанын көрсеткен.
Кейіннен 1960 жылы Ә.Қоңыратбаев, Ғ.Мұсабаевтар Қышқалада зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл туралы Ә.Қоңыратбаев: «Қышқаланың мағынасы онда қыштан салынған кішігірім Сарай (орда) болған.... 1960 жылы біздер бірер метр жерін қазып, күйдірілген кірпіштен жасалған бармақтай сырлы құмыра таптық. Ішіне 25 грамм су кетеді, тұтқасы сынған. Осы төбенің астынан күміс ақша табылған» деп жазады.
«Өңірде Қышқалаға алғашқы археологиялық қазба жұмыстарын 1990-жылы Қызылорда мемлекеттік пединституттың Т.Мәмиев басқарған студенттер тобы жүргізе бастады. Оған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен арнайы шақырылған М.Елеуов пен Д.Талеев келіп қатысты. Сол жылдарда Қышқалада жүргізілген қазба жұмыстары нәтижелі болды. Көптеген құнды жәдігерлер табылды. Сол уақытта ашылған құрылыстар, табылған археологиялық заттар Т Мәмиевтің «Кейінгі ортағасырдағы Арал өңірінің қалалары (XIII - XVIII ғғ.)» тақырыбына тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін жазған диссертациялық жұмысында да қысқаша жазылған. Бүгінде туристердің қызығушылығын тудыратын археолгиялық объектілерге жүйелі археологиялық зерттеу жұмыстары жалғасын тауып жатыр. Жалпы, қазақ мемлекетінің бастауы болып саналатын, Алтын Орда кезеңіне жататын Асанас, Қышқала, Жент, Сығанақ секілді қалашықтарда зерттеу жұмыстарын жүргізудің маңызы зор деп санаймыз. Бір кезеңге жататын қалаларда қазба жұмыстары жүргізіліп, зерттелген нысандарда қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізсе, туристерді қызықтыратын бірден-бір орын болары анық. Сонымен қатар жыл сайын облыстық бюджет есебінен сақтардың бірегей ескерткіші Бәбіш-мола, төрт хандықтың астанасы болған Сығанақ, оғыздардың ордасы Жанкент қалашықтарына да археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Қазба барысында ортағасырлық қалашықтардың қорғаныс қабырғалары мен мұнаралары, кесенелердің, тұрғын үйлердің орындары, маңызды құрылыс нысандары, қыш күйдіретін пештер аршылып, консервацияланды. Жанкент қалашығында консервацияланған бір бөлменің композициясы жасақталып, Оғыз дәуірінің тұрмыс-салт дәстүрінен хабар беретін тарихи мүсіндер қойылып, туристер үшін қалашық ішіндегі тұрғын үйдің ежелгі қалпын көруге мүмкіндік артты», – дейді басқарма басшысы Мира Жомартқызы.
Жалпы, «Қышқала» қалашығы кей дереккөздерде Баршынкент, Барчинлыгкент, Барджинлигкент, Қызқала деп те аталады. Негізінен ортағасырлық ескерткіш Алтын Орда дәуірінде ірі сауда, әрі қолөнер орталығы болғандығы туралы айтылады. Қыш материалдардың негізінде жасалған зерттеу қала тіршілігінің хронологиялық шеңберін ХІІІ-ХV ғасырларға жатқызуға мүмкіндік беріп отыр.
Жалпы, ежелгі қалалар мен ордалардың дені Сыр бойында көптеп шоғырланғаны белгілі. Соған орай облыс көлеміндегі тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау, насихаттау және сақтау мақсатындағы жүйелі жұмыстар бір сәтке де толастаған емес.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы