Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан астанасы Душанбеге мемлекеттік сапармен барып, бірқатар маңызды келіссөз жүргізді.
Ынтымақтастыққа серпін берген сапар
760
оқылды

Стратегиялық серіктестік нығая түседі

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстанның көп­жақ­ты серіктестігінің берік негізі саналатын жоғары деңгейдегі тұрақ­ты кездесулерге баса мән беретінін айтты.

– Ең алдымен, ежелгі тәжік жеріне табаным тиген сәттен бас­тап көрсеткен сый-құрметіңіз бен қонақжайлық көңіліңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас барлық бағытта қар­қынды дамып келеді. Біз – сенімді одақтас елдерміз. Қазақ­стан тарапы Тәжікстанның қазақ халқына деген тілеулес ниетін жо­ғары бағалайды. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Біз ал­­ға қарай жылжуымыз керек. Бұл сапар – ынтымақ­тасты­ғы­мыз­­ды дамытуға тың серпін беруді көздейді. Бүгін Одақтастық қа­ты­настар туралы шартқа қол қойылады. Меніңше, бұл құжат­тың тарихи маңызы зор. Осы орайда бірқатар өзекті мәселе бойын­ша мазмұнды пікір алмасамыз деп ойлаймын, – деді Қазақ­стан Президенті.

Өз кезегінде Эмомали Рахмон екіжақты ынтымақтастықты жоғары бағалап, Қазақ­стан мен Тәжікстанның стратегиялық се­рік­тестігін одан әрі нығайтуға ниетті еке­нін мәлімдеді.

Мемлекеттер басшыларының шағын құ­рамдағы кездесуінен кейін ресми деле­гация мүшелерінің қатысуымен кеңей­тілген құрамда келіссөз жүргізілді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-тәжік ын­­ты­мақ­тастығы барлық бағытта қарыш­тап дамып келе жатқанын айтты.

– Шын мәнінде, алдыңғы кездесулер барысында қол жеткізілген уағдалас­тықтардың бәрі дәйекті түрде жүзеге асырылып жатыр және екі ел үкіметтерінің бақылауында тұр. Мұны өзім де қадағалап отырмын. Өткен айда премьер-ми­нистрлердің орынбасарлары деңгейінде Үкіметаралық комиссияның кезекті оты­рысы өтті. Жиынға қатысушылар екіжақты ықпалдастық тетіктерін егжей-тегжейлі талқылады. Мақсатымыз – өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға жеткізу. Менің ойымша, бұған елдеріміздің әлеуеті жетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның мәдениет күндерін ұйым­дас­тыруға көрсеткен қолдауы, атап айт­қанда Душанбенің орталығында қазақтың бас ақыны, хакім Абай Құнанбайұлының ескерткіш-бюстін орнатқаны үшін тәжік тарапына алғыс айтып, мұндай іс-шаралар ортақ рухани-мәдени құндылық­тары­мызды байыта түсетініне назар аударды.

Өз кезегінде Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қою ұзақмерзімді перс­пективада мемлекетаралық байланыстарды жаңа деңгейге көтеретінін айтты.

Келіссөздердің қорытындысы бойын­ша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Қазақстан Республикасы мен Тә­жікстан Республикасы арасындағы Одақ­тастық қатынастар туралы шартқа сал­танатты түрде қол қойды.

Қазақстан экспортты ұлғайтуға дайын

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон екіжақты келіссөздер аяқталғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап бірлескен мәлімдеме жасады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев өзара сауда-саттықты одан әрі дамытуға екі елдің мол мүмкіндігі бар деп санайтынын жеткізді. Мәселен, Қазақстан Тәжікстанға жалпы құны 200 миллион доллар болатын 85 тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайын. Тәжікстан тарапы да Қазақстанға экспорт көлемін арттыру үшін айтарлықтай ре­сурсқа ие.

– Біз жеткізілетін тауарлардың номен­клатурасын кеңейту және елдеріміздің сауда-экономикалық ынтымақтастығын тежейтін кедергілерді кезең-кезеңімен жою, көлік-логистика саласындағы серіктестікті арттыру жөнінде келісімге келдік. Экономикалық кооперацияны күшейту үшін екі ел үкіметтеріне 2027 жылға дейін өзара тауар айналымын ұлғайту туралы жол картасын қабылдауды жеделдету жөнінде тапсырма бердік. Келешекте өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға дейін жеткізуге, тіпті одан асыруға мүдделіміз. Тауар айналымын арт­тыруға агроөнеркәсіп секторы айтар­лықтай үлес қоса алады. Биылғы алты ай­дың қорытындысы бойынша елдеріміздің бірі-біріне ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемі 12 пайызға ұлғайып, бұл бағыттағы сауда айналымы 300 миллион долларға жуықтады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тараптар ұн тарту өнеркәсібін дамыту, өсімдік майын, кондитерлік және мал шаруашылығы өнімдерін шығаратын бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндік­терін қарастыруға уағдаласқан. Президент қазіргі кезде өнеркәсіп, ауыл шаруа­шылығы, көлік, цифрландыру және эко­номиканың басқа да салаларында бірқатар ауқымды жоба әзірленіп жатқанын айтты.

Президент мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту келіссөздерге арқау болғанын жеткізді.

– Өткен жылы Қазақстан қалаларында Тәжікстанның мәдениет күндері мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі табысты өтті. Бұл жолғы сапар аясында Ду­шанбе, Худжанд және Бохтар қалала­рында қос халықтың арасын жақындата түсуді көздейтін маңызды іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар жастар арасындағы байланысты жандан­дыруға, әсіресе, білім саласындағы ынты­мақ­тастықты тереңдетуге екі тарап та мүд­делі екенін растадық. Сапар қарсаңында екі ел жастарының, ғалымдары мен зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан форум сәтті өтті. Қазақстан өңірдегі елдер ішінде Тәжікстаннан келетін студенттерге ең көп білім грантын бөледі. Біз білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға келістік. Тәжікстанның мамандарын даярлауға және тәжік әскери-техникалық маман­дарын оқытуға қосымша мүмкіндіктер қарастырамыз. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен М. Оси­ми атындағы Тәжік техникалық универ­ситетінде бірлескен ақпараттық техно­логиялар факультетінің ашылуын құп­­­­­­тай­­­мыз. Мұндай жаңалықтардың мән-ма­­ғынасы зор әрі халықтарымыз мұны ерек­­ше ықыласпен қабылдары сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Қазақстанның Тәжік­стандағы мәдениет күндеріне арналған салтанатты концертті тамашалады. «Кохи Борбад» сарайында өткен гала-концертте Қазақстан мен Тәжікстанның өнер майталмандары, соның ішінде Astana ballet балет труппасы мен симфониялық ор­кестрі, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының хоры, Hassak этно-фольк тобы және тағы да басқа шығар­машылық ұжымдар өнер көрсетті. Сахнада қос халықтың танымал музыкалық шығар­малары мен әлемдік классика репер­туарынан үзінділер орындалып, хорео­графиялық композициялар ұсынылды. Бауырлас тәжік халқы Димаш Құдайберген, Айгүл Үлкенбаева, Темірлан Бейсембай (Ratovich), El Voice тобы, Фарух Тохта­муратов (Adam) сияқты мәдениет қайрат­керлерінің өнерін тамашалады.

Қазақстанның мәдениет күндері аясында Душанбе, Худжанд және Бохтар қалаларында мәдениетаралық байла­ныстарды кеңейтуді көздейтін бірқатар маңызды іс-шара өтеді. Осы аптада Әбілқасым Фирдауси атындағы мәдениет және демалыс саябағында қазақтың бас ақыны, хәкім Абай Құнанбайұлының ес­керт­кіш-бюсті салтанатты түрде ашылды.  Бұдан бөлек, Ұлттық музейдегі бірегей жәдігерлерден жасақталған қазақ халқы­ның сәндік-қолданбалы өнерінің көрмесі және отандық кинематографтар түсірген фильмдердің көрсетілімі ұйымдастырылды.

Сапар аясында 16 құжатқа қол қойылды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапарының екінші күні Тәжікстанның Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен кездесуден басталды. Мемлекет басшысы қазақ-тәжік қатынастары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Одақтастық қаты­настар туралы шартқа қол қойылғанына назар аударып, бұл екіжақты ынтымақ­тастықтың мүлдем жаңа кезеңіне бастау болатынын айтты.

– Бұл құжаттың тарихи маңызы зор. Осы арқылы алға қарыштап қадам баса­мыз. Президент, құрметті Эмомали Рах­мон­ның парламентаралық байланысты жандандыру туралы ұсынысын қолдаймын. Өзіңізді еліміздің шынайы досы ретінде білеміз. Өйткені Сіздің студенттік шағы­ңыз Қазақстанда өтті. Сондықтан біздің байланысымыз парламенттер деңгейінде жанданып, екіжақты ынтымақтастық пен одақтастықтың ең маңызды бөлігіне айна­ла­ды деп үміттенеміз, – деді Президент.

Тәжікстан Парламенті төменгі палата­сының спикері екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы байланыстарды дамытуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдірді.

– Өзіңізбен кездескеніме қуаныш­тымын. Президентіміз, құрметті Эмомали Рахмонмен шынайы достығыңыз мемле­кеттеріміздің арасындағы жан-жақты ынтымақтастық пен татулықты нығайтуға қызмет етіп келеді. Қазақстан – Тәжік­станның сенімді досы, стратегиялық серіктесі. Сіздің бұл сапарыңыз екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Біз бұған ерекше мән береміз. Сапар аясында 16 құжатқа, соның ішінде тарихи мәні зор Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылды, – деді Махмадтоир Зокирзода.

Өзара сауда-саттық көлемі 2 млрд долларға жетеді

Жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзодамен кездесті. Әң­гімелесу барысында Президент қол жет­кізілген уағдаластықтар екі елдің сан қырлы ықпалдастығын жаңа деңгейге шы­ғаратынына сенім білдірді.

– Жан-жақты және мазмұнды келіссөз жүргізілді. Оның нәтижесі де көңілден шығады. Бизнес-форумды жо­ғары дең­гейде өткізуге қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Жалпы құны 1 миллард доллардан асатын келісім­дерге қол қойылды. Бұл – қуантарлық жайт. Біз кеше өзара сауда-саттық көлемін 2 мил­лиард долларға жеткізу үшін бірлесіп жұ­мыс істеуге келістік. Екі ел үкіметтері мем­лекеттеріміз арасындағы сауда айналы­мын ұлғайтуға ықпал ететін түрлі бағытты қа­рас­тыруы керек деп ойлаймын, – деді Мем­лекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Тә­жікстанмен сындарлы серіктестікті одан әрі нығайтуға бейілді екенін тағы бір мәрте растады.

Өз кезегінде Кохир Расулзода Тәжік­станға мемлекеттік сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, кейінгі жылдары екі ел арасындағы ынты­мақтастық жандана түскеніне тоқталды.

– Тәжікстан Үкіметі Қазақстанмен ықпалдастықты тереңдетуге басымдық береді. Сіздің еліңіз – біз үшін маңызды сауда серіктес. Ондаған жылдар бойы Қазақ­стан сыртқы сауда айналымы бойын­ша тұрақты түрде негізгі рөл атқарып келе­ді. Биылғы бірінші жартыжылдықта тауар айналымы ұлғайды. Өсім көрсеткіші 20 пайызға жуықтады. Сіз екі ел үкімет­теріне өзара сауда-саттық көлемін 2 мил­лиард долларға дейін жеткізуді тапсыр­дыңыз. Бұл – орындауға болатын міндет, – деді Тәжікстан Премьер-министрі.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кохир Расулзода келісілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың, сондай-ақ өндірістік кооперациядағы және сауда-экономика, көлік-транзит салаларындағы әлеуетті толықтай пайдаланудың маңызды екенін атап өтті.

Бұдан соң Қазақстан мен Тәжікстан президенттері ауыл шаруашылығы өнім­дері мен ұлттық тағамдар көрмесін аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмонға көрмеде көкөністер мен жеміс­тер, сондай-ақ ұлттық тағамдар, соның ішінде аспаздар ерекше талғаммен әзір­леген палау түрлері, таба нандар мен күл­шелер көрсетілді.