Шай ішіп отырып та, үйге келген қонақпен сөйлесіп отырып та телефонға үңілмесе, ішкен-жегені бойына дарымайды. Мұны көрген бәйбішесінің айқаптағы жыны қозады.
– Әй, телефонда басың қалғыр, баламен бала болғанша, сыртқа шығып, ауладан бір шөп болса да жұлмайсың ба? – дейді айқайлап.
Бірақ мұны тыңдап жатқан Жәнібек жоқ. Бір кезде мессенджер дың ете қалды. Дереу ашып қараса, бір қыз «Сәлеметсіз бе?» деп сызылып тұр екен. Жәнібекке де керегі осы. Ермек керек. Ол қызға жауап қатып, қал-жағдайын сұрады. Осы-ақ екен, бейтаныс бикеш зарлап қоя берді. Жіберген хабарламасына қарағанда қарызға белшесінен батып қалған. Соған демеуші болатын қайырымды азамат іздейді.
– Сонымен, қарызың қанша? деген сұрақты айдап жіберді Жәнібек. «Қайдан шықса, одан шықсын» деп тұр ғой. Қыз іле жауап қатты. – Бір миллионнан астам қарызым бар, ағай! деген жауап жұлдыздай ағып, жылдам жетті.
– Әке-шешеңнен сұрамайсың ба? деп енді Жәнібек жалтарды. Бұл жолы хабарлама дыбыспен келді.
– Ағай, әке-шешемнен сұрауға ұялып отырмын. Оның үстіне олардың кредиті бар. Нағашымнан сұрап едім, бермей қойды. Мойныңда қарыз болғаннан соң, еңсең көтерілмейді екен. Сізді түсінеді деп айтып отырмын, –деген қыз үні қоңыраудай сыңғырлайды.
Неткен ғажап үн. Жәнібек есінен танып қала жаздады. «Япырмай, мынадай жас қыздың қарызға батып қалғаны жарамаған екен. Көмектесе қоятындай аз қаржы емес. Бір елу мыңды салып жіберсем, қомсынып қалар ма екен?» деп Жәнібек сары уайымға салынды.
Осылай он ойланып, мың толғанып отырғанда мессенджеріне мәністі бір хабар шоршып түсті. Бұл жолы қыз «Сіз мені жас деп менсінбей отырмысыз. Әңгіме түсінісе білгенде. Ал жас деген жай ғана жалаң цифрлар ғана емес пе?» депті қағынған қыз. Бұдан соң Жәнібекті кім тоқтата алсын. Бейтаныс бикештің бейнесін көргісі келді. Мессенджерде мөлдіреген жап-жас қыздың суреті шыға келді. «Неткен сұлу! Мұндай қызға не сұраса да беру керек» деген тұжырымға тоқталды. Осы кезде «Сіздің де бір өтінішіңізді орындауға дайынмын» деген хабарлама келіп түсті. «Онда кездесетін жерді айтарсын» деген үшбу хатты ойланбай аттандырды Жәнібек. «Алдымен теңгеңізді тастаңыз» деген тағы бір хабар топ ете түсті. «Қанша тастайын?». «Жомарттығыңыз білсін!» Жәнібек әрі ойланды, бері ойланды. Теңгені тастай қояйын десе, қайтарымы болмай ма деп қорқады. Тастамайын десе бейтаныс бикеш келмей қояды ма деп үрейленеді. Осылай дал болып отырғанда бикештен тағы хабар келді. Бұл жолы ол өктем сөйлепті. «Сонымен, көмектесесіз бе, жоқ па?» Жәнібек жым отыр. Не десін енді? Әлден соң бейтаныстан тағы да жеделхат жетті. «Көмектесе алмасаң, адамның басын әурелеп нең бар? Өзің тиын санап қалған сорлысың-ау шамасы». Жаңа ғана «сіз» деп сызылып отырған бикештің шаптығып шыға келгеніне Жәнібек таң қалды. Артынша көрмеген-білмеген адамын қарғап-сілеген хабарламасы қарша борады. Жәнібек шошынып қалды. Кімге тап болған?
Осыдан соң Жәнібек мессенджер дегенді ашып қарауға қорқақтайтын болды. Бір күні тағы да мессенджері құрғыры дың ете түсті. «Сәлеметсіз бе, ағай?» деп сызылыпты бір сұлу. Жәнібек жалтақтап отырып жауап қатты. «Сәлем!» деді қысқа қайырып.
– Қалайсыз, ағай?
Жақсымын. Өзің?
– Сізге бір өтініш айтсам деп ем.
– Айта ғой, айналайын.
– Торт жегім келіп отыр, ағай.
– Торт қанша тұрады?
– Жақсысы 10 мың теңге ғой.
Жәнібектің өзінің де торт жегісі келіп кетті. «Басты қатыратын бейтаныс бикештерге торт әпергенше немерелеріме әпермеймін бе?» деп ойлаған Жәнібек үнсіз қалды. Ертесіне мессенджерді ашып қараса «Сараң екенсің» деген жауапты оқыды.
Арада бірер апта өткенде тағы бір бикеш танысқысы келетінін айтып хабарласты. Оның да жағдайы болыңқырамай жүр екен. Сұрастыра келсе мұның да торт жегісі келіп жүр. «Япырай, бұлардың бәрі тортқа жерік болған ба? Сол жерік қылған адамдарынан тортты неге сұрамайды?» деп Жәнібек күйіп-пісті.
Содан бері Жәнібектің ұялы телефонды қолына алса жүрегі дүрсілдейді. Бейтаныс бикештер-ай! Кей-кейде түске енуші едіңдер енді телефонға кіретін болдыңдар ғой.
Жәнібек қымбат телефонын лақтырып тастап, хабарласуға ғана жарайтынын сатып алды. Бірақ немересінің қолындағы телефонды көрген сайын жүрегі зырқ етеді.
Балақай не көріп жүр екен?...
Сабырбек ОЛЖАБАЙ