«AMANAT» партиясы жанындағы республикалық «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері Батыс Қазақстан облысындағы шаруалармен жүздесіп, өңір тұрғындарының мұң-мұқтажына құлақ түрді.
«Жер аманаты»: Биыл БҚО-да 150 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
756
оқылды

Мәселен, осы өңірдегі Бәйтерек және Тасқала аудандарының тұрғындары мал бағатын жер жетпей жатқанын жеткізді.

«Жер сату жағдайы жиілеп кетті. Мысалы, бір азамат шаруа қожалығына қажет жер алады делік. Жер алғаннан кейін, ол қожалықты ЖШС-ға айналдырады. Тиісінше, жер де сол ЖШС иелігінде болады деген сөз. Сосын келесі азамат сол ЖШС-ға мүше болып қосылады. Яғни, екеуі де құрылтайшы болып шыға келеді. Сөйтіп, кейін қосылған азамат әлгі шаруа қожалықты алғашқы иесінен сатып алады. Осылайша, жер де оп-оңай ЖШС-ның жаңа иесіне көшеді. Жерді астыртын сату дегеніміз – осы. Соны тоқтату керек. Жерді кім, қандай мақсатпен алып жатқанын білмейміз», – деді кәсіпкер Нұртай Сапиев.

Биыл осы өңірде пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген 50 мың гектар жерді «Жер аманаты» жобасы аясында мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған еді. Бұл жоспар 3 есе артығымен орындалды. Жыл басынан бері өңір аумағында 150 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

«Қолда бар мәлімет бойынша, 2014-2023 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысында 3 миллион гектар жер заңсыз, конкурссыз беріліп кетіпті. 3 миллион гектар! Жер ресурстарын басқару комитеті мен департаменті осы мәселе бойынша тиісті жұмыс жүргізіп жатыр», – деді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы республикалық «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары Бақытжан Базарбек.

Кейінгі екі жылда елімізде 11 миллион 500 мың гектар игерілмеген жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бақытжан Базарбек келер жылға дейін тағы 15 миллион гектар жер қайтарылатынын жеткізді.