Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен күзгі дала жұмыстары мәселелері жөніндегі жедел штабтың алғашқы отырысы өтті. Жиында үздіксіз егін жинау науқанына кедергі келтіретін мәселелерді дереу шешу керек екені сөз болды. Әйтпегенде астық сабақ басында тұрып-ақ жарамсыз күйге түсетін түрі бар. Осыны қаперіне алған вице-премьер жаппай егін жинау науқыны әкімдіктердің, қаржы институттарының, мемлекеттік органдардың, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және «ҚТЖ» ҰК» АҚ жұмысын үйлестіру Үкіметтің бақылауымен жүзеге асырылатынын жеткізді. Демек, жиын-терін жұмыстары түгел бір орталықтан бақыланып, жүйеленеді деген сөз.
Жақында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Азық-түлік корпорациясы» АҚ өкілдері жергілікті жерлерде егін жинау жұмыстарын жедел басқару үшін өңірлерге барып жағдаймен жақсылап танысып қайтқан. Ал 23 тамызда вице-премьер Серік Жұманғариннің өзі еліміздің негізгі астық егетін өңірлерінің бірі – Ақмола облысына барып, мән-жайды өз көзімен көріп келді. Осыдан кейін жағдайға бел шеше араласуы керегін ұққан вице-премьер бірталай шаруаның шешімін жеделдетіп жатқан көрінеді
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, бүгінде негізгі астық егетін өңірлерде тәулігіне жалпы қуаты 820,6 мың тонна болатын 1301 астық кептіру агрегаты бар. Осы кептіру агрегаттарының жұмысы үшін 61 мың тонна арзандатылған дизель отынына өтінімдер келіп түскен. Бірақ кейбір облыстарда кептіргіштер сұйытылған газбен жұмыс істейтіні белгілі. Сондықтан бұл қондырғыларға арзандатылған бағада газ қажет екенін баяндады. Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары С.Жұманғарин АШМ мен ЭМ-ге кептіру агрегаттары үшін қажетті сұйытылған газ көлемін есептеп, фермерлерді арзандатылған отынға кезекте тұрғандар тізіміне қосуды тапсырды. Сондай-ақ әкімдіктерге фермерлердің мобильді кептіру агрегаттарына деген қажеттілігін есептеу, ал қаржы институттарына аталған құрылғыларды сатып алуды субсидиялау мүмкіндігін пысықтау тапсырылды.
«Енді осыдан былай жаңадан жиналып жатқан астық түрлерін ішкі нарыққа және экспортқа үздіксіз жеткізуді ұйымдастыру үшін жылжымалы құрамды жедел үйлестіру қажеттігі туындайды. Осы мақсатта Ауыл шаруашылығы, Көлік министрліктері, Азық-түлік корпорациясы, ҚТЖ және әкімдіктер апта сайын, ал жаппай егін жинау кезеңінде – күн сайын селекторлық кеңестер өткізіп, нәтижелерін үнемі ашық түрде баяндап отыруы қажет, – деді С.Жұманғарин жедел штаб жиынында.
Ал орталық коммуникациялар қызметінді болған брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға жеңілдікпен несие берудің жаңа бағдарламасын іске қосуға дайындалу үстінде екендігі айтылды. Бұл мақсатта қазынадан қосымша 30 млрд теңге бөлу жоспарланып отырған көрінеді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің мәлімдеуінше, Үкімет 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың кешенді жоспарын қабылдағанын еске салды. «Жақын арада отандық шикізатты сатып алу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарына жылдық 5% жеңілдікпен несиелендірудің жаңа бағдарламасы іске қосылады. Бүгінде осы мақсаттарға алғашқы 30 млрд теңге бөлу мәселесі пысықталуда», – деді Ербол Тасжүреков. Демек, бұл мемлекеттің астық пен дәнді дақылдарды сақтау мен экспорттау ісіне едәуір қолайлылық туғызары сөзсіз.
Өнген бидай өнім болмас
Башқұртстанда шаруалар шілде айының соңынан бастап егістікке шыға алмай қалды. Салдарынан диқандар күздік бидайды да толық жинап үлгермеген. Енді, міне жаздық астықты жинау уақыты келгенімен жаңбыр тағы да кедергі келтіріп отыр. Қазір астық сапасы төмендеп, шаруалар шаш етектен шығынға бата бастаған.
Бидай орылмай тұрып-ақ жауын-шашын кесірінен әбден суланған. Мұның салдарынан астық сабақ басында қайта өніп кетуі әбден мүмкін. Башқұртстандық диқандар осындай келеңсіздікке душар болуда. Қазақстандық фермерлер де биыл бұл жағдайды бастан кешуіміз әбден мүмкін деп дабыл қаға бастады. Егер бидай мұндай келеңсіз жағдайға ұшыраса, жем-шөп қана болады. Кейде бұған да жарамай қалуы ықтимал. Фермер егінді 5% ылғалдылыққа дейін кептіріп, өну мен көгеру процестерін тоқтатса астық сапасыз болса да әупірімдеп жүріп іске жаратуға болар еді. Әдетте, ылғалды бойына көп тартқан астық дәніне микотоксиндер жиналып, қарайып күйіп кетеді. Бұл жағдайда дақыл, тіпті жемге де жарамай қалады. Әрине, осындай келеңсіздікті болдырмас үшін терең өңдеу ісі өз септігін тигізері анық. Жоғарыда өңдеуге деп қосымша 30 млрд теңге бөлу жоспарланып отырғанын айттық. Одан бөлек, Астанада, Қостанайда және солтүстікте жаңа технолоргиямен жабдықталған астықты терең өңдеуге арналған кешендер салынуда. Бірақ бұл кешендердің дені келесі жылы болмаса осы жылы астықты қоймаға кіргізе алмасы анық. Үкімет осыны ескеріп қосымша қаражат қарастыруда.
Сонымен қатар биыл сапасыз астық көрші елден де лап қоюы әбден мүмкін деген жорамал да жоқ емес. Егер жылдағыдай көршілерден арзан астық тасыған делдалдарға тиым болмаса, өзіміздің фермерлер тұралап, банкрот болуы да мүмкін. Мемлекет меңзеп, Үкімет ескерген бұл жағдайға байланысты биыл шектеу түрі қатаңдатылып отыр. Смайылов Үкіметінің ресейлік өндірушілердің экспортына еркіндік беріп қоюы кесірінен, 2023 жылы РФ-тан жеткен бидай импорты 2,6 миллион тоннаға жетіпті. Оны сатып алу үшін Қазақстан 355 миллион доллар төлеген. Сөйтіп, көршіден арбаланған астықтың көлемі 2022 жылғы деңгейге қарағанда бірден 44%-ға артып шыға келді. «Енді мұндай алыпсатарлыққа жол берілмейтінін кесіп айтты» Үкімет.
Бұл тыйым 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімге енгізілген екен. Құжат 15 тамызда қабылданғаны туралы айтқан Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, бұған дейін министрдің 11 сәуірдегі №125 бұйрығына сәйкес 2024 жылғы 11 сәуірден бастап Қазақстан аумағына автомобиль, су және теміржол көлігімен бидай әкелуге 6 ай мерзімге тыйым салынғанын еске салды. «Статистика деректері бойынша 2024 жылғы тек 5 айда ғана Ресейден 1,1 миллион тонна бидай импортталған. Шектеуге қарамастан, 2023 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 10%-ға артты. Ресейлік бидайды сатып алуға жұмсалатын қаржы да күрт өсті. Былтырғы 5 айда 1 миллион тоннасын сатып алуға 169,6 миллион доллар аударылса, биыл 1,1 миллион тоннаны 190,5 миллион долларға сатып алды. Шетелден әкелінген астықтың бүкіл импорты, яғни 1,1 миллион тоннасы тек РФ-дан жүзеге асырылады», – деді вице-министр.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов бекітілген берік қағида әрбір әкім мен әрбір министр үшін ұсынымдық емес, қатаң түрде міндетті сипатта болатынын ерекше ескертіп отыр. Осылайша, ел Үкіметі табанының бүрі барын танытып, ел мүддесін қорғауда берік тұруға бекінуде. Тосыннан райынан қайтып, мәселенің басқа ұшығы шыға келмесіне кім кепіл? Мұны енді уақыт көрсетеді.
Бұған дейін ұн тартушы кәсіпорындарға және құс фабрикаларына өңдеу және өзі тұтыну үшін ресейлік арзан бидайды тасуға рұқсат етіп келген Үкімет жақсылықтың бір жамандығы боларын сезбей қалса керек. Сөйтіп, әлгі сенімге өткен екі сала солтүстік көршінің астығын әрі қарай Орталық Азияға жасырын реэкспорттағаны, ішкі нарыққа да қарқынды өткізіп жатқаны әшкере болып қалды. Демек, Үкімет енді олқылыққа жол бермесі анық. Бұл шектеуге отандық аграршылар қуанып отырған көрінеді. Себебі өз тауарлары қандай жағдайда болмасын кәдеге жарайтынына сенімді. Тек сонда ғана ішкі нарыққа сырттан жасалып жатқан қысым жойылады. Қазақстан түгіл, алпауыт Америка мен ұжымдық Еуропаның сұрапыл санкцияларын анадайдан айналып өтуге машықтанып алған ресейлік пысықтар биылғы сәуірдегі шектеуден кейін өз бидайын қазақстандық нарыққа әкелудің айласын тауып алған екен. Сөйтіп, олар жүк көліктерімен әкелген астықты бидай күйінде өткізбей дәнді жарып, бөлшектеп әкеліп отырған. «Мұны «дробленка» деп атайды. Бұл енді бидай ретінде саналмайды, басқа өнім номенклатурасына жатады. Осы «жарма» елімізде тағы тартылып, ұнтақ ұнға айналдырылған», – дейді Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі салалық кеңесінің төрағасы Александр Бородин.
Көктемде енгізілген шектеу ресейліктерді біраз сансыратқанымен олар сапасыз өнімді өткізудің жолын тауып алған. Ал ендігі енгізілген шектеу мұндай олқылықтарға қатаң қарап отыр. Егер биыл күзде көрші Ресей астық өткізудің астыртын жолын тағы тапса, онда ол жақтан келетін арпа-бидайдың сапасы біздегіден де төмен болуы мүмкін. Себебі астықты терең өңдеп отыруға уақыты жоқ көршілер сол күйі жіберуді көздейді. Ал мұның соңы бітпес дау мен орыны толмас шығын болары анық.
Бердібек ҚАБАЙ