Көкшетауда жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көпқабатты тұрғын үй үйлер бірінен соң бірі салынып жатыр. Қаланың көлемі де біршама ұлғайып кеткен.
Ескі үйдің сәулесі мен әуресі
1,376
оқылды

Дегенмен қаланың шеткері жатқан шағынаудандарында әбден тозығы жеткен, тіпті жарты қабырғасына дейін жерге еніп кеткен үйлер жетіп артылады. Олардың бірқатары ондаған жыл бойы иесіз тұр. Кімнің үйі екенін де ешкім тап басып айта алмайды. Кейбірінде адамдар күні бүгінге дейін тұрып жатыр. Бәрі үйлерінің бұзылып, орнына көпқабатты үйлерден жайлы пәтер берілуін күтіп отыр. Жергілікті атқарушы биліктің мәліметінше, бүгінде облыс орталығында әбден тоз-тозы шыққан, инфрақұрылымы мүлде жоққа тән 150 ескі үйді бұзып тастауға шешім қабылданған...

Ескі үйлер бұзылса, ор­нына көпқа­батты жеке тұрғын үйлер са­­лынып, пәтер резерві толықтырылмақ. Бұл ең алдымен мыңдаған адам кезекте тұрған баспана кезегін де қысқартуға мүм­кіндік бермек. Ол үшін тұрғын үй ре­новациясы бағдар­ламасы түзетіліп, оны орындау үшін ар­найы ұйым құ­рылған. Аталған тәжірибе алдағы уақытта Ақмола облы­сын түгелдей қамтымақ. 

Облыс орталығында тұрғын үй қорын қайта жаңартудың кезекті кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама 2026 жылға дейін жүргізілмек. Қолға алынған бағ­дарлама шеңберінде бірінші кезекте 150 үйді бұзу жоспар­ланыпты. Әбден тоз-тозы шығып, жолдары шұң­қырлар мен батпаққа айналған, көше жа­рығынан күдер үзген бұл шағынаудан тұрғындары баспаналарын бұзғанын күтіп отыр. Реновациялық жұмыстар жекелеген жер­гілікті шағынаудандар бойынша бір­тіндеп басталмақ. Мәселен, Уәлиха­нов, Быковский, Сайын және Гоголь көше­­лерінде 75 үйді оның ішінде 12 қос­қабатты және 62 жер үйді бұзу жос­­пар­ланыпты. Жалпы саны 355 пәтер қи­­­­­­­­­­­ра­­­­тылуға тиіс. Жоба жүзеге асырылса, бұл жерлерге 15 бірдей көпқабатты тұр­ғын үй салынып, мыңға таяу отбасы қо­ныстойын тойлауға мүмкіндік алады. 

Ақмола облысы әкімдігінің мәлі­ме­тінше, тозған шағынаудандарды бұзу жұ­мыстарының алғашқы кезеңіне 700 ми­л­­­­­­­лион теңге қарастырылған. Бұл қара­­­­­­­жат­тың қақ жартысы сол жерде тұ­рып жат­қан 48 жер үйді сатып алу үшін об­лыс­тық және қалалық бюджет қор­жы­нынан бөлінбек. 

– Біз мына алты үй орналасқан жерді иелерінен сатып алып бұзып тастаймыз. Одан кейін жер үлесі тұрғын үй салушы құрылыс компа­ния­сына беріледі. Ол бас жоспарға сәйкес абаттандыру бойынша барлық міндетті талаптарды ескере оты­рып құрылысты бастайды. Яғни, құ­рылыс аяқталған кезде мұнда гүлзарлар, балалар ойын және спорт алаңдары бәрі де болуға тиіс. Тұр­ғын үй салынып бол­ғаннан кейін құры­лыс компаниясы осы 48 пәтерді біздің меншігімізге береді. Біз тозығы жеткен үйлері реновацияға ілін­ген, әдемілеп әр­ленген пәтерлерді тұрғын үй иелеріне өз үй алаңдарының көлеміне қарай та­быс­­тайтын боламыз, – дейді Ақмола облы­­сының әкімдігі. 

Бағдарлама шеңберінде бөлме санын ұлғайтуға ниетті тұрғын үй иелерінің өз жеке қаражаты есебінен тұрғын үй жайын бұрынғыға қарағанда жақсарту да қарас­тырылғанын атап өткен жөн. 

Жалпы, күні бүгінге дейін 24 үйдің са­тып алынатыны расталып, үй иелері үйлерінің сатып алу құнына келісімін берген. Дегенмен сүрілуге тиіс болған шағынауданда құлауға шақ қалған лашық үйлерін қимай қалғандар да табылды. 

Сонымен, лашық үйлерді бұзу жос­па­рының алғашқы кезеңі бойынша 48 пәтер әкімдіктің тұрғын үй қоры резервіне ай­­налмақ. Ал уақыт өте келе толыққанды тұрғын үй қорын құрып, одан біртіндеп жүргізілетін құрылыс жұмыстарына сәй­кес баспаналары қайта жаңарту бағдар­ламасына енген меншік иелеріне пәтер берілмек.

– Реновация барлығы қолжетімді әрі жақын қашықтықта болуы үшін жаңа әлеуметтік нысандарды да салуға мүм­кіндік береді. Толыққанды жоспарға көз жүгіртсек, бұзылатын мына шағы­нау­данда 280 орындық жаңа балабақ­шаның, сондай-ақ жасыл желекті гүлзарлар мен жаңа жолдың да құрылысы қарас­ты­рыл­ған.  Яғни, бұрынғы тоз-тозы шы­ғып біткен үйлердің орнына за­манға сай жаңа шағынаудандар пайда болады. Өйт­кені бағдарламаның негізгі мақсаты да ха­лық­тың өмір сүру сапасын жақсарту болып отыр, – дейді Ақмола облысы Құ­рылыс басқармасы басшы­сының орын­басары Азамат Байқуанышев. 

Осылайша, жергілікті билік «бір оқ­пен екі қоян атпақ». Біріншіден, қала­дағы тозығы жеткен лашықтардан құ­тылып шаһар жақсарса, екіншіден сол жер учас­ке­лерінде жаңадан тұрғын үй­­лердің құ­ры­лысы жүріп, тұрғын үй қо­рын жаңартуға мүмкіндік болмақ. Рено­ва­цияны тиімді жүзеге асыру үшін об­лыста осы бағдарламаның басы-қасында бо­лып, кейін оны өңірдің басқа қала­ларына тәжірибе ретінде бөлумен айна­лысатын жаңа өкілетті ұйым құру да қарас­ты­­­рылыпты. 

–Тұрғын үйлерді бұзу және жаңа құ­рылысты бастаудың екінші жолы құ­рылыс салушы компания баспана ие­лерімен өздері тікелей келісіп, оларға пәтер ұсынады. Одан әрі біздің ке­лі­сімімізбен лашық үйлердің орнына жаңа көпқабатты тұрғын үйлер тұрғы­зылмақ. Мұнымен қоса, біз құрылыс компания­лардың алдына пәтерлердің жайлылығы, сондай-ақ инфрақұрылымы, яғни, жа­рық, су, жол сияқты қарапайым қажет­тіліктер мен аула аумақтары мен алаң­дарын абаттандыру сияқты шарт­­­­­тарымызды қоямыз. Осылайша, бюджет үшін айтарлықтай шығыны аз жоба­лардың ар­қасында тұрғын үй қорын жаңар­­туға мүмкіндік аламыз, – дейді об­лыс әкімдігі. 

Тұрғын үй қорын жаңартудың жаңа тәсілі арқылы жергілікті билік қаладағы әлеуметтік осал санаттағы халықтың да тұрғын үй кезегін тезірек алға жылжытуға мүмкіндік болатынына сенімді. Мәселен, егер соңғы бес жылда тұтас облыс бойын­ша тұрғын үй кезегіндегілерге 2 160 пәтер берілсе, биыл аталған тәсілдің көмегімен бес жылдық көрсеткіштен асыру жос­парға кірген. Сонымен қатар құрылыс өңірдің Бурабай, Зеренді аудандары мен Қосшы қалаларында жүргізіле баста­ғанын атап өткен жөн. Жаңа үйлердегі пәтерлерді әкімдік тауар сияқты сатып алмақ. 

– Егер біз тендер жарияласақ, оған кемінде екі-үш жыл уақыт кетер еді. Ал біз биылғы жылдың өзінде аталған жобаға сәйкес 841 пәтерді сатып алуды жос­­парлап отырмыз. Бүгінге дейін 200-ден астамы сатып алынған. Құрылыс ком­панияларына жайлылық бойынша шарт­ты орындауды тапсыратынымызды атап өткім келеді. Бұл өз кезегінде жер­­гілікті құрылыс бизнесін де жандан­дырып, бас­қа өңірлердің ірі монополист компа­­­ния­лары емес, жергілікті ком­паниялар ұта бастайды, – деп толықтырды әкімдік өкілдері. 

Көкшетауда қазір қаланың келбетін айтарлықтай өзгертетін бірнеше ірі ин­вестициялық жоба қатар жүзеге асы­рылып жатқанын атап өткен жөн. Мә­селен, Қопа көлін жағалай толықтай жаңа­дан жол құрылысы жүріп жатыр. Бұл жобаға қазір қала жұртшылығы ең көп жиналатын орынға айналған көл жаға­лауын абаттандыру да кіріп отыр. Мер­дігер компания бұл жерлерді барлық жас­­­­­­­тағы қала азаматтарының ықыласына қарай жазда ғана емес, қысқы уақытта да қызықты болатындай етіп жасауға уәдесін берген. Жағалау бойында салынған жол­дың жанына заманауи велосипед, жаяу­лар жолы, ұзындығы 2 шақырымнан астам жүгірушілер жолы, кең тротуарлар, футбол алаңы, спорттық, воркаут және балалар алаңдарын салу көзделген. 

Естеріңізге сала кетсек, Көкшетау қа­ласында Қопа көлінің жағалауындағы құрылыс Қазақстан мен Ресейдің өңір­аралық ынтымақтастық форумы қар­саңында жоспарланып, пандемия кезінде басталып, республикалық қазы­наның 1,5 миллиард теңгесі шығын­далған еді. Жоба көрінісінің сән-салтанаты әдемі болғанымен, көп ұзамай-ақ көп жерлерде асфальт төсемдер үгіліп, қырлы шақпақ тастар ұшқан көп кемшілік көпшіліктің көкейінен шыққан жоқ. Әкімдік уәдені үйіп-төккенімен, келтірілген ақаулар күні бүгінге дейін түзетілмеген. 

Шаһарда сондай-ақ балықшылар ал­леясы деп аталатын жаңа орын да пайда болды. Ол Қылшақты өзенін бойлай Абай көшесіндегі автокөлік көпірінен Сүлей­менов көшесіндегі жаяулар жолына дейін орналасыпты. Мұнда күн батарея­сымен жұмыс істейтін 12 диодты жарық фонарь­лар, әткеншектер мен орын­дықтар, со­ны­мен қатар фотоаймақ са­лынған. Мұ­ның бәрі демеушілер есебінен орна­тылыпты. Аумаққа жабайы алма­лардың көшеттері де отырғызылыпты. 


P.S. 

Әрине, тың дүниелердің әрі халықтың жағдайын жақсартатын баспана мен абаттандыру жұмыстарының қолға алынғаны құба-құп. Дегенмен жұмыс жүргізілгенде бақылаудың тиісті түрде жүзеге асырылып, жауапты органдар мен жергілікті билік осыған дейін болып бармақ шайнатқан жайды қайталамаса екен дейміз... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы