«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында (2022 жылы) атап айтқан болатын.
Жоба аясында 2023-2025 жылдары еліміз бойынша 401 мектеп салу жоспарланып, бұл мақсатта республикалық бюджеттен 2,6 триллион теңге бөлу қарастырылды. Сонымен қатар жоспар бойынша жаңа мектептер ең заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті оқу кабинеттерімен, спорт залдарымен жабдықталуы тиіс. Бастауыш және орта сыныптарды жеке асханалары, жуынатын бөлмелері, спорт залдары бар бөлек блоктарда оқыту ұсынылған-тын.
Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің бізге берген мәліметіне сәйкес, биыл оқу жылының басында жаңа үлгідегі алғашқы 20 мектеп ашылады. Жыл соңына дейін тағы 146 мектеп ашу жоспарлануда.
Астанада тамыздың 23-і күні ұлттық жоба қалай жүзеге асып жатқаны жөнінде қоғамдық кеңес өтті. Жиында Samruk-Kazyna Construction АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов жобаға қатысты маңызды мәселелер мен нәтижелер туралы есеп берді. Белгілі болғандай, мектептердің алғашқы легі оқу жылының басында-ақ қолданысқа тапсырылады. Дайын жайлы мектептерді тапсыру мерзімі мердігер ұйымдармен жасалған келісімшарттарға сәйкес биылғы 15 желтоқсанға жоспарланған екен. Алайда нысандарды жобалау мен құрылысты қатар жүргізуге мүмкіндік беретін ЕРС-келісімшарттардың арқасында мектептің көбі уақытынан бұрын тапсырылмақ.
Samruk-Kazyna Construction АҚ басшысы өз есебінде бүгінде 434 600 оқушыға арналған 208 жайлы мектептің құрылысы жүргізіліп жатқанын айтты. Оның ішінде 20 мектепті (57 мың орынға арналған) 2024 жылдың 1 қыркүйегінде, 17 мектепті (39 600 орын) – қыркүйектің соңында, 61 мектепті (109 400 орын) – қазан айының соңында, 66 мектепті (131 мың орын) – осы жылдың 15 желтоқсанында қолданысқа тапсыру жоспарланып отыр. Қалған 44 мектептің (97 600 орын) тапсырылуы түрлі себепке байланысты 2025 жылға шегерілген. Мемлекеттік сараптама қорытындыларын алу мәселесі бойынша 169 мектепке қатысты оң баға алынса, қалған 39 мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптама қарауында жатқаны белгілі болды.
Отандық өнімге орын болмай тұр
Мемлекет тапсырмасына сәйкес жобаны жүзеге асыру Samruk-Kazyna Construction АҚ-ға тапсырылғаны белгілі. Сонымен қатар әуелден-ақ ұлттық жобада мектеп құрылысына негізінен отандық материалдарды қолдану бойынша нақты шаралар көзделген және барлық жиһазды отандық өндірушілерден сатып алу жоспарланған болатын.
Дегенмен қоғамдық кеңестің отырысында «Жайлы мектептерге» сатып алынып жатқан жиһаздың сапасына сын айтылды. Астана қаласы мәслихатының депутаты Қанат Ибраев жергілікті комиссия құрамында «Жайлы мектептердің» құрылысымен танысқанын, сол кезде білім ошағына қойылып жатқан жиһаздың сапасына байланысты күмәнді сұрақтар туындағанын айтты.
– «Жайлы мектептерге» орнатылып жатқан жиһаз үлгілерін сараптамаға алуға болмай ма? Мен іс басында жүрген адам болғандықтан түсінемін. Қазақстанда болмағандықтан, Қытайдан жиһаз әкелген. Мен ол жиһаздың балалар үшін жеткілікті деңгейде қауіпсіз екеніне сенімді емеспін. Өйткені ол жиһаздың пластигі ашық сары түсті, иісі бар. Тұйықталған кеңістікте мұндай материалдан қандай да бір зиян болуы мүмкін. Осы кемшіліктер үшін кім жауап береді?» – деді Қанат Ибраев. Біз Қанат Сұлтанұлына хабарласып мәселенің мән-жайын сұраған едік.
– Астана қаласы мәслихатының депутаттарымен, әріптестеріммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынып жатқан мектептерді араладық. Біздің комиссия екі мектепке бардық. Мен құрылыс маманы болмағандықтан, ол туралы нақты ештеңе айта алмаймын. Бірақ кейбір кемшілік көзге көрініп-ақ тұр. Бір мектепте «линейка» өтетін алаңқай стандартқа сай жоспарланбағанына куә болдық. Бір мектепте спортзалға қатысты сұрақтар туындады. Бірақ 1 қыркүйекке дейін бұл кемшіліктер жойылады деп үміттеніп отырмыз. Мектептерді аралай жүріп, интерьерінің жарқыраған түстері, сыныптардағы оқушылар үстелдерінің ақ жабыны, шығу тегі белгісіз пластикалық жиһаздардың көптігі ойландырды. Қабырғалардағы бояудың балалар денсаулығына қаупі секілді мәселелерге қатысты әу баста стандартқа сай бекітілген тапсырмалар орындалмаған. Біз Samruk-Kazyna Construction акционерлік қоғамының басшысы Мәулен Айманбетовке сауал жолдадық. Бірақ олар әзірше жауап бермеді, – деді ол.
Астанада қанша мектеп пайдалануға беріледі?
Samruk-Kazyna Construction АҚ 2024-2025 жылдар аралығында Астана қаласына 24 «Жайлы мектеп» салуды жоспарлап отыр. Қалалық Білім басқармасының бізге берген ақпаратына сәйкес, биыл жаңа оқу жылында 12 мектеп ашылады. Оның 8-і жайлы мектеп.
Ал қала әкімі Жеңіс Қасымбек таратқан ресми мәліметке сүйенсек, Астананың жаңа Бас жоспарында 2035 жылға дейін 430-дан астам әлеуметтік нысанның (мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер) құрылысы қарастырылған. Ал оның ішінде 164 нысан – мектеп. Қала әкімінің айтуынша, қазір қалада 100 мыңға жуық оқушы орнына (екі ауысымды) арналған 30-дан астам мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа оқу жылы ішінде 23 мектеп салынады. Бұл елорда үшін рекордты көрсеткіш болып саналады.
– Сол сияқты оқу жылының басында жоғарыда аталған оқу орындарынан бөлек, тағы 3 мемлекеттік және бір жеке мектеп ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жыл соңына дейін тағы 7 жайлы мектеп, 2 мемлекеттік мектеп және 2 жекеменшік мектеп ашу жоспарда бар. Осылайша, жаңа оқу жылы ішінде 23 мектеп салынады. Біз сондай-ақ алдағы жылдарға да дайындалып отырмыз, – деді елорда әкімі.
Жаңа мектеп – жаңа тыныс
Жалпы 2024 жылы республика бойынша 536 мың оқушыны қабылдай алатын 302 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.
– Бұл шаралар 92 үш ауысымды және оқушы орны тапшылығы бар 249 мектептің проблемаларын шешуге мүмкіндік береді. Әкімдіктер мектептерді іске қосу мерзімінің бұзылуына жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдауы қажет, – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев. Сондай-ақ министрдің айтуынша, жергілікті атқарушы органдар дайын жайлы мектептерді өз балансына қабылдауы үшін әрбір облыс әкімдігі арнайы жұмыс тобын құрып, жұмыстардың сапасы мен нормативтерге сай екенін қазірден бастап тексеруі тиіс.
Ақмола облысы Целиноград ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 7 мектеп салу жоспарланыпты. Екеуі Астана қаласының іргесіндегі Талапкер ауылында салынып жатыр екен. Талапкер ауылында жаңадан ашылғалы отырған мектеп директорының міндетін атқарушы Асылбек Жұмабайұлына хабарласқан едік, – Ауылымызда екі мектеп пайдалануға берілгелі жатыр. Біреуі қазақтілді мектеп-гимназия, екіншісі аралас ІТ мектеп-лицей болады. 1 200 балаға арналған жайлы мектеп стандартқа сай жасақталған. Сынып кабинеттері, спортзалдары бәрі жоспарға сай, дайын. Бұйырса, қыркүйектің 1-інде оқушылар мектеп табалдырығын аттайды деп күтіп отырмыз, – деді ол.
Жайлы мектеп Президент тапсырмасына сай алдымен басты нақты үш міндетті – оқушы орнының тапшылығын, үш ауысымды оқытуды және мектептердің апатты жағдайын толық шешуі тиіс. Сонымен қатар ауылға жаңа мектеп салынды дегенше, жаңа жұмыс орны да ашылатыны белгілі. Сондай-ақ ауылдың шырайы кіріп, тіршілігі де жандана түсер. Ал Талапкер халқы мектеп ашылса, жол салынады деп алақайлап, қуанып жүр.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ