Қауіпсіздікті сақтау мен елдің қорғаныс қабілетін арттыру Қазақстан үшін бірінші кезектегі мәселелердің қатарында тұратыны сөзсіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жыл сайынғы жолдауларында бұл мә­се­леге тоқталмай өткен емес.
Айгүл Құспан, Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы: «Армия –  Тәуелсіздік тірегі»
3,144
оқылды

Біз Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Айгүл Құспанмен  сұхбаттасып,  қауіп­сіздікке қатысты бірқатар сұрақ қойған едік.  Біз Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Айгүл Құспанмен  сұхбаттасып,  қауіп­сіздікке қатысты бірқатар сұрақ қойған едік. 

– Мемлекет басшысы былтыр «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауында  қорғаныс-өнеркәсіп кешенін нығайтуды тапсырған еді. Аталған тапсырманың құқықтық базасы қалай жасақталып жатыр? 

– Бұл еліміздің қорғаныс қабілеттілігі үшін өте маңызды. Шынында да, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында қорғаныс-өнеркәсіп кешендерін жан-жақты нығайтудың маңызын ерекше атап өтті. Президент дамыған мемлекеттерде қорғаныс өндірісі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынына баса маңыз бөлді. Осы орайда Мемлекет басшысы қорғаныс өнеркәсібін дамыту мәселелерін үнемі назарында ұстайтынын айта кеткеніміз жөн. Мәселен, 2023 жылғы наурызда «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» зауытында болып, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын жоспарлау мерзімін 3 жылдан 5 жылға дейін қайта қарауды тапсырған болатын. Депутаттық корпус та бұл мәселені назардан тыс қалдырып отырған жоқ. Біздің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мемлекеттік қорғаныс тапсырысы және қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері бойынша дөңгелек үстел, тақырыптық отырыстар өткізеді.

Бұдан бөлек, 2023 жылғы 16 қазанда Пре­зидент қол қойған «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, мемлекеттік авиа­ция, қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасына бастамашылық жасадым. Президенттің сіз айтқан тапсыр­ма­сын біз қорғаныс өнеркәсібін өндіруге шарт жасасу тетігі арқылы заң жүзінде ресімдедік. 

Бұрын мұндай келісім тек 3 жылға жа­салуы мүмкін еді.

Мысалы, Орал қаласындағы «Зенит» зауыты 1993 жыл­дан бастап әскери кеме жасаумен айналысады, бұл – технологиялық тұрғыдан ұзақ өндіріс. Зауыт технологиялық мерзімі 4 жыл болатын көпфункционалды кеме жа­сай­ды. Ал заңнама тек 3 жылға шарт жасасу мүмкіндігін қарастырды. Енді біз қор­­ғаныс-өнеркәсіп кешенінің кәсіп­­орындарына ұзақ мерзімге шарттар жа­сасу­ға мүмкіндік бере­тін түзету енгіздік. Бұл, мысалы өнімді да­йын­­даудың тех­нологиялық мерзіміне сүйене отырып, шарттың мерзімін анықтауға, бірне­ше жыл ішінде қару-жарақ пен әскери техниканың үлкен партиясына шарт жа­са­суға, сынақтар жүргізу мерзімдерін және қару-жарақ пен әскери техниканы алушы­ларға тапсыруды ескеруге кең мүмкіндіктер ашады. Бұл түзету бюджетке түсетін жүк­те­мені азайтуға мүмкіндік береді, ал қорға­ныс-өнеркәсіп кешендері кәсіпорындары өз өндірісін ұзақ мерзімге жоспарлай алады.

Сондай-ақ заңда қорғаныс-өнеркәсіп кешендері кәсіпорындарына ғылыми зерт­­теулер жүргізу құқығын беретін нор­маларды қарастырдық. Іс жүзінде ғылыми әзірле­­ме­лердің авторлары азаматтық Ғылыми зерт­теу институттары емес, қорғаныс кәсіпорын­дарының өздері болып саналады.

– Мемлекеттің қорғаныс қабілетін арт­тыру өнеркәсіппен қатар Қарулы Күштерді жетілдіруге тікелей қатысты екенін білесіз. Ашық дерек көздеріндегі мәліметтерге қа­рағанда, Қазақстанның қорғаныс бюджеті әлі күнге ІЖӨ-нің 1%-іне жетпеген. Не себепті біз қорғаныс бюджетін 2008 жылғы (1%) деңгейге жеткізе алмай отырмыз?

– Айтқаныңыз орынды. Стокгольм ха­лықаралық бейбітшілік мәселелерін зерттеу институтының ашық деректеріне сәйкес, өткен 4 жылда Қазақстанның әскери бюд­жетін былай көрсетуге болады: 

– 2019 жылы – 1,8 млрд.,

– 2020 жылы – 1,5 млрд.,

– 2021 жылы – 1,6 млрд., 

– 2022 жылы – 1,1 млрд. АҚШ долларына жеткен. 

Қазақстанның ІЖӨ (Ішкі жалпы өнім) деңгейіне әскери шығыстардың үлесі:

– 2019 жылы – 1,02% (пайыз);

– 2020 жылы – 0,91% (пайыз);

– 2021 жылы – 0,82% (пайызды);

– 2022 жылы – 0,51% пайызды құрап отыр. 

Сонымен бірге Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылдан бері қор­ғаныс саласына бюджеттік шығыстары ай­­тар­лықтай, 70%-дан астам немесе 1063,2 млрд теңгеге өскені байқалады. Қар­жы ми­­­нистр­лігі берген ақпаратта қорғаныс шығыс­тарының құрылымына әлеуметтік блок, яғни барлық қорғаныс шығыстарының ең үлкен үлесін құрайтын күнкөріс шығын­дары (киім-кешек, азық-түлік, жалақы және тағы басқа) да кіреді. Ал қару-жарақ, тех­ника, оқ-дәрілер, инфрақұрылым және бас­­­­­қа да жабдықтарға, яғни тікелей ел қор­ғанысына жұмсалатын шығындар аз ғана. Бұған Сток­гольм институтының де­ректері дәлел.

Комитет депутаттары бұл мәселені ар­найы отырыс барысында да, мемлекеттік бюджетті қарау кезінде де бірнеше рет кө­терген болатын. Мәжіліс Бюджет кодек­сінің жаңа жобасын қарап, оған қорғаныс шы­ғындарына қатысты түзетулер енгізуде.

– Мәжіліске «Қазақстан Респуб­ликасы­ның аумақтық қорғанысы туралы» заң жо­басы келіп түскенін білеміз. Бұл заңның бас­ты ерек­шелігі неде? Жауапкершілік кімге жүк­теледі?

– Ең алдымен, Мемлекет басшысы, Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев «Армия – тәуелсіздік тірегі» деп атап өткен еді. Әрі өзінің 2022 жылғы сайлауалды бағ­дар­ламасында аумақтық қорғанысты ны­ғайту бойынша нақты міндет қойғанын атап өткім келеді. Осы уақытқа дейін елі­мізде аумақтық қорғанысты ұйым­дас­тыруға кешенді көзқарас болмағанын айта кету керек, ал заңнамалық деңгейде бұл мәселе тек бірнеше нормамен реттеледі. Осыған байланысты Үкімет тиісті заңның жобасын әзірлеп, Мәжіліске енгізді. Ол жұмыс тобын біздің комитеттің мүшесі Максим Нико­лаевич Рожин басқарды.

Заң жобасы Қазақстан Республикасы­ның аумақтық қорғанысының құқықтық негіз­дерін, оның мақсаттарын, міндеттері мен қағидаттарын айқындайды. Ол Қазақ­стан Республикасының мемлекеттік орган­да­рының, ұйымдары мен азамат­­та­рының өкілеттіктерін, сондай-ақ олардың жауап­кершілігін бекітеді. Шартты түрде заң жоба­сын екі бөлікке бөлуге болады: бейбіт уа­қытта жүзеге асырылатын дайындық іс-ша­раларын өткізу, сондай-ақ жұмылдыру ке­зеңінде, соғыс жағдайында және соғыс уа­қытында аумақтық қорғаныс жүргізуді ұйымдастыру тікелей реттеледі.

Дайындық іс-шаралары дегеніміз – бұл аумақтық қорғаныс жоспарларын әзірлеу және бекіту сондай-ақ әс­кери және мем­лекеттік маңызы бар маңыз­ды объек­ті­­лер­дің, міндетті қорға­латын ком­му­ника­ция­лардың, арнайы әс­кери жиын­дардың және басқалардың тіз­белерін әзір­леу және бекіту.

Жұмылдыру, әскери жағдай және соғыс уақытындағы аумақтық қорғаныстың нақты іс-шаралары дегеніміз – бұл күш құры­­лым­дарының аумақтық бөлімшелерінің күштері мен құралдарын тиісті қорғаныс кеңестеріне бағындыру, халықты хабардар ету және эва­куациялау, әскери және мемлекеттік маңызы бар объектілерді, комму­ника­ция­ларды қор­ғау және тағы басқалар.

Алғаш рет Қазақстан Республикасының қорғаныс жүйесі үшін «ерікті» және «өзін-өзі қорғауды қалыптастыру» деген жаңа ұғым­дар енгізілуде. Жергілікті әскери басқару орган­дары жұмылдыру, әскери жағдай ке­зеңінде және соғыс уақытында аумақтық қорғаныс міндеттерін орындау үшін өзін-өзі қорғау құры­­лымдарын құратын болады. Өзін-өзі қорғау құрылымдарының алдында әртүрлі міндет болуы мүмкін – елді қару-жарақпен қор­ғау, траншеялар қазу, маңызды нысандар­ды күзету, эвакуациялау және тіпті жау басып алған аумақта партизандық соғыс жүргізу. Қазақстан Республикасы аумақтық қорғаныс күштерінің аумақтық қорғаныс міндеттерін орындауға жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етуге және аумақтық қорғаныс саласындағы заңнаманың бұзылуына жол бермеу мақса­тында мемлекеттік бақылау жүргізу тәртібі белгіленеді.

– Заң дегеннен шығады. Мемлекеттің барлық дерлік ресми құжаттары ғаламторда бар. Айталық, әскери бөлімдердің нөмірі және қандай күш құрылымдарына қарайтыны, мекенжайы ашық жазылған. Мұндай дерек­терді құпия етуге болмай ма? 

– Шартты түрде айтқанда, ол мем­ле­кеттік құпиялар туралы заңнаманың та­лап­тарын және уақыт талабына сәйкес бар­­лық саланы цифрландыруды қамтиды.Мұнда ең алдымен, конституцияның, консти­ту­циялық заңдардың, өзге де нормативтік құ­қықтық актілердің, Республиканың ха­лық­аралық шарттық және өзге де міндетте­мелерінің нормаларын басшылыққа алу қажет. Конституцияның 20-бабында әр­­­кімнің заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар екені бекітілген. Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтер тізбесі заңмен айқын­­далады. Осыған байланысты 1999 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүдде­сінде мемлекеттік құпияларды қорғаудың құ­қықтық негіздері мен бірыңғай жүйесін айқындайтын, мәліметтерді мемлекеттік құпияларға жатқызуға, оларды құпия­­­лан­дыруға, билік етуге, қорғауға және құпия­сыздандыруға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейтін «Мем­лекеттік құпиялар туралы» заңы қабылданды. Мемлекеттік құпиялар деп жалпыға бірдей қабылданған Халықаралық құқық норма­ларына қайшы келмейтін тиімді әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық, сырт­қы экономикалық, сыртқы саяси, барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру және өзге де қызметті жүзеге асыру мақсатында тара­­тылуы мемлекетпен шектелетін мемлекеттік және қызметтік құпияларды құрайтын мем­лекет қорғайтын мәліметтер түсініледі.

Қазақстан Республикасының мемле­кеттік құпияларын құрайтын мәліметтерді және оларды жеткізушілерді құпияландыру заңдылық, негізділік және уақтылық қағи­даттарына сәйкес жүзеге асырылады. Заң­дылық құпиялылықтың Қазақстан Респуб­ликасының конституциясы мен заңдарына сәйкестігін білдіреді. Негізділік қоғамның, азаматтар мен мемлекеттің өмірлік маңызды мүдделерінің тепе-теңдігіне сүйене отырып, нақты мәліметтерді құпияландырудың орын­­дылығын, осы актінің ықтимал эко­номикалық және басқа салдарын сарап­та­малық бағалау арқылы анықтаудан тұра­ды.

Мемлекеттік құпияларға жататын әс­кери қауіпсіздіктегі мәліметтер тізбегі заң­ның 11-бабында айқындалған және оларға Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелеріне сәйкес ашық жариялауға жататын объектілер тізбесіне енгізілмеген әскерлердің орналасуын, нақты атауларын, ұйым­дық құрылымын, қару-жарағын, са­нын ашатын мәліметтер жатады.

Сонымен қатар 2015 жылғы 16 қарашада «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң қа­былданды, ол әрбір адамның заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алуға және таратуға конституциялық құқығын іске асыру нәтижесінде туын­дай­тын қоғамдық қатынастарды реттейді. Заң­ның 16-бабына сәйкес, ақпарат иелері ин­тернет-ресурс жасайды, олар басқалармен қатар, байланыс деректерін (пошталық мекен­жайы, электрондық пошта мекен­жайы, анықтамалық қызметтердің, құры­­лымдық бөлімшелердің, аумақтық орган­дардың және ведомстволық бағы­нысты ұйымдардың телефон нөмірлері) орналас­тыруға міндетті. Бұл талап ақпарат иелерінің қызметінің ашықтығы мен тазалығын, сон­дай-ақ жеке және заңды тұлғалардың құ­қықтары мен заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ету қажеттілігінен туындады. Осылайша, Қазақстан Республикасының заңнамасында мәліметтерді мемлекеттік құпияларға жатқызу және оларды қорғау тәртібі нақты регламенттелген.

– Белгілі бір күштер мемлекетке гибридті амалдармен де қауіп төндіруі мүмкін. Еліміздің Әскери доктринасында «гибридтік күрес» ұғымы ғана бар. Біздің пайымдауымызша, елдің ақпараттық қауіпсіздігіне, ішкі сая­сатына жауапты мекемелер де аталған ұғымға назар аударуы керек сияқты. Келісесіз бе?

– Гибридті қауіптер дегеніміз – әртүрлі қауіптердің жиынтығы. Бұл әскери және әскери емес агрессия құралдарының қос­па­сы, жасырын және ашық операциялар мен кең ауқымды шаралар, үгіт-насихат пен жалған ақпараттан бастап тұрақты күштерді нақты пайдалануға, киберкеңістікте әрекет етуге немесе шекарада диверсиялық әре­кеттер жасауға дейін. Олар мемлекеттік және мемлекеттік емес субъектілер соғыс жа­рия­ламай-ақ қолдана алатын қоғамдық өмірдің барлық саласына әсер етудің дип­ломатиялық, әскери, экономикалық және ақпараттық-психологиялық әдістерін бі­ріктіреді.

Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 29 қыркүйектегі Жарлығымен бекітілген және Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мен қорғанысқа мемлекетте ресми қабылданған көзқарастар жүйесін қамтиды. Онда әскери-саяси, әскери-стра­тегиялық және әскери-экономикалық сала­дағы, мемлекеттің жұмылдыру дайын­дығы жөніндегі мемлекеттік қызметтің негізгі бағыттары, сондай-ақ Қазақстан Респуб­ликасының әскери ұйымын дамыту жөнін­дегі негізгі шаралар айқындалған.

Осылайша, біздің еліміздегі агрессияның әскери құралы ретінде гибридтік қауіп-қатерге ең жоғары деңгейде назар аудары­лады және оларға қарсы қажетті шаралар қабылданады.

Айтып өткенімдей, гибридті қауіптер агрессияның әскери емес құралдарына әсер етудің ақпараттық-психологиялық әдістері түрінде де бола алады. Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің 2023 жылғы 20 нау­рыздағы Жарлығымен Қазақстан Респуб­ликасының Ақпараттық доктринасы бекі­тілді. Доктринаның мақсаты – елдің ақпа­раттық қауіпсіздігі мен идеологиялық еге­мендігін қамтамасыз ету, қоғамды шоғыр­ландыруға және азаматтық бірегейлікті нығайтуға бағытталған қазіргі заманғы үр­дістер мен сын-тегеуріндерге жауап бере­тін осындай ақпараттық саясатты құру. Осы тақырыпты терең түсіну үшін сәуір айында «Қоғам мен армияның деструктивті ақпа­раттан қорғалуын арттыру» тақырыбында комитетте арнайы отырыс өткіздік. Уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдерінің ақпа­раттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы, ақпараттық доктринаны іске асыру туралы, әскери қызметшілердің деструктивті идео­логияға моральдық-психологиялық тұрақ­тылығы туралы пікірлерін тыңдадық. Оты­­рыс соңында комитет Үкіметке қо­ғам­ды де­­структивті ақпараттың ықпалынан қорғау жүйесін жетілдіру, ақпараттық жұмысты құрудың бірыңғай тұжы­рым­дамасы мен стратегиясын әзірлеу, сондай-ақ мем­­лекеттік органдар мен облыстық құры­­лымдардың ақпараттық кеңістікті қорғау жөніндегі қыз­метін үйлестіруді күшейту, жалған ақпа­ратпен күрес жөніндегі озық шетелдік тәжі­рибені бейімдеу және енгізу туралы ұсынды. 

– Мәжіліс депутаттары еліміздің шекара заставаларының жай-күйі жайлы бірнеше мәрте мәселе көтерген. Үкімет шекара қызметінің жағдайын жақсарту мақсатында не істеп жатыр? Сіздерге есеп берді ме?

– Шекара инфрақұрылымы үнемі на­зарда. Елдің қауіпсіздігі, шекарашылардың рухы шекараның жағдайына байланысты. 

Біздің комитет мерзімді түрде мем­лекеттік шекараның өңірлік учаскелерінде көшпелі отырыстар өткізіп тұрады. Шека­ралық инфрақұрылымның жай-күйін, мем­лекеттік шекараның техникалық күзет құралдарымен және байланыс құралдарымен жарақтандырылуын тексереміз. Оңтүстік және солтүстік аймақтарға бардық, келесі сессияда шығыс және батыс бөліктерге бару жоспарымызда бар. 

– Қауіпсіздік ұғымының ауқымы кең екені белгілі. Соның ішінде ұлттық рухани тұ­тастығына төнетін қатер мәселесі де бар. Мұн­дай қауіпті мемлекет зерделей ме? 

– Қоғам өміріндегі рухани құнды­лық­тардың рөлін түсініп, дұрыс бақы­лауымыз керек. Олар біздің ұлттық бірегейлігіміз бен тәуелсіздігіміз үшін қажет. Кеңестік то­талитаризмнің салдарынан КСРО-ның өзге халықтары сияқты қазақ та тарихи жады, құндылықтары мен дәстүр­лерінің ауқымды бөлігінен ажырап қалды. Сол се­бепті біз жат танымның еніп кетуіне қарсы тұрар қау­қарсыз халге түстік. 

Қайырымды ниеті бар сияқты көріне­тін түрлі топтың аңқау, аңғал азаматтардың мүлкін иеленіп алғанын білеміз. Кейбір адамдар жаңа, жалған діни топтардың құ­рамына кіріп, моралдық және физикалық тұрғыда қысым көрді. Еліміздің бірқатар аймағындағы экстремисттік әрекеттерді де ұмытқан жоқпыз. Мемлекет бұл мәсе­лені жіті назарда ұстап отыр. Орталық және жер­гілікті атқарушы билік дең­гейінде тиісті мем­лекеттік органдар дін саласында жұмыс істейді. Бір жағынан олар азаматтардың діни құқы мен бос­­тандығы қамтамасыз ету, на­ным-сенімі арқылы жайлы орта қалып­тас­тыру, елі­мізде конфессияаралық келі­сімді нығайту бағыты бойынша маңызды қызмет атқ­арады. Екіншіден, оларға ха­лықтың руха­ни иммунитетін нығайту және де­струк­твиті идеологияға төтеп беру қа­білетін кү­шейту жауапкершілігі де жүк­телген. 

Әдетте дін атын жамылған, жаңадан пайда болған дәстүрлі емес топтардың ерек­шелігі олардың ғылымға сүйен­бейтіндігінде, эмоцияны манипулациялау, халықтың діни білімінің төмендігін пайдалануында, өз мақсаттары үшін ұғымдарды шатасты­руында, адамдардың сенімін бас пайдасына жара­туында жатыр. Ұлттың рухани тұтас­тығын бұзатын мұндай құбылыстарға қарсы тұру үшін шынайы тарихымызға, ғалымда­ры­мыздың еңбектеріне назар аударып, то­леранттылық дәстүрін қол­дауымыз қажет. 

– Сепаратистік көзқарастағы, қос аза­маттықты аңсайтын отандастарымыз да кез­десіп қалады. 2015-2021 жылдар ара­лы­­ғында қос азаматтыққа қатысты 90 мыңнан астам дерек анықталған. ІІМ-нің ресми мә­­­лі­меті осы. Бұл жағдай қоғамның бірігейленуі әлі де әлсіз жүріп жатқанын білдірмей ме?

– Азаматтық – ұлттық бірегейлікті қа­лыптастыру процесіндегі аспектілердің бірі. Қазақстанда ешкімнің азаматтық ауыстыруы мен өмір сүретін мекенін таңдау құқына шектеу жоқ. Мұндай жағдайлар адамдардың басынан өтіп жатқан түрлі себепке бай­ла­нысты болады. Ал қос азаматтық мәселесі бірінші кезекте құқықтық сипаты бар құ­былыс.

Мемлекеттік мекемелер партиоттық тәр­биені жетілдіру, заң үстемдігін қамтамасыз ету мен азаматтардың мемлекет алдындағы жауапкершілігін арттыру бағытында мақ­сатты түрде ұдайы жұмыс істейді. Қос аза­маттық мәселесі заңмен нақты реттелген әрі заңбұзушылықтың алдын алу бойынша қа­жетті іс-шаралар атқарылып жатыр. 2015-2021 жылдар аралығындағы деректер – сөзсіз алаңдататын жағдай. Дегенмен азаматтыққа қатысты заң бұзатын тұлғалар түрлі себепке байланысты жол беретінін атап өту керек. Айталық, шетел азаматтығын алған кейбір тұлға Қазақстан азаматтығынан шыққанын Ішкі істер органдарында немесе еліміздің консулдық мекемелерінде дер кезінде рә­сімдемейді. Енді біреулер заңды әдейі бұза­ды. Мысалы, екі мемлекеттің әлеуметтік тө­лемдерін бірдей алу немесе шетелде күтпе­ген оқиға бола қалса, Қазақстанға оралу жолын ашық қалдыру үшін осындай амал­дарға барады. 

Қазақстан Конституциясына сәйкес елімізде қос азаматтыққа тыйым салынған. Егер Қазақстан азаматы өзге елдің азамат­тығын алса, онда Қазақстан азаматтығынан айырылады. Бұл талапты көпшілік біледі. Сондықтан азаматтықтан бас тартқан тұлға қажетті процедурадан өтуге және бұрынғы төлқұжатын тиісті мемлекеттік органдарға тапсыруға өздері мүдделі болуы керек. Себебі ерте ме, кеш пе, олардың өзге елдің азамат­тығын алғаны бәрібір белгілі болады. Шека­радан өту, азаматтарды құжаттандыру және цифрлық режимдегі өзге де процестер мұн­дай заңбұзылушылықтың тез анық­талуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде, азамат­тық­тан шыққанын жасырған тұлғаны құ­қықтық жауапкершілік пен біршама мол көлемдегі қаржылай айыппұл күтіп тұрады. Сондықтан өз басым адамдарға кез келген әрекетті заң аясында жасауға және білімі мен білігі жетпеген жағдайда көші-қон қызметіне жүгінуге кеңес берер едім. 

Сондай-ақ мемлекеттен білікті аза­мат­тардың кетіп қалуына мүдделі емес еке­німізді де атап өткім келеді. Мемлекет адам өмірі үшін қажет жақсы жағдай жасауға және қазақстандық бірегейлікті нығайтуға жа­уапты екенін сезінеді. Ал сепаратизм мәсе­лесіне келсек, ол қылмыстық-құқыққа қа­тысты ұғым, оны насихаттау мен сепара­тистік іс-әрекет үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мұндай деректерге қатысты жуырда да бірқатар үкім шыққанын білеміз және кінәлілер жазасын бас бостандығынан айыру мекемелерінде өтеп жатыр. Яғни, тиісті мемлекеттік ор­гандар өз жұмысын істеп жатыр. Бірақ се­паратизмнің алдын алу жұмыстары да дер кезінде жүргізілуі керек екенін ескеру қажет. Кейде сепаратистік сипаттағы қылмыс жасағандар өзгенің манипулациясына, жал­ған үміттің қақпанына түсіп қалып жатады. Дегенмен құқық қорғау органдары сепара­тистік пиғылдарды уақытында анық­тап, мұндай сипаттағы заң бұзушы­лықтарға дер кезінде әрі сапалы түрде жауап қатуы керек. 

Ал қоғамның бірегейлігіне келсек, шетел­де ұзақ жылдар бойы қызмет істеген дипломат ретінде дәл Қазақстан халқындай жұртты әлемде сирек кездестіресіз дер едім. Біздің халық қайырымды, мейірімді әрі адал халық. Меніңше, адамдардың бойындағы осынау қасиеттер ортақ отанымыз Қазақ­станға деген сүйіспеншілікпен бірге бәрі­міздің бірегейлігімізді қалыптастырады деп ойлаймын. 

– Ғаламтор мен медиада Қазақстан Қарулы Күштеріндегі әскер өлімі, әлімжеттік жайлы деректер жиі шығады. Соған бай­ланысты армияға сенім де төмендеп кеткендей көрінеді. Қоғамда қалыптаса бастаған осынау көзқарасты өзгерту үшін не істеу керек?

– Биыл 9 тамызда Павлодарда Қарулы Күштер мен «Аналардың жүрегі» сарбаздар аналарының комитеті республикалық бір­лестігі арасындағы өзара іс-қимылды же­тілдіруге арналған алғашқы респуб­ликалық форум өтті. Бұл форумда көптеген мәселе, ең алдымен әскерлердегі құқықтық тәртіп мәселелері ашық талқыланды. Айта кету керек, әскери қызметшілер арасындағы зор­лық-зомбылық сипатындағы құқық­бұзушылықтар саны тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері алғаш құрылған кезеңмен салыстырғанда айтарлықтай азайды. Алайда мұндай фактілер әлі де әскери ортадан жойылған жоқ. «Дедовщина» дегеніміз – әскери қызметке бұрын барғандардың жаңа­дан шақырылғандарды мазақ етуі және екі жылдық мерзімді әскери қызметтегілерге тән нәрсе болатын. 2005 жылдан бастап Қа­зақ­станда жастар бір жылға мерзімді әскери қызметке шақырылады. Әскери қызметін жеке-жеке өтеді, яғни бұрынғылар жаңадан шақырылғандармен байланыста болмайды. Осылайша, «дедовщина» кеңес­тік дәуірмен бірге кетті.

 Әскерде болып жатқан ұрып-соғу фак­тілері әдетте казармалық бұзақылық деп аталады. Сондай-ақ лауазымы бойынша аға қызметкер бағыныштыға қатысты зорлық-зомбылық жасаған кезде билігін асыра қолдану жағдайлары бар. Армия – қоғамның ажырамас бөлігі және біздің қоғамның бар­лық келеңсіздіктері әскери ортада да бар. Бұл – агрессия, суицид, лудомания және алаяқ­тық. Әскерлерде бұл санаулы ғана фактілер болғанымен, олардың әрқайсысы резонанс тудырады, өйткені әскери қыз­мет – жарғылық тәртіп пен әскери тәртіпті қамтитын қызметтің ерекше түрі. Президент Қ.Тоқаев «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» атты сөзінде кей жастарымыздың әскери қызметтен жалтаратынына назар аударып, оларды әскерде қызмет етуге қалай ынталандыру керектігі туралы айтады. Мемлекет басшысы бұл туралы көзқарасын Бүкіл армия кеңе­сінде: «Біз «азамат» сөзінің шынайы мағына­сына толық сай келу үшін әскери қыз­мет­шілердің бойына отансүйгіштік, адам­гершілік және мейірімділік сезімдерін ұя­латуымыз керек. Осылайша, армия руха­ни-адамгершілік тәрбиенің тірегі болуы керек. Бұл зорлық-зомбылық пен «дедов­щина» сияқты қоғамға қауіпті құбылыс­тар­дың алдын алуға көп көмектеседі», – деп айтқан болатын.

Қазіргі уақытта Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті әскери-патриоттық тәрбиені күшейтуге, әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арт­тыру­ға бағытталған заң жобасын әзірлеуде. Мұндай кешенді шаралардың қажет екеніне сенімдіміз және Отан қорғау отбасы мен мектептегі патриоттық тәрбиеден бастау алады. 

Әңгімелескен Амангелді ҚҰРМЕТ