Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Атырау мен Маңғыстауда емхана басшылары сотталды
5,744
оқылды

Маңғыстау облысы мен Атырау қаласында емхана басшылары сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Антикорға сілтеме жасап. 

Биыл әлеуметтік салада жемқорлыққа қатысты 95 қылмыстық іс тіркеліп, 58 адам әшкереленіп, 34 адам сотталған.

Мәселен, Антикор «№2 Жаңаөзен қалалық емханасы» ШЖҚ МКК директоры мен бас есепшісіне қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Олар мемлекеттік сатып алу шарты аясында медициналық бұйымдарды жеткізбестен, жеке компанияның шотына 10,5 млн теңге аудару арқылы қаржы жымқырды деген күдікке ілінді. Сот санкциясымен кәсіпорын директоры қамауға алынды.

Сондай-ақ, биыл 26 тамызда Атырау қаласының соты №4 Атырау қалалық емханасының директоры Е. Сабировқа, шаруашылық меңгерушісі А. Әлжановаға, бас есепші М. Дүйсенғалиеваға және кәсіпкер А. Ералиеваға қатысты үкім шығарды.

Сотталушылар заңсыз жасалған шарттар шеңберінде іс жүзінде қызмет көрсетусіз кәсіпкерге 231,8 млн теңге көлемінде ақша аудару арқылы ақша жымқырған.

– Сот үкімімен оларға 5 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, емхана басшысы Сабиров өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан айырылды. Әлжанова, Дүйсенғалиева және Ералиева мемлекеттік ұйымдарда 7 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды, – делінген ресми ақпаратта.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.