Қостанай облысында өзінің қызметтік бабын пайдаланып, есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтап, өткізген полиция капитаны сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жоғарғы соттың хабарлауынша, есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімі бастығының орынбасары полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, денсаулығына зиян келтіру және қорқыту арқылы бір азаматты екінші азаматқа айдап салып, аса ауыр қылмыс жасауға итермелеген. Ол қызметтік көлікте отырып, аса ірі көлемде психотроптық заттар мен олардың аналогтарын өткізген.
Тексеру барысында оның автокөлігінің салонынан аса ірі көлемде заңсыз сақтап, тасымалдап жүрген гашиш пен меткатинон (психотроптық заттың аналогы) табылып, тәркіленді.
«Сотталушының жеке басын, іс-әрекетінің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, істің барлық мән-жайларын ескере отырып, сондай-ақ ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігінің нормаларын қолдана отырып, сотталушыға мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді», – делінген сот үкімінде.
Ол «полиция капитаны» арнайы атағынан айырылды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.