Қазақстанның Азаматтық Альянсы Конституция күні қарсаңында Ашық есік күнін ұйымдастырып, елорда тұр­ғындары үшін құқықтық кеңестер өткізді.
Құқықтық сауат азаматтық белсенділікті арттырады
414
оқылды

Құқықтық мәселелерді талқылау үшін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен қаланың белсенді азаматтары жиналды. Кеңесшілер ретінде Әділет департаментінің мамандары, қазіргі адвокаттар, нотариустар, заңгерлер, сарапшылар сөз сөйледі.

«ҮЕҰ мен елорда азаматтары үшін Ашық есік күнін бірінші рет ұйымдастырып отырмыз. Бүгін барлық өңірде бір мезгілде құқықтық мәселелер бойынша Ашық есік күні өтуде. Нотариустардың, адвокаттардың кеңестерінің ақысын төлеуге бәрінің қалтасы көтере бермейді. Әсіресе, отбасын бөлу немесе біріктіру, мұра, жәрдемақы төлеу, шоттарды бұғаттау сияқты және басқа да маңызды мәселелер бойынша жүгінеді. Сондықтан бүгінгі іс-шара тұрғындарға өз құқықтары туралы көбірек білуге көмектеседі. Құқықтық сауатсыздық азаматтық белсенділікті төмендетеді. Адамдар өз құқықтарын білетін болса, олар өз қалаларына, ауданына, ауылына бір нәрсе жасауға мүмкіндігі болады», – деді қаланың Азаматтық бастамалар орталығының басшысы, Астана қаласы ҮЕҰ альянсының президенті Махаббат Еспенова.

Елорданың белсенді тұрғындары сарапшылармен бірлесіп, өзекті құқықтық мәселелерді талқылады. Сондай-ақ ұсыныстармен алмасты. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кәсіби көмек алды.

«Әртүрлі бағытта көптеген проблема бар – заңды, нотариаттық, сот. Бүгінгі алаң азаматтарға көмек көрсету үшін берілген. Адамдар кері байланыс, пайдалы ақпарат және көмек алады. Мұндай Ашық есік күндерін мамандарға өз бетінше жүгінуге мүмкіндігі жоқ тұрғындар үшін өткізу аса маңызды», – деп атап өтті Астана қаласының Адвокаттар алқасының мүшесі Арнұр Чегибаев.

Іс-шара «Адал азамат – белсенді қоғам» азаматтық қоғамды дамыту ұлттық орталығының қызметін ұйымдастыру» жобасы аясында өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Ашық есік күндерін тұрақты түрде өткізу жоспарлануда.