Ата Заңның 1-бабының 1-тармағында Қазақстан өзін ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады делінген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті Қазақстан – заң мен тәртіп үстемдік құратын ел» деді. Жаңа қоғам қалыптастыруда бұл қағида біздің ұранымызға айналуға тиіс. Барлық азаматтың заң алдындағы теңдігінің конституциялық қағидаты сақталмаған жерде әділетті мемлекет құру мүмкін емес. Құқықтың үстемдігі – кез келген демократияның ажырамас бөлігі. Қоғам және құқықтың үстемдігі ұғымының өзі барлық шенеуніктен кез келген адамға өзінің қадір-қасиетін құрметтеп, теңдік қағидатын сақтай отырып, ұтымды және құқыққа негізделген қарым-қатынас жасауды талап етеді. Мемлекет басшысы «Адал адам – Адал азамат – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтар ретінде: «Тағы бір маңызды құндылық, бұл – заң және тәртіп. Заң алдында бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида. Мемлекет жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке және бейберекеттікке ешқашан жол бермейді. Мұны әрбір азамат жете түсінуі тиіс. Барша азамат барлық жерде, соның ішінде әлеуметтік желіде де заңды мүлтіксіз сақтауы керек. Заңға қайшы келетін, қоғамға іріткі салатын және арандатушылық пиғылдағы кез келген әрекетке қатаң тыйым салынады. Ел ішіндегі тәртіпке әрқайсымыз жауаптымыз», – деп атап көрсеткен еді. Бұл дегеніміз мемлекетіміздегі тыныштықты және азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беруін өте орынды айтылған талап деуге болады. Шынында, заң мен тәртіп – мемлекет пен қоғам өміріндегі әділеттіліктің белгісі.
Даңқты қолбасшы Б.Момышұлының: «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзіндей, барлық ортада әрбір азамат өзін әдепті, мәдениетті һәм тәртіпті ұстаса, мемлекетте тыныштық орнап, істеген істе береке болып, адамдар арасында татулық орнайды. Ол үшін алдымен азаматтарымыздың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін жаңа сапалық деңгейде көтеруіміз керек.
Қазіргі қалыптасып отырған жағдайда көшедегі келеңсіздіктер мен ұсақ құқықбұзушылықтан бастап кез келген қылмыстық құқықбұзушылықтың қай түріне болмасын бүкіл қоғам болып ымырасыз күрес жүргізуді Президентіміз дер кезінде көтерді.
Заң мен тәртіп консолидациялық жобасы бойынша құқықбұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдайды мемлекетте қалыптастыра білуіміз керек.
Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында құқық қорғау органдары әрдайым қоғамның жіті назарында екенін айта келе, бұл саланы реформалауды тапсырған болатын. Жолдауда айтылған отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда кең талқыланып, биыл 15 маусымда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң қолданысқа енгізілді. Құжатқа сәйкес, бұрын әкімшілік іс саналатын отбасындағы ұрып-соғу жағдайлары енді Қылмыстық кодекспен қаралады. Ал іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция қызметкерлері фото-видео айғақтар мен көрші, туыстарының сөзіне сүйеніп, тергеу жүргізе алады. Әрі тараптарға екінші рет татуласуға мүмкіндік берілмейді. Осылайша, денсаулыққа жеңіл зардап келтіргендер бұрын 55 мың теңге айыппұл төлеп немесе 15 тәулікке қамалса, енді 738 мың теңге айыпппұл төлейді немесе 50 тәулікке қамалады. Жеңіл дене жарақатын алған жағдай үшін де жаза қатаңдатылды. Зорлық-зомбылық көрген адам сөйлеу, көру, есту қабілетінен айырылса немесе еңбекке жарамсыз деп танылса, онда бұл іс денсаулыққа ауыр зиян келтірді бабына жатады. Мұндай жағдайда агрессор 3 жылдан 8 жылға дейін сотталады. Бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылмайды. Ал жәбірленушіге жеңіл, орташа не ауыр зиян келгенін сот-медициналық сараптама анықтайды. Бұдан бөлек, заң жобасында жанжал шығарған адамды тәртіпке салу тетіктері қамтылған. Ол бір айға отбасынан оқшауланады, жағдай ушықса 3 айдан 1 жылға дейін әйелі мен бала-шағасын көруге тыйым салынады.
Соңғы жылдары қоғамға қатер төндірген қылмыстардың бірі – синтетикалық есірткінің жолына тосқауыл қою мәселесі басты назарға алынды. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күресті жалпыұлттық деңгейде жүргізу мақсатында Үкімет Қаулысымен ҚР-ның нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітіді. Қабылданған Жоспар аталған бағыттар бойынша шаралар кешенін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай есірткі тұтынушылардың санын азайту, есірткіге тәуелділіктен ұзақ мерзімді ремиссиясы бар кәмелетке толмағандар санын 15%-дан 20%-ға дейін арттыру, сондай-ақ есірткі тұтынушыларды 26%-дан 30%-ға дейін медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту жоспарланған.
Шымкент қалалық Полиция департаментінде жыл басынан бері есірткіге қатысты 313 құқықбұзушылық анықталса, оның 75-і қылмыстық іске сараланған. Ал 238-і – қылмыстық теріс қылықтар. Қала аумағынан есірткі өндіретін 1 фитозертхана мен синтетикалық есірткі дайындайтын 1 зертхана анықталды. Синтетикалық есірткіні сату және таратумен айналысқандарға қатысты 31 қылмыстық іс қозғалған. Барлығынан 80 келі 531 грамм есірткі өнімі тәркіленген.
Тәртіп сақшылары интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттермен күресті күшейтіп, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын арттыруда көптеген шараны қолға алды.
Халқымыз – мемлекеттің ең басты байлығы болса, Конституциямыз – халқымыздың ең басты байлығы. Полиция қызметкерлері тұрғындардың құқын қорғауда Конституцияны негізге алып, заңның үстемдігін сақтауды көздейді. Заңның алдында барлығы бірдей, ешкім заңнан жоғары бола алмайды.
Сол үшін Ата Заңымыздың қадірін біліп, еліміздің әр азаматын Ата Заңды жетік меңгеріп, бабалар аманатына адал болғанындай, Ата Заңға да адал болуға, заң талаптарын сақтап, әділетті қоғам орнатуға үлес қосуға шақырамын.
Думан ТАЕВ,
Шымкент қаласы
Полиция департаментінің басшысы,
полиция генерал-майоры