Адвокат Ләззат Ахатова Алматыда өтіп жатқан Жанқош Тұраровтың ісіне қатысты тың мәліметтер айтты, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ләззат Ахатова жәбірленуші Әнару Қалдыбекқызы күйзелісті бастан кешкенін жеткізді.
«Қыз қатты күйзелісте жүргендіктен, сұқбатта ойын жинақтай алмай, көп нәрсені айта алмаған. Өзіне бүкіл әлем түсінбей, қарсы болатындай, тіпті суицид жасардың алдында айтып кетем деген ой болған сияқты. Дегенмен мықты екен. Буллингке қарсы тұрудың өзі мықтылық қой. Қазір Сіздердің қолдауларыңызды сезініп, ес жия бастады», - дейді адвокат.
Ләззат Ахатованың айтуынша, жәбірленуші Әнару Қалдыбекқызы 2018 жылы Тұраровқа қатысты алғаш рет шағым түсірген.
«Әнару Жанқош Тұраровтың үстінен 2018 жылы Алмалы аудандық полиция бөліміне арыз берген екен. Бір күн қамауда ұстап, арызын қабылдамай, жіберген. Куә болған құрбысы бар», - деп жазды қорғаушы.
2023 жылы Әнару Қалдыбекқызы Тұраровпен қарым-қатынасты тоқтатып, енді жайына қалдырмаса, арыз жазатынын айтқан.
«Артынша көшеде Әнаруды полицейлер ұстап, машинаға салып, Жетісу аудандық полиция бөлімшесіне алып келіп, бірнеше сағат ұрып-соғып, электрошокермен күйдіріп, қинаған. Себеп-салдарын айтпаған. Не болғанын да түсінбеген Әнару Қалдыбекқызы ұрып-соққан полиция қызметкерінің үстінен арыз түсірген. Іс сол күйі жабылып қалған. (!) Қайта арызданамыз», - деп жазды Ахатова.
Адвокат осы оқиғаларға байланысты тиісті мекемелерге ресми сауал жолдағанын мәлімдеді.
«Астанадағы тәуелсіз сот сараптама орталығының нұсқауымен ертең тәуелсіз сарапшылар мен дәрігерлердің қарауына жазылып қойдық» - дейді ол.
Ахатова бұл істің әділ өтуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға дайын екенін атап өтті. Оның айтуынша, Жанқош Тұраровтың адвокаты жәбірленуші мас күйінде келіп, ерсі қылық көрсетті деп мәлімдеген.
«Сол күні арыз жазатынын Тұраровтың әйелі білген. Әнаруды арыз жазуға итермелеген тағы бір жағдай - боксердың әйелінің қорлаған сөздері. Екеуінің хаттары бар. Мұнда сала алмаймын, тергеуге, сотқа дәлел ретінде өткіземіз. Әуезов аудандық полиция бөліміне келгенде, Әнарудың алдынан екі қыз шығып, “сен ба, Жанқоштың үстінен арыз жазбақшы боп жатқан шалава?” деп, провокация жасап, футболкасын жыртып, видеоға түсіріп алған. Ол екі қызды полиция қызметкерлері қарсы алғанын көргендер де бар. Соған қарағанда, бұл да ұйымдасқан нәрсе деп топшылаймын» - деп мәлімдеді қорғаушы.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.