Бүгінгі жазбамыз 30 тамыз – Конституция күніне, қазақ тарихында әділ төрелігімен көзге түсіп, ел аузында, күй аңызында қалған би мен сотқа арналған күйлер жайлы болмақ.
Әділ төрелігін айтқан биге арналған күйлер
3,810
оқылды

Домбыра күйлерінің бір жанры – арнау күйлер. Жалпылама қарайтын болсақ, арнау күйлердің көбі тұлпарға арналған екен. Сонымен қатар қыз-келіншекке, батырларға, ел жақсылары жайлы туындылар да аз емес. Бүгінгі жазбамыз 30 тамыз – Конституция күніне, қазақ тарихында әділ төрелігімен көзге түсіп, ел аузында, күй аңызында қалған би мен сотқа арналған күйлер жайлы болмақ.

Және де күйлерді аңызымен қатар, оқырман күй тілін түсіну үшін аз-кем түсіндірмесімен ұсынамыз.

Бейсенбінің (Бежеңнің) кеңесі

Алтай аймағы. Бір топ адам әділ төрелігін сұрап, бидің алдына келіп жатыр. Әркімнің дауы әртүрлі. Бірі «жаным» десе, бірі «малым» дейді. Тағы бірі жердің жайын айтып сұраса, екіншісі ердің жайын ортаға салады. Барлығының үміті бір. Ол – Бейсенбі бидің әділ төрелігі.

Бір кезде есік алдында күтіп отырғандар домбыра дыбысын естіді. Кәдімгі шертіліп жатқан күй. Алғаш келгендер аң-таң. «Біз мұнда ет жеп, домбыра тыңдау үшін келген жоқпыз, мынауың қалай?» деп таңырқап тұр. Жан-жағына жалтақтап қояды. Бұл жерге бірінші рет келгендер мән-жайды түсінбесе де, бұрыннан үйдің оты мен суын дайындап жүргендер жақсы біледі. Солардың бірі келіп, таңырқаған көптің біріне ақырындап «бері кел» деп ишарат жасайды. Әлгісі келгенде, былай деп айтып береді:

- Би-екеңнің бұл жайын жақсы білеміз. Осы жерде жүргенімізге көп болды. Көргеніміз де аз емес. Үйдің ішінде күй тартылуының өз себебі бар. Ал ендеше тыңда...

– Бежең келгендердің бірде-бірінің көңілін жықпауға, әділ төрелік айтып, дау бетін ары қаратуға талпынады. Оны сіз де жақсы білесіз. Сондықтан келіп отырсыз. Бірақ кейде ашуланып, аптығып, даурығып, зілденіп, сұқтанып келетіндер де бар. Ұлығымыз осылай келгендердің бетін қайтармай сабырмен қарсы алады. Бірақ бірден ашылып сөйлесіп кетпей домбырасын шертіп, өзімен өзі отыра беретін әдеті бар. Осылайша сүт пісірім уақыт өткенде, келгендер жайғасып отырып, сабасына түскеннен кейін ғана сөйлесіп, төрелік айтады. Қазір ғана алдарыңызда үйге кіргендер де сабырсыздық танытқан-ау, – деп би көмекшісі әңгімесін айтып, әрі қарай жұмысын істей береді. Ал жиналғандар «жөн екен» деп қалды.

Сондағы шертетін күйлер ел арасында «Бежеңнің кеңес күйі» деп аталып, бірнеше тараулы (түр) болып біздің заманымызға жетіпті.

Түсінікті болуы үшін айтайық.

«Алтай-Қобда қазақтарының домбыра және сыбызғы күйлері» еңбегінде (М. Хұсайынұлы, Қ. Ахмерұлы) келесідей мәлімет келтірілген:

Сахай Қарсыұлының «Күй керуені» кітабынан үзінді келтіргеніміз жөн секілді. Онда: «Бейсенбі би кеңес ашарда кеңес басталсын дегенді ишаралап, Кеңес күйін шерте бастайды екен де, кеңес аяқталды десе, күйді толық бітіреді. Мәжіліс үстінде талас пікір туа қалса, мәжілісті тоқтату немесе созып жалғастыра бер дегенді күй тілімен білдіреді екен. Сыралғы адамдар күйдің орта буыны созыла шертілсе, «мәжілісті соза бер» дегені деп, ал үшінші перненің үстінен басқанда тап-тап деген сөзге ұқсас үн шықса «бір тоқтамға келсеңдерші» немесе «андағы сөзден айны» деген пәрменді ұғатын болған. Мәжілісті аяқтағысы келсе «Осымен кеңес бітті. Тағы да жиналып сөйлесерміз» дегенді ишаралап, күйді толық аяқтайды екен.

 

«Таңсаңшы» (Қабылмада) 

Бұл күйде де Бейсенбі бидің ел мен жерін ойлап, ұтымды шешім тапқаны жайлы баяндалады. Күйші Ғабдылхақ Барлықов күй аңызын келесідей жеткізген:

«Көршілес қалмақ елінде Дөрбіт ханның жылқысынан Бейсенбі би ауылының жігіттері атақты “Ақсетер” деген тұлпарды ұрлап әкетеді. Дөрбіт ханның қуғыншылары ұрланған аттың ізіне түсіп, Бейсенбінің ауылының атақты ұрысына келіп шүйлігеді. Биге қарап тұрып, Ақсетерді қайтарсын!», – деп, ұрыны жазалауды сұрайды.

Би бұл даудың ақыры қиынға соғып, екі елдің арасына үлкен ерегес тудыратынын сезеді. Сондықтан қуғыншыларға жауап бермей, күдіктіні шақыртады да, сол жерде ұзақ бір күй шертіп отырып алады. Күйдегі сарында «ұрлығыңды мойныңа алмай, таңсаңшы» деп сөйлеп тұрса керек.

Бидің бұл шерткенін түсінген ұры «мен емес» деп қылмысты мойындамаған екен. Сол кезде Бейбенбі би «бұл адамды жазықсыз жазалай алмаймын» деп, Дөрбіттің қуғыншыларын еліне қайтарады. Ал жаңағы шертілген күй «Таңсаңшы, ойбай, таңсаңшы» деп аталып кеткен екен.

Осы жерде аз-кем түсіндірме бере кетейік. Күйден «Таң - саң - шы, таң - саң – шы» деген сөзді тыңдауға тырысыңыз. Әр қағысқа сөздің бір буыны келеді. Басынан аяғына дейін күй «таңсаңшы, таңсаңшы» деп сөйлеп тұр.

Байжігіттің «Қосайдар» күйі 

Баяғыда он екі ата Абақ Керейдің ішінде Молақ деген бір бай болыпты. Малы көп, малшысы да көп. Бірақ құдай ұл баладан қысқан екен. Айтбике деген жалғыз қызы ғана бар екен.

Күндердің күнінде Арғын Қаракесектің Айдос деген атақты барымташысы жылқы айдап келе жатып, Молақтың үйіне түсіп, сусын ішеді. Ай мен күндей толықсып тұрған байдың қызына қатты көңілі кеткен Айдос кете алмай, айналсоқтап, ақыры Молаққа жылқышы болып жалданыпты.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін Айдос пен Айтбике тіл табысады. Қыз тобықтыдағы бір байдың баласына айттырылған екен. Бірақ айттырылған адамы өліп қалған. «Әмеңгерім әлі жас және оған көңілім де толмайды» депті Айтбике. Сонымен Айдос пен Айтбике сөз байласады.

Бір күні елдің бәрі тойға кеткенде, бір жас баламен жылқы күзетіп қалған Айдос, әлгі баланы байлап тастап, екі жүйрікті мініп, қосарына тағы ат алып, екеуі елден қашады. Молақ тойдан келсе, қызы да жоқ, Айдос та жоқ, жылқыда төрт ат жоқ. Баланың қолын шешіп, болған жайды естігеннен кейін дереу елдің бәріне хабар жібереді. Жұрт жабыла іздеп, қашқындарды еш жерден таба алмапты.

Арада жыл өткенде Қарқаралының қалың жыныс орманынан Айтбике мен Айдос ұсталады. Сол екі арада екеуінен бала болып қойыпты. Сонымен Айдос – Қаракесек, Айтбике – сүйегі Керей, ұзатылған жері – Тобықты, үш елдің арасында жойқын дау болады. Тобықты мен Керей атқа қонып, Қаракесекті шабатын болады. 

Сол кезде Қосайдар би тоқсан екіге келіп отыр екен дейді.

Елдің жақсылары: «шапқан оңай, одан кейін табысу қиын, әуелі көненің көзі еді ғой, Қосай атамыздың алдынан бір өтейік не дер екен?» дейді. Сөйтіп, дүйім жұрт Қосайдарға жүгінеді. Кәрі би: «жарайды, фәниден баяғыда баз кешкен едім, бірақ қан төгілгелі тұр екен, тағы бір атқа мінейін», – дейді.

Болған жайға қанық болғаннан кейін үш күн ойланып, ақырында:

«Ал, ағайын, көнсең, ескі жолда мынадай жосық бар. Құдалық амалсыз бұзылғанда, қалыңмалды өсіммен қайтарады. Және қайтарғанда, байталына дейін жылда құлындаған болып есептеледі. Бұл азамат мерт болып, құн төлегеннен жүз есе арзан. Содан соң қасқа жолдан да, жасақтан да ескі бір жосық бар. Егер де біреу бір елдің айттырылып қойған қызын сол елдің ықтиярынсыз алып кететін болса, онда кіндігінен туған бір ұлды сол елге қайтарады, яғни, қызын алып, ұлын береді», – депті.

Сонымен ел бидің айтқанына тоқтасады. Сонда дауға қатысқан Байжігіт «Сендей кемеңгер болмас» деп шерткен күйі екен (аңыз Таласбек Әсемқұловтың «Тәттімбет сері» романынан алынды).

Тағы да ұғынықты болуы үшін айтайық. Бұл көне күй. Тәттімбет пен Құрманғазының (19 ғасыр) иірімдері әлі пайда болмаған уақыт. Сондықтан алғаш тыңдағанда, құлаққа тұрпайы естілуі мүмкін. Егер тыңдарман әуенге мән берсе, қара (ауыр) шертістен бөлек, күй табиғатын түсінеді. (Мүмкіндік болса құлаққаппен тыңдаңыз...)

Рүстем Нүркенов, күй зерттеушісі