Шоқы бағзыдан «Бөгенбай тауы» аталып келеді...
Бөгенбай шоқысы мен Айырқызыл құмын кімдер қоныс қылғанын білеміз бе?
3,659
оқылды

 1. Шоқы бағзыдан «Бөгенбай тауы» аталып келеді

«Обозрение Киргиз-кайсакской степи или описание страны и народа киргиз-кайсакского» делініп, 1803-1804 жылдары қаттаған, бүгіндері ғылыми ортаға жақсы таныс жол-сапар күнделігінде орыс офицері Я.П. Гавердовский Ырғыз (Жармола) өңірінде болған сәттерін де баяндаған. Осы еңбектегі Әлім Қаракөбек би мен Боранбайдың баяндауында түзілген қалмақтармен қақтығыста қаза болған Бөгенбайға қатысты оқиғаларды, Ырғыздың (Жармола) оңтүстік-батысында, 40 шақырым жерде орналасқан, соның есімімен аталатын шоқы атауын, сондай-ақ, 1710 жылы Қарақұмда ол қатысқан Қаракесек жиынын кейбіреулер өрескел бұрмалап, Табын Бөкенбай батырға таңып әлектеніп жүр. Нақты айғақтармен жан-жақты дәлелдеп, мұның ақ-қарасына, шындығына жеткен ек (Қараңыз:  Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны// «Ақиқат» журналы, №10, 2022 жыл. 62-68 беттер).

Пікіріміздің арқауы болмақ Бөгенбай туралы мәліметтер бере кетелік. Руы – Шекті, оның Бөлегі.

Бөлектен – Айт, Айттан – Қабақ, Тілеу.

Қабақтан – Хангелді, Жангелді, Төлес, Аралбай, Беке.

Жангелдінен – Айдаралы, Жапалақ, Рай.

Жапалақтан – Таласбай, Бөгенбай.

Бөгенбайдан – Дербісәлі, Тінәлі, Өтеуіл, Жағал (тұқым жоқ).

Дербісәліден – Ырысбек, Ырысбектен – Кішкене, Қалдығұл, Мелдебек.

Қалдығұлдан – Сабырқұл, Сабырқұлдан – Қадырқұл, Қадырқұлдан – Алдоңғар, Алдоңғардан – Есенқара, Есенқарадан – Берік.

Бабасы Жапалақұлы Бөгенбай жайлы оқиғаны ұрпақтарына баяндап кеткен Алдоңғар қарттың мәліметін назарға ұсынамыз.  

Шектілердің аузында сақталып, осы күнге жеткен деректерде тынышы жоғалған бір заманда қалмақтар елдің шет жағында отырған ауылға тұтқиылдан тиіп, адамдарды тұтқынға алады, малдарын айдап кетеді. Соны естіген Бөгенбай, ағасы Таласбай, тағы біраз адам атқа қонып, жаудың соңына түседі. Биік шоқыға жақындағанда Таласбай таудың басынан қараң еткен әлденені байқап қалады. Әуеліде құс деп ойлайды. Сөйтсе биікке шығып, бұларды бақылап жүрген қалмақтардың шолғыншысы екен. Бөгенбай «кері қайтпаймыз не болса да бұлармен айқасамыз» дейді. Тобындағы біреуін ауылға қайтарады «тез адамдарды жинап кел!» деп.

Бұлар ілгері жүріп, шоқыны жанап өте бергенде арғы жағында шоғырланып тұрған қалмақтарды көреді. Сонан шайқас басталады. Қарулы қазақтар біразға дейін бой бермейді. Әлден соң қиқулаған көмек те жетеді. Тың күш келіп қосылғасын қазақтар жауды ығыстыра бастайды. Бір кезде Бөгенбай қалмақтардың ортасына түсіп қалады. Таласбайдың астындағы аты – жүйрік, екпіні – тегеурінді екен дейді айтушылар. Ол өлген-тірілгеніне қарамай топты бұзып-жарып кіреді де ауыр жарақат алып, ат жалын құшқан Бөгенбайды алып шығады. Осы қанды қырғынға баласы Тінәлі, немересі Қарабек те қатысқан дейді. Қарабек бұл шайқаста екі қалмақты жекпе-жекке шақырып, оларды найзаға іледі. Дұшпан ойсырай жеңіледі. Тірі қалған бірен-сараны байлап-матап алып кеткен қазақтарды, олжалаған малдарды тастай қашыпты дейді. 

Ауыр жарақаттан Бөгенбай жан тапсырады. Өзі қарауыл қылған шоқының етегіне елі ақ жуып, арулап жерлейді. Содан Қаракесек тайпасы (Әлім-Шөмен) батыр мүрдесі жатқан, Ырғыздың (Жармола) оңтүстік-батыс жағында орналасқан осы шоқыны «Бөгенбай тауы» атап кеткен (Қараңыз: суретте Шекті Бөгенбай тауы).

Бұл – Қабақұлы Жангелдіден тараған ұрпақтардың сол заманнан атадан балаға аманаттап жеткізген тарихы. 

Қолымызда «Карта Уральской и Тургайской области» (1902 г.) және «Карта Среднеазиатскихъ владеній Россійской имперіи и прилежащихъ странъ» деп аталатын карта бар. Осыларда Жем мен «Алты жақсы» (карталарда «Алты-джаксы».-Б.К.) делінетін саланың тоғысатын тұсынан, Каспий теңізі бағытына қарай төменіректе, «Акъ-джарлы-букембай» (астын сыздық.-Б.К.), бұдан кейін «Каратобель-букембай» (астын сыздық.-Б.К.) деген атаулар таңбаланған. Мұнан тағы әріректе «Пес. Букембай» (астын сыздық.-Б.К.) деп түзілген. Бұлар – Табын Бөкенбай батырдың атамекені. Қазіргі Ақтөбе облысы Байғанин ауданының территориясындағы Жарқамыс ауылының төңірегі.

Айтпағымыз, Табын Бөкенбайдың жан-жақтан жау қамалап тұрған шақта өз жұртын, мал-жанын тастап, атақонысынан 370 шақырым шалғайдағы Шектілердің ортасына кетіп қалғаны, Ырғыздың оңтүстік-батыс жағындағы шоқыны қарауыл төбе қылып пайдаланғаны, осы жерде он мың қолды (?) бастап, жоңғарлармен шайқасқаны рас болса, оның сол ерлігінің құрметіне халық берген атау сақталып, «г. Букенбай» немесе «г. Букембай» деп түзілуі тиіс еді, бірақ Ырғыз жақтағы биіктер XX ғасырдың 70-жылдарындағы және 2001 жылғы карталарда «г. Бугамбай» (234 м.), «г. Бугумбай» (240 м.), «Бөгенбай тауы» (240 м.) (астын сыздық.-Б.К.) деп таңбаланған. (Қараңыз: №1, №2 картада).

Картографтар бұл еңбектердің 1950-70 жылдардағы материалдар бойынша құрастырылып, дайындалғанын ескертіп өткен. Сонда Ырғыз ауданы территориясындағы шоқылардың бұрыннан Табын Бөкенбайдың емес, Шекті Бөгенбайдың есімімен аталып келе жатқаны айқын боп тұр.         

Орыс офицері И.Ф. Бларамбергтің мына дерегін де келтіре кетейік, былай деп түзіпті: «На востокъ отъ г. Айрюка и вершинъ Читъ-Иргиза отделяется скатъ под названіемъ Бакумбай-Тау...» (Қараңыз: Военно-статистическое обозрение Российской империи. Т. XIV, часть 3. [СПб] 1848 г. Стр. 10).

Ақиқатқа бас исек аталған төңірекке Табын Бөкенбай батырдың түк қатысы жоқ. Руластары, олардың жақтаушылары айтып жүргеніндей емес, тіпті аяқ баспаған. Оның өлімі қалмақтардан болмаған. Мұны Ресей империясының Сыртқы істер Министрлігінің архивінде 1742 жылы маусымның 7-сінде түзілген мына деректер бүй деп куәландырады: « ...мая 28 - числа 1742 года  Яицкое воиско через прихавшего из кайсацкой орды яицкого казака Харку, доносит, что кайсацкий владелец же Букенбай в числе 500 человек ходил под трухменцев для взятия у них полону и отгону скота, токмо они, турхменцы, их кайсаков, всех побил до смерти...» (астын сыздық. – Б.К.)  (Қараңыз: АПВР, фонд 122, 1742 г. д. 4, л. 53).

Мінекей, архивтік мәлімет «Табын Бөкенбай түрікпендерге барымтаға барғанда өлді» деп отыр, «мал-жанын, қазақты қорғап, қаза тапты» демеген, деректе  тіпті ондай сөз жоқ!

Тағы бір қайталап еске салып өтейік, әлгінде айғаққа тартқан «Карта Уральской и Тургайской области» (1902 г.), «Карта Среднеазиатскихъ владеній Россійской имперіи и прилежащихъ странъ» деп аталатын еңбектерде қазіргі Ақтөбе облысы Байғанин ауданына қарасты Жарқамыс ауылы маңындағы жер-сулар Табын Бөкенбайдың есімімен байланыстырылып, «Акъ-джарлы-букембай», «Каратобель-букембай», «Пес. Букембай» (астын сыздық.-Б.К.) делініп таңбаланса, Ресей империясының Сыртқы істер Министрлігінің архивінде 1742 жылы маусымның 7-сінде түзілген деректе «Букенбай» (астын сыздық.-Б.К.) деп жазылған. Ал өз көзімен көрген И.Ф. Бларамберг шоқы атауын «Бакумбай-Тау» (астын сыздық.-Б.К.) дейді. Сонда тау атауының Табын Бөкенбайға дым қатысы жоқ екені белгілі боп тұр, әйтпесе «Букембай» не «Букенбай» деп жазар еді ғой.         

Аталған Айырқызыл құмын, Бөгенбай тауы төңірегін ертеректе Шекті руы жайлаған. Енді соны дәлелдеу үшін нақты деректерге көшейік.

2. Тарихи нақты деректердің берген куәліктері

А. Макшеев есімді орыс генералының «Путешествія по киргизскимъ степямъ Туркестанскому края» (1896) деген еңбегіндегі  мына мәліметтерді назарға ұсынып отырмыз, ол бүй деген: «26 мамырда (1848 жылы.-Б.К.) генерал Шрайберьге әдеттегідей күнделікті есептер берілмеді, тек келесі күні ғана біз Мәні әулиеден Достанның зиратына қарай бет алғанда (астын сыздық.-Б.К.) ол әскери старшина Ивановтан хабар алды...»

Деректі осы экспедицияның құрамында болып, талай жайттарға куә болған ақын, суретші Т. Шевченконың мына сөзімен толықтырайық, ол «Близнецы» (1855) атты кітабында былай дейді:«Қарабұтақтан Ырғызға дейін Жаман Қайрақты, Жақсы Қайрақты деген екі шағын өзеннен өттік. Даланың пішіні сондай көңілсіз. Адырлардан Жайық казактарының айтқандарындай,  қазақ шамшырақтары іспетті тастан немесе қамыс пен саздан тұрғызылған мазарлар қарауытып көрінеді. Төңірек кварцпен (тау жынысын түзуші табиғи шыны тас.-Б.К.) көмкерілген... Шыны тастар шашылған бұл кеңістіктен өтіп, Ырғыз өзенінің сол жақ жазық жағалауымен жүрдік (астын сыздық.-Б.К.). Алыста көкжиектен қазақ ауылдары мен батырларының зираттары орналасқан көгілдір тау көрінеді, «Мәні әулие» деп аталатын киелі орын да осында... Тауды оң жағымызға қалдырып, Ырғыздың жағасындағы Достан батыр бейітінің жақын тұсына тоқтадық. Саздан соғылған қарапайым ескерткіш. Тұрпаты ежелгі гректердің саркофагтарына ұқсайды» (астын сыздық.-Б.К.).

Міне, осы жерде аялдаған сәтте Т. Шевченко 1848 жылы мамыр айының 27-інде өзінің «Дустанова могила» деген атаумен тарихта қалдырған мазардың суретін салады. (Қараңыз: суретте Достан бидің бейіті).

Бұл – Шектіден шыққан Достан би-ді. Бай болған, бағылан болған. Одан тараған ұрпақ рулы елге айналған.

Құрамына Т. Шевченко енген генерал А. Макшеевтің экспедициясы тоқтап, бөгелген маң – 1914 жылғы «Карты степныхъ областей Уральской, Тургайской, Акмолинской и Семипалатинской» деп жер-су атаулары түсірілген еңбекте «К. Дустана» деп түзілген. (Қараңыз: №3 карта).   

Тарихи еңбектерде аталған бұл жерлер қазіргі Ырғыз ауданы бағынысындағы Шеңбертал, Жаңақұрылыс ауылдары территориясымен тоғысып жатыр. Нақтылап айтсақ, Достан би ертеректегі Ырғыз өзенінің оңтүстік жағының біраз тұсын иеленген. Мұны мына жағдай куәлік беріп, нақтылай түседі.      

Шекті Достан бидің немересі Тұяқ Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Жаңақұрылыс ауылында орналасқан Жаныс би қорымына жерленген екен. Оның құлпытасындағы арап әріптерімен түсірілген жазуды оқып, анықтаған қызылордалық – Ержан Исабеков есімді жігіт. Зират Жаңақұрылыстан бір-екі шақырымдай, төбенің басында дейді. (Қараңыз: суреттерде Достан бидің немересі Тұяқтың құлпытасы).

Ержан Исабеков суретке түсіріп, әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған құлпытаста «М.В. 1848» деп таңбаланған. Мұны сол экспедиция құрамындағы орыстардың бірі түзгені анық. Өйткені ана заманда қазақтың кириллица жазуын, «в» әрпін қолданбағаны кім-кімге де мәлім жағдай ғой...

Ержан бір сөзінде «Кейбіреулер Тұяқты 1837 жылы қайтыс болған, құлпытасы 1848 жылы орнатылған дейді» депті.

Пікірімізді одан әрі дәлелдей түсейік.

Жармола өңіріне (қазіргі Ырғыз) болашақта салынбақ Орал бекінісінің орнын белгілеу үшін 1841 жылы сапарлап келген әлгіндегі орыс офицері И. Бларамберг мына оқиғаны былай деп таңбалапты: «После 28-верстного перехода по равнине с рыхлой песчаной почвой мы сделали 17-го остановку в урочище Айри-Кизил (астын сыздық.-Б.К.). Термометр показывал 28°. Здесь мы обнаружили замечательные пастбища. Иргиз в этом месте образует маленькие озера, заросшие камышом. Тут расположилось много аулов племени чикли (астын сыздық.-Б.К.). Султан Тиргази-хан нанес мне визит; он привел с собой даже свою семью. Впервые я угощал киргизских дам чаем и конфетами из Киева, которые им очень понравились. Я подарил им ножницы, зеркала, гребенки и иголки, и они покинули мою кибитку очень довольные. Вечером султан прислал мне в подарок двух овец...»  (Қараңыз: Бларамберг И. Ф. Воспоминания. Пер. с нем. О. И. Жигалиной и Э. Ф. Шмидта. Вступ. статья Н. А. Халфина. М., Главная редакция восточной литературы издательства «Наука», 1978. Стр. 233-234). (Қараңыз: суретте Айырқызыл құмы).

Мінекей, орыс офицері И. Бларамберг бұдан 183 жыл бұрын Айырқызыл құмында тікелей көргенін «Тут расположилось много аулов племени чикли» деп қағазға өшпестей қып түзіп кеткен.

Сонда өздерін «Алшын Қаракесектен өрген ұрпақпыз» деп бірге туған санайтын, Ырғыз өзені бойын ен жайлап, ұйысып отырған қалың Әлім мен Шөмен мал-жанын қорғау үшін өз ішінен елді бастап шығар бір батыр, халқын қорғайтын ер-азаматтар таба алмай, сонау 370 шақырым шалғайдағы Жарқамыстың (Байғанин ауданы) төңірегінде тіршілік кешіп жатқан Табын Бөкенбайға ат шаптырып, қолқа салып шақыртып алған ба?! Мұны құжаттық деректермен айғақтап, бекітіп тастаған жөн дер ек. Расымен солай болса. Жалған намыс емес халыққа керегі  – шындық!   

2022 жылы қыркүйек айының 12,13 жұлдызында арнайы сапарлап, деректе аталған Айырқызыл құмын аралағанбыз-ды, тарихқа құрметі зор, пікіріміз үндес Мұздыбай есімді ініміз екеуміз. Бұл өңір Ырғыздан (Жармола) 20 шақырым шамасында. И. Бларамберг айтқандай көркі келіскен жер екен. Ойпаң тұстарының оты қалың. Ана тұста, мына тұста шоқталып өскен тал-шілік, жиде. Айнала құстың сайраған үні... (Қараңыз: суреттерде Айырқызылдың көрінісі, құм шоқының ұшар басы.)

Айырқызылда екі биік құм шоқы бар. Аралары бір-біріне өте жақын. Қолымыздағы XX ғасырдың 70-жылдарындағы картаның куәлік беруінше, бұлардың бірі – «г. Бугамбай» деп аталады, мұның биіктігі – 234 м. Енді бірінің атауы – «г. Айыркызыл». Биіктігі – 241 м.

Ұшар бастарына шығып, жан-жаққа көз тастадық. Шығысында – Ырғыз (Жармола), оңтүстік-батыс тұсында – Бөгенбай шоқысы, 20-23 шақырымдай, бұлдырап көрініп тұр.

Айта кетейік, Шекті Достан бидің, оның кейінгі ұрпақтарының сонау замандағы жайылым-қоныстарының бір бөлігі осы маңға жақын болғаны аңдалады. Өйткені байдың немересі Тұяқ жерленген Жаңақұрылыс ауылы Айырқызыл құмының батыс жағында, сәл солтүстікке таман, қашықтығы 40 шақырым ғана.

Айырқызылдағы «г. Бугамбай» (234 м.) деп аталатын құм шоқының солтүстігінде, ылдида Ақши аталатын ауыл орналасқан. Екі шақырымдай-ақ. Совет өкіметі кезіндегі атауы – «Қызыл партизан». Архивтік құжаттардың куәлік беруінше, ертеректе бұл жер – Алшын Шөмекей руының мекені болған... Бұған тоқталып, уақыт оздырмаймыз, басқа тақырыптағы әңгіме.

4. Мәліметтердің қорытындысы

Сонымен сөзімізді қайырып, түйініне көшейік. Бүгіндері Ақтөбе облысы Шалқар ауданы территориясына енетін Ырғыз өзенінің оңтүстік жақ жағалауы, қазіргі кезде Ырғыз ауданы бағынышындағы Бөгенбай шоқысы, Айырқызыл құмы ертеректе Шекті руының, анығырақ айтсақ, Тілеу мен Қабақтың қонысы болғанын әлгінде келтірілген мына деректер бұлтартпай нақтылап тұр, тағы бір рет еске салып, қайталап өтейік:

а) Ырғыз өзенінің оңтүстік жақ жағалуында, Мәні әулие қорымына жақын тұста, Тарас Шевченко куә болып, өз қолымен суретке салып қалдырған Шекті Достан бидің бейіті;

ә) Ақтөбе облысы Ырғыз ауданына қарасты қазіргі Жаңақұрылыс ауылында орналасқан Жаныс би қорымындағы Достан бидің немересі Тұяқтың құлпытасы;

б) Орал (Ырғыз) бекінісін салушы орыс офицері И.Ф. Бларамбергтің «Айырқызыл құмын Шектілердің ауылы жайлап отыр» деген 1841 жылғы дерегі;

в) Айырқызылдағы биік құм төбенің бірінің, Ырғыздың (Жармоланың) оңтүстік-батысында қырық шақырым жерде орналасқан шоқының XX ғасырдың 70-жылдарындағы және 2001 жылғы карталарда «г. Бугамбай» (234 м.), «г. Бугумбай» (240 м.), «Бөгенбай тауы» (240 м.) деп тайға таңба басқандай таңбалануы.            

Ресей империясының 1867 жылғы «Уақытша ережесінің» тәртібі бойынша облыстар, уездер, болыстар құрылады. Осыған байланысты қазақтардың көшіп-қонатын бұрынғы қалыптасқан бағыттары біраз өзгереді. Шектілер де Айырқызылды, Бөгенбай тауы маңындағы жайылымдарын тастап, Ұлы Борсық, Кіші Борсық құмы, Мұғалжар тауының оңтүстік бөлігі маңайын ғана жайлауға мәжбүр болады. Бұл жайылым соңыратын қатар көшіп-қонып жүрген Әлімнің бір баласы Төртқарадан тараған кейбір бөлімдердің иелігінде толықтай қалады.

Кейінгі тарихи жағдайларға байланысты Ырғыз ауданы территориясы құрамына енген Шектілердің жеріндегі шоқы атауын Гавердовскийдің «Буканбай» деп таңбалап кеткенін желеу қылып, оны «Бөкенбайға» бұрмалап, «Табын Бөкенбай қарауыл төбе қылған, ол осында он мың әскер жасақтап, (?) жоңғарлармен соғысқан» деп еш дәлел-айғақсыз құр өжектей беру –  менмен таяздықтан!

Күмәнді, көкезуленген мәнсіз бос сөзді емес, тарихта қатталып қалған мәліметтерді негіз етіп, ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерделеп, сараптағанда толық көзіміз жеткен айдан анық ақиқат – міне, осы!

                                                                                                             Бөрібай КӘРТЕН,

                                                                                                                Ақтөбе қаласы.