2025 жылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері де сайланады.
Енді аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері де сайланады
Фото: istockphoto.com
1,101
оқылды

2025 жылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері де сайланады. Бұл туралы қазақстандықтарға жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Былтыр күзде алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлай бастадық. Барлық облыста 45 әкім жаңа тәсілмен сайланды. Біз сайлау нәтижесін және сайланған әкімдердің жұмысын жан-жақты зерделедік. Соның қорытындысы бойынша түбегейлі шешім қабылдадық. Келесі жылдан бастап жаңа жүйеге біржола көшеміз. Бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді", – деді Тоқаев.

Айтуынша, әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына қарай яғни, ротация мерзімі жеткенде сайлау біртіндеп өткізіле береді.

"Азаматтарымыздың соңғы жылдардағы тағы бір талабы – әкімдерді тікелей сайлау жүйесін енгізу. Бұл талап та орындалды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі 2021 жылы енгізілді. Содан бері 2,5 мыңға жуық әкім сайланды. Бұл – барша ауыл әкімдерінің 90 пайызға жуығы деген сөз. Қалғандары әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталған кезде өз ретімен сайлана береді. Жаңа әкімдердің 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген. Олардың арасында әртүрлі кәсіп иелері, түрлі партия өкілдері бар. Орташа жасы – 46 жас. Бір сөзбен айтсақ, халық өзі таңдаған әкімдердің құрамы едәуір жаңғырды", – деді Президент жолдауында.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.