ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының сарапшысы Нұртай Иманғалиев 24.kz арнасына берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мәселелер кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын айтты.
Оның айтуынша, саяси жаңғырту нәтижесінде азаматтардың ойы мен пікірін ашық айтылып, мемлекеттік шешімдер қабылдануына жол ашылды. Сондай-ақ қазір елімізде әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан өзгерістер жасалып жатыр. Сонымен қатар бүгінде азаматтардың құқығы қорғалып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзекті мәселе болып отыр.
«Азаматтардың құқығын қорғау саласында кешенді шаралар қолға алынды. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру. Соның нәтижесінде дамудың сара жолына түскен елдердің қатарына қосылу. Президент атап өткен тағы бір міндеттің бірі – Қазақстанды қауіпсіз және жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді. Президент Ұлттық құрылтай отырысында еліміздің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталды. Сол уақыттан бері біршама жұмыс атқарылды. Есірткі саудасы, лудомания, вандализмге тосқауыл қоятын заңдар әзірленіп, қабылданды. Тағы бір айта кететін нәрсе, электронды темекіге тыйым салынды. Президенттің тапсырмасымен Ішкі істер министрлігі құқық бұзушылықтың алдын алу заңнамасын дайындап жатыр. Президент осы заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күші жұмылдыру керегін айтты. Сонда ғана жағдай түзеліп, заң үстемдігі орнап, азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілетінін атап өтті. Қоғамның негізгі – әділеттілік мен қауіпсіздік. Президент қоғамда заң мен тәртіп үстемдік құруы тиіс екенін айтты. Бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты талап. Сонда ғана біз әділетті және қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз», - дейді сарапшы.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.