Мәулен Әшімбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларына қатысты тапсырмаларына назар аударып, палатаның алдағы жұмысының жекелеген бағыттарына тоқталып өтті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, алдағы мақсат-міндеттерді белгілеп берді. Сондай-ақ Жолдауда еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларына қатысты мәселелер айқындалды. Сенат Мемлекет басшысы жүктеген барлық міндетті іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетеді. Бұл ретте қажетті заңдардың уақтылы әзірленуі мен қабылдануын қамтамасыз ету – басты міндет. Осыған орай Жолдауда көтерілген мәселелер мен тапсырмаларды ескере отырып, Сенаттың алдағы негізгі іс-шаралар жоспарын пысықтау қажет», – деді Сенат Төрағасы.
Сонымен қатар палата Спикері стратегиялық бағыттар бойынша қолға алынатын шаралар топтамасына назар аударды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы атап өткен еліміздегі инвестициялық және бизнес-ахуалды жақсарту, агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту, ақша-несие және фискалдық саясатты жаңғырту сияқты міндеттер туралы сөз болды.
Айта кетейік, алдағы бейсенбіде болатын палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешенді құру және оның қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарайды.