15 мыңға жуық жұмыртқалай алатын қауіпті жәндік жайлы нені білу керек?

Естеріңізде болсын, жеке бастың сақтық шараларын сақтай отырып және медициналық көмекке дер кезінде жүгінген жағдайда ғана ауруды ауыздықтай аламыз.

Иксод кене жылы қанмен қоректенеді, қорексіз бірнеше жыл тіршілік ете алады және аналығы 5-15 мыңға жуық жұмыртқалайды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кене көбінесе қора-жайларда, қи қоқыста, құс ұясында, кеміргіштерде олардың інінде, өсімдік түбінде, жабайы және ауыл шаруашылығы жануарларында да кездеседі. Жануарлар қанымен қоректеніп ғана қоймай, жануарлардың үстінде ауа райының қолайсыз кезінде мекен ретінде және қоныс аудару үшін уақытша пайдаланады.

Сонымен, кене адамдарға Ку қызбасы, Омбы геморрагиялық қызбасы, кене риккетсиозы, туляремия, кене энцефалиті, Конго Қырым геморрагиялық қызбасы сияқты аса қауіпті жұқпалы инфекцияларды жұқтырады, жұқпалы індет вирустарын өзінде сақтап, ұрпақтарына береді. Ауа райының жылы мезгілінде кенелер мал үстіне жабысып, зиянын тигізеді. 

Шымкент қаласы мен Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарының тұрғындары жыл сайын кене шағуынан медициналық көмекке жүгінеді және де тұрғындар арасында Конго Қырым геморрагиялық қызбасы тіркелуде. 

Конго Қырым геморрагиялық қызбасы -  адамдарды вирусты кене шаққан кезде, кенені жалаң қолмен езу – жаншу кезінде адамдарда дене қызуы көтеріледі, бас, буын және бел ауырады, науқастан қан (мұрын, тістің қызыл еті) кету, лоқсу, құсу, денеде қан бөртпелері байқалады. 

Осы ретте көбінесе адамдар өз денсаулықтарына немқұрайлық танытып жатады яғни, індеттің клиникалық белгілері адамдарда дене қызуы көтеріліп, бас, буын және бел ауырып, қан  (мұрын, тістің қызыл еті) кету, лоқсу, құсу, денеде қан бөртпелері байқалғанда көбінесе ауа – райымен, тағамнан уланудан салқын тигізумен байланыстыру жиі кездесіп, денсаулықтары күрт нашарлаған кезде медициналық көмекке кеш жүгінеді, сол себепті Конго Қырым геморрагиялық қызбасынан өлім жағдайы тіркелуде.

Бұл індеттің алдын алу үшін жыл сайын Шымкент қаласы мен Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 15000 жуық кене сынамасы зерттелініп, Конго Қырым геморрагиялық қызбасының вирусы кенелерден анықталуда.

Кенелердің санын азайту мақсатында Конго Қырым геморрагиялық қызбасына қолайсыз елді мекендерде мал қораларын және маңайын, үй ішін т.б. кенеге қарсы дезинсекция жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл жұмысқа мал шаруашылығы қызметкерлері (мамандары), әсіресе, сол жердің тұрғындары міндетті түрде қатысулары қажет. Сонымен қатар, тұрғын үйлерде, мал қораларында кенелердің болмауын қадағалау керек.

Кене шаққан жағдайда вирустың берілуін тоқтату және  жұқтырудың алдын алу үшін жабысқан  кенені мүмкіндігінше тез алып тастау  керек. 

Ауырған адамдардың қаны үй заттарына жанасудан сақтанған жөн. Маңайдағы керексіз заттар, мал қораларындағы қи – қоқыстардан тазартылу қажет. Малды механикаландырылған шомылдырғыштарда (купка) тоғытқан дұрыс. Мал қораларын, сарайларды дезинсекциялау керек. Бұл жұмыстар міндетті түрде мамандардың бақылауымен жүзеге асырылуы шарт.

Кенені алып тастаудың қарапайым әрекеттері: 

  • ешқашан кенені жалаң қолмен  ұстамаңыз;
  • кенені алып тастағанда қолғап  кию қажет;
  • қарапайым қысқашпен өзіңіздің теріңізге  мүмкіндігінше жақынырақ кенені ұстап  алыңыз. Қысқашты қатты қыспай (кенені  езіп алмас үшін), абайлап және ұқыпты  (теңселтпей, жұлқыламай) тартыңыз; 
  • алынған кенені сыйымдылыққа салып,  оны қақпақпен тығыз жабыңыз; 
  • кене алынған жерді спиртпен сүртіңіз;
  • тез арада медициналық көмекке жүгінген дұрыс. 

Әр адам жеке басының қауіпсіздігін сақтау және кенеден қорғану үшін - табиғатқа шығатын тұрғындар мен саяхатшылар ұзын жеңді көйлек киіп, жеңдерін түймелеп, ұзын балақты шалбарды шұлықтармен қымтап кию керек, аяқкиім, баскиім киіп, өзімен бірге дененің ашық жерлеріне себетін медициналық дәрілік заттарды алып жүру қажет және өзінің қасындағы адамдардың денесінде кененің бар жоғын жиі тексеріп отыру керек.

Естеріңізде болсын, жеке бастың сақтық шараларын сақтай отырып және медициналық көмекке дер кезінде жүгінген жағдайда ғана ауруды ауыздықтай аламыз.

ҚР ДСМ «ҚДСҰО» ШЖҚ РМК

«СЭСжМҒПО» филиалы

аса қауіпті инфекциялар мониторингі

   бөлімінің зоологы   

 Ө. Б. Үсенов