Аптаның алғашқы күні қазақ әдебиеті үшін қуанышты хабармен басталды. Мәдениеттің ошағына айналған Алматы шаһарында қазіргі Қазақстан туралы романдар байқауының 3-маусымының жеңімпазы анықталды. Тәуелсіз бәйгенің ең бір ерекше тұсы да сол, жеңімпазға өмір бойы ай сайын 500 АҚШ доллар көлемінде сыйақы төленеді.
Жеті жыл жазылған роман үздік атанды
1,291
оқылды

Әдебиет майданында қалам тербеп жүрген ақын-жазушыларға деген мұндай маңызы орасан қолдауды ұйымдас­тыру үшін қазақстандық «Freedom Finance Life» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ-мен келісімшарт жасалған. Жобаның меценаты, танымал қазақстандық қаржыгер – Тимур Турлов. Одан бөлек, Freedom Finance Global PLC, Freedom Shapagat корпоративтік қоры қолдау көрсетті. Байқау қатысушыларына қойылған басты талап – ұсынылған шығарма бұрын-соңды еш жерде жарияланбауға тиіс.

Ұйымдастырушылар тарапына жал­пы саны 40 қолжазба келіп түскен. Оның 17-сі қазақ тілінде, 23-і орыс ті­­­­лінде жазылған. Бәйгеге қатысуға ниет танытқан авторлардың арасында 10-ға жуық кәсіби жазушы, 7 әйел, 2 уни­вер­ситет студенті бар. Ридерлер мен су­пер ридерлер тобының екі аптаға созыл­ған жұмыс қорытындысынан кейін 3 қа­зақ және 3 орыстілді роман таңдап алын­ған. Олардың қатарында «Көктегі кө­­­леңке» (Темірлан Қылышбек), «Құндыз» (Гүлсара Райымқұлова), «Өмір бәй­терегі» (Сәуле Досжан), «Алмас есік­тер» (Эльдар Воронцов), «Аманта Сари немесе алқызыл және ақ раушан­дар соғысы» (Нұрлан Тоқсанов), «Ора­лу» (Әсел Омар) романдары бар.  Бай­қауға келіп түскен шығармалардың арасынан үздік деп танылған роман авторы осыған дейін www.mecenat.kz әдеби байқауының қорғалған сайтында оқырмандардың дауыс беруі нәтижесінде жеңіске жетті. Байқау ашық әрі әділ өтуі үшін жоба ұйымдастырушылары бір­қатар негізгі принципті алға қойған. Әдеби сыйлық мемлекеттік бюджеттен тәуелсіз, сондай-ақ жасырын және ашық мүдделер қақтығысы болмас үшін романдарды саралайтын әділ қазылар ал­қасы бекітілмеген. Есесіне қазылар ал­қасының жауапты рөлін оқырман дауысы атқарады. Ұйымдастырушылар мұнда оқырман дауысын мұқият тексеру де назардан тыс қалмағанын жеткізді. 

Сонымен оқырман таңдауының нәтижесінде Еңбек сіңірген қайраткер, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Сәуле Досжанның «Өмір бәйтерегі» романы Қазақстан туралы ең үздік романдар байқауында кіл мықтылардың арасынан топ жарып, 3-маусымның жеңімпазы деп танылды. Енді роман авторы өмір бойы ай сайын 500 АҚШ доллар мөлшерінде сыйақы алып отырады. Жоба меценаты Тимур Турлов өз бейнеүндеуінде Mecenat.kz жобасы жеңімпазының есімін жариялап, Сәуле Досжанды айтулы жеңісімен құттықтады. Ал Темірлан Қылышбектің «Көктегі көлеңке» романы байқау нәтижесінің екінші сатысына жайғасты.  Ерлан Асқарбеков авторға өз атынан 500 000 теңге көлемінде бір реттік сыйақыны табыстады. Онымен қоса, Ерлан Асқарбеков Mecenat.kz әдеби сыйлығының 4-маусымын ресми түрде ашық деп жариялады. Байқауға романдардың қолжазбасын қабылдау келер жылдың 15 наурызына дейін жалғасады. 

– Еңбегім жанып, әдеби байқаудың үшінші маусымының жеңімпазы атанып отырғаныма қуаныштымын. «Өмір бәйтерегі» романын биылғы жылмен есептегенде жеті жыл жазыппын. Ұлттық кодымызды, қан тазалығын, әлемде қазақта ғана бар «жеті ата» деп аталатын шежіренің дала төлқұжаты екенін дәлелдеп, қазіргі жастарға түсіндіру үшін әр тарауын жеті қайтара оқып шықтым. Әрі бұл менің шығармашылық тәжірибем толысқанда жазған жетінші романым. Бұл романдар байқауы ғой. Адам өзінің шығармашылықтағы жеңісін бәйгеге түскенде ғана біледі. Егер бәйгенің алдында келсең, ол сенің еңбегіңнің жемісті болғаны, – дейді жоба жеңімпазы С.Досжан. 

Жазушы, Mecenat.kz сыйлығының 2-маусымының жеңімпазы Тұрысбек Сәукетаев та «Өмір бәйтерегі» романының терең мазмұнына тоқтала келе, шығарманың қазақ өміріндегі маңызын атап өтті.

– Бұл роман – біздің қазақы болмы­сымызды жан-жақты суреттеген шығарма. Мұнда Нұржан мен Мөлдір есімді екі жастың махаббаты айтылады. Мөлдір жігітті ата-анасына әкеліп та­ныс­тыр­ғанда, Нұржан өзінің жеті атасын біл­мейді. Қыздың ата-анасы жігіттің әке­сіз туғанын естиді. Сонда қыздың әке­сі жеті атасын білмейтін жігітке рұқ­сатын бермейтінін айтады. Романда баланың өмірге келуі баяндалып, соңын­да өз әкесін табуы суреттеледі. «Өмір бәйтерегі» – қазақ өміріндегі же­ті атаның маңызы, қазақы тұрмыс, да­­лалық өмірдің сипаты туралы баянда­латын шығарма, – дейді Т.Сәукетаев.

Биыл үшінші мәрте ұйымдастыры­лып отырған Mecenat.kz жобасының мақ­­саты – қазақстандық көркем әдебиетті дамыту, кітап оқырмандарының ын­­тасын арттыру, сондай-ақ жазу­шылар­дың кәсіби деңгейін көтеру және олардың шығармаларын әлемдік кітап нарығына шығару. 2022 жылы «Күлпет» романының авторы Шархан Қазығұл үздік атанса, 2023 жылы «Өлгендер қайтып келеді» романының авторы Тұрысбек Сәукетаев жеңімпаз деп танылған еді. Бүгінде қос жазушының байқауда жеңіске жеткізген шығармалары талғамы биік оқырманның жоғары бағасына ие болып келеді. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы