Мемлекет басшысы «Әді­лет­ті Қазақстан: заң мен тәр­тіп, экономикалық өсім, қо­ғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономиканың дамуына дем беретін өзекті мәселелерге тоқталып өтті.
Бауыржан Ысқақов, экономист: Өндірушілер ғана мемлекет жеңілдігіне ие болады
3,109
оқылды

Ендігі кезекте халық Үкіметтен қаржы секторына қатысты қарқынды реформалар мен Ұлттық қор қаражатын тиімді басқару тетіктерін, агроөнеркәсіп кешеніне жеңілдетілген несиені арттыру шараларын жүзеге асырылуын күтеді. Ал бұл жайында тәуел­сіз сарапшы, экономист Бауыр­жан Ысқақов  пікір білдірген еді. 

– Биылғы Жолдаудағы қаржы секторына қатысты елеулі жаңалықтың бірі банк туралы заң қабылдау болды. Бұл саланы реформалауға қаншалықты көмектеседі?

– Президент өзінің биылғы Жолдауында банк саласын реформалау, жалпы банк туралы заңның қабылдануы қажет деген ұсыныс тастады. Бұл шынында да өзекті мәселе, өйткені дәл қазір екінші деңгейлі банктер шағын және орта бизнеске несие бергеннен гөрі халыққа тұтынушылық несие бе­румен айналысып кеткенін көріп жүрміз. Мысалы, қазір алдыңғы қатарлы екінші деңгейлі банктердің алдындағы қарапайым халықтың тұтынушылық несиесінің көлемі он екі триллион асқан. Бұл дегеніміз – жалпы еңбекке жарамды 9 млн 2 жүз мың адамның 7 млн 8 жүз мыңында несиесі бар екенін білдіреді. Елімізде 2 миллионға жетер-жетпес адамның ғана несиесі жоқ. Демек, еңбекке жарамды халықтың 85 пайызы несиемен қамтылған деуге болады. Ал оның жартысында 90 күннен асып кеткен несие берешектері бар, яғни проблемалық несиелер. Негізі, бұл үлкен әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Бұл халықтың төлем қабілеттілігінің дәрежесі мен мемлекеттің әртүрлі әлеуметтік бағдарламасының да нәтижесін көрсетіп отыр. Бұл мәселелердің түп тамырында халықты жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтін бағдарламалар тұр. Егер банктер әр өңірлердегі өндіріс ошақтарын несиелендірумен айналысса, сол арқылы ішкі ресурстарымызды қамтамасыз ететін тауар шығарып, онда өзіміздің қазақстандықтар жұмыс істейтін болса, азаматтарымыз өз қажеттіліктерін несиемен емес, еңбекақысымен жабуға мүмкіндік алар еді. Президент атап өткен банк саласын реформалау мәселесінің түбірінде банктердің несие портфелінің пропорциясын ауыстыру мәселесі тұр. Қазір бұл портфельдің 40 пайызы ғана экономиканы несиелендіруге жұмсалған, ал 60 пайыздан астамы – тұтынушылық несие. Біз осы көрсеткішті керісінше аударуымыз керек. Банктер неғұрлым әртүрлі индустрия­лық бағдарламаны несиелендірсе, экономикалық өсім де соғұрлым ұлғая­ды. Президент айтқан Банк туралы заңның негізгі мақсаты – осы. Бізге сырт­тан келетін әр түрлі банктік өнімнің де қазіргі қызмет істеп жатқан банктің де кері әсері тиіп отыр. Егер экономиканың дамуына серпін беретін Банк туралы заң қабылдаса, әлемдік цифрландыруға және өзге де технологиялардың дамуына байланысты процестің барлығы да сол заңның аясында жұмыс істер еді. Осылайша, экономикаға тың серпіліс береді. Ал дәл қазіргі «Банктер және банк қызметі туралы» заң уақыт талабына сәйкес келмейді. Президент осы мәселені ашып айтты. 

– Ұлттық қор қаражатын тиімді басқару туралы осыған дейін де талай сөз болды. Жалпы, қор қаражатын тиімді басқаруды қалай түсінеміз? 

– Ұлттық қор – әрқашанда халықтың назарында. Дегенмен бүгінде онда 55 млрд АҚШ долларға жуық қаражат бар. Оған 30 миллиардқа жуық алтын резервін қоссақ, 90 миллиард АҚШ долларына тең деп айтамыз. Бірақ соңғы кезде Ұлттық қордың тиімсіз жұмыс істеп жатқанын байқауға болады. Оған қор қаражатын инвестициялаған компаниялардан түсетін акциялардың әлі де дивидендтерінің аздығы себеп. Шамамен, 6-7 пайыз ғана түсім әкеліп отыр деп айта аламыз. Осы халықтың қаражаты қандай мемлекеттердің қан­дай ірі компанияларында орналастырылғаны туралы ақпарат жоқ. Яғни, олар тиімді акцияларға салынған ба, әлде мүлдем банкротқа ұшыраған не­­­месе табысы жоқ компанияларға салынған ба деген сұраққа ешкім жауап ала алмайды. Қор қаражатының орналасу ережесі тәр­тібі туралы ақпарат болмағандықтан, тиімді-тиімсіз екенін де ешкім білмейді. Ал Ұлттық қорды басқару тиімділігін арттыру үшін оған жауап беретін органдардың есептілігін көруіміз керек. Егер де ол тиімсіз салада болатын болса, керісінше, шетелдік әріптестерімен бірге, мысалы Норвегия сияқты мемлекеттердің тәжірибесіне көшуді қалыптастыруымыз керек. Өйткені бұл елдегі ұлттық қордың қаражаты жоғары табыс әкелетін компанияларда орналасқан. Сонымен қатар жылына кем дегенде екі рет халық алдында есеп берілсе деймін. 

– Ал Салық кодексін қабылдау мерзімін шегеруге не себеп болды деп ойлайсыз?

– Енді Салық кодексін қабылдау мерзімінің тағы да бір жылға созылуы билік пен бизнестің арасында бір ымыраға келу нүктесі қойылған жоқ деп айтуға болады. Бізде бюджеттің кіріс бөлігі, жалпы салықтық түсімдер – 21 трлн теңге. Ал әртүрлі 400-ге жуық салықтық жеңілдіктерді ұсына отырып, бюджет бір жылда түсуі керек 7 трлн теңгеге жуық қаражаттан қағылады екен. Дегенмен сол мекемелердің арасында бірнеше жылдан бері салықтық жеңілдік алып, бірақ соған сәйкесінше нәтиже беретін жұмыс орындарын ашып, өнім өндіретін кәсіпорындардың саны аз. Яғни, мемлекеттен үлкен жеңілдік алса да қайтарымы болмай жатқан кәсіпорынның қарасы өте көп. Сол үшін Президент осындай шикіліктерді байқап, салық жобасын қайтадан жетілдіруге жіберіп отыр. Бұл дұрыс, өйткені кодекс жыл сайын өзгере бермеуі керек. Өйткені ол жыл сайын өзгере беретін болса, біздің ин­вести­ци­я­­лық климатқа, іскерлік әлеуетке де кері әсерін тигізеді. Сол үшін де бұл кодексті бизнеске ыңғайлы және көлеңкелі экономикаға кетіп қалмаудың алдын алатын және де мемлекеттің өзіне пайдалы салық түсімдерін көбейтуге мүмкіндік беретін құжат күйінде қабылдауымыз керек. 

– Жолдауда айтылған тағы бір маңызды мәселе – ауыл шаруашы­лығын субсидиялауды қысқартып, жеңілдетілген несиеге басымдық беру. Мұның тиімді тұсы қандай?

– Ауыл шаруашылығын субсидия­лауды қысқарту мәселесі ықтиярсыздықтан немесе басқа мүмкіншіліктің болмауынан жасалып отыр. Осы уақытқа дейін көптеген ірі жер иеленушісін субсидиялап келдік, бірақ соған сәйкес кері байланыс та болмады. Ал субсидияның өзі мемлекетке үлкен ауыртпашылық салады. Сондықтан ауыл шаруашылығындағы өнім өнді­рушілердің жауапкершілігін арттыру үшін, сондай-ақ берілген қаражаттың қайтарымы болуы үшін жеңілдетілген несие беру мәселесінің туындауы заңдылық. Банктің алдында арзан несие алған жағдайдың өзінде оның қайтарымы бар. Несие алушылар соған сәйкес жұмыс істейді, қыз­мет көрсетеді. Бұл жерде Агробанк сияқты да бір арнайы қаржы институты ашылуы керек сияқты. Қазір ауыл шаруашылығын субсидиялау немесе несиелендіру екінші деңгейлі банктермен немесе арнайы агронесиелік корпорация сияқты қаржы институттары арқылы жүзеге асады. Бірақ мұнда бірізділдіктің болмауы нәтижені көруге мүмкіндік бермейді. Сол үшін де Агробанк сияқты арнайы орган ашылатын болса, онда қаржының қайда кеткенін де, оның қалай игеріліп, қалай пайда тауып жатқанын да байқауға болады. Яғни, мемлекеттен берілген әрбір тиын жұмыс орындары ашылып, салық төлейтін база қалыптасып 5-6 жылда еселеніп қайтуы керек. Жеңілдетілген несие беру кезінде де нақты қандай тұлғаларға, қандай салық төлеушілерге, кәсіпорындарға беріледі деген сияқты мәселелерді қарастыруымыз керек. Ол нақты экономикаға өнім өндіретін кәсіппен айналысатын болса ғана осы жеңілдікке ие болады. Ал ақшаны алып әрі қарай ешқандай да өзгеріс жасамайтын ауылшаруашылық өндірушілеріне бұл жеңілдіктер тоқтап қалатындай тетіктері қарастырылуы керек деп ойлаймын.

– Одан бөлек, Президент әлеуметтік әмиян мәселесін қозғады. Бұл әлеуметтік салаға бөлінетін қаражатты үнемдеуге қалай көмектеседі деп ойлайсыз?

– Мемлекет басшысының президенттік сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік мәселеге аса назар аударғанын байқаған едік. Бюджеттің 40 пайыз­дан астамы әлеуметтік жоба шығындарына қарай бағытталғаны – соның көрсеткіші. Әрине, бұл мынау Әділетті Қазақстан орнату кезінде жалпы халықтың жағдайын ойлауға өте тиімді. Бірақ бізде әлі де болса мемлекеттен бе­­ріліп жатқан қаражатты заңсыз немесе ретсіз де пайдаланып қалатындардың қатары көбеюде. Бұл – масылдық психология. Мысалы, ауылдық жерлерде көпбалалы отбасы ретінде, жұмыссыз ретінде тіркеліп, ешқандай жұмыс іс­те­мей, сол балаларға берілетін жәрдемақымен, жұмыссыздыққа берілетін қаражатпен жан бағып отырған азамат өте көп. Олардың пікірінше, барып күзетші болып немесе басқа жерге барып 150-200 мыңға жұмыс істегенше сол мемлекеттен берілетін жәрдемақымен өмір сүруге болады. Осындай кері әсер­­­­­лердің нәтижесінде кейінгі уақытта «әлеуметтік әмиян» деген көзқарас қалыптасып келеді. Сол арқылы мемлекет беріліп жатқан әлеуметтік көмектердің мақсатты жұмсалуын қадағалайды. Болашақта мемлекетке, экономикаға пайдасы жоқ ешқандай да жұмыс істемейтін, салық төлемей, зейнетақы төлемдерін жасамайтын азаматтарды есепке алып, әрі қарай солармен жұмыс істеуге жол ашады. Мемлекетке ешқандай пайда әкелмей, тек жәрдемақымен күн көретін азаматтардың көбеюі күн санап өсіп жатыр. Бұл үлкен әлеуметтік мәселеге айналуы мүмкін. Ол өз кезегінде экономикаға артық салмақ салады. Осындай экономикадағы түсініксіз жайттардың алдын алу үшін де әлеуметтік әмиянның қалыптасуы – уақыт күттірмейтін мәселе.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

 Кәмила ЕРКІН